Әдебиет • 11 Қыркүйек, 2018

Қасқырдан құтқарған қулық

566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қасқырдан құтқарған қулық

Біздің ауылда Тұрмахан деген аңшы, сері, әңгімеші кісі бар еді. Бірде Тұрекеңе Құрман­ғазы Қызыханов деген шопан жігіт жо­лығып қалыпты. Құр­манға­зы­ның көптен бері Тұрекеңе жолық­қанда айтармын деген сауалы бар екен. Кездесе кеткен соң: – Тұреке, менің сізден сұ­райын деп жүрген сауалым бар еді. Осы уақытқа дейін менің ша­руашылығымды ит-құс әбден мазалап болды. Бас-аяғы он сиырымды жеп кетті. Соған қарсы қояр қандай шараңыз, айтар ке­ңе­сі­ңіз бар. Сіз өзіңіз аңшысыз ғой, – дейді шарасы таусылған Құр­ман­­ғазы.

Сәл ойланып тұрып Тұрекең: – Құрманғазы сен былай істе, ең дұрысы, қалаға барсаң дүкендердің айнасының ішінде қызылды-жасылды киінген қыздардың ма­кеті тұрады ғой соның бі­реуін әкеліп сиырға мінгізіп қой, дейді. Естіп тұрған жұрт жапа­тармағай күлкіге айналдырады. Оншақты малынан айырылған Құрманғазы «Тұрекең әзілге айналдырғаны несі?» дейді іштей ренжіп. Мал­ды ауылға барған соң оңаша қалған сәтте Құрманғазының Тұрмахан ағасының айтқан амалы қайта-қайта есіне түсе береді. Содан ақыры «Тәуекел!» деп сиырдың үстіне адамның сұлбасын отырғызбақ болып іске кіріседі. Алдымен паданың соңында жүретін жуас­тау бір сиырды ұстап алып, оған құр орыс ерді ерттейді. Құр ерден шошып ала шапқын болып біршама уақыт мөңкіген сиыр баласы екі-үш күнде біртіндеп бойы үйрене бастайды. Содан соң қалың сымнан адамның сұлбасын жасап, ерге мықтап бекітіп, оған жаман киімдерді кигізіп қояды. Арада бір апта өткенде паданың алдын бермейтін асаулау сиырды да ұстап алып оны да үйретіп алады. Құрманғазыға қиындық тудырған бір мәселе, сиыр үстіндегі тұлып­тан құтылу үшін көрінген ағашқа, бұтақтарға сүйкеніп үстіндегі сұлбаны бүлдіріп тастайтыны еді. Құрманғазы оған да амал тауып сұлбаны резинамен тар­тып қояды. Бұтаққа ілініп шалқайған сұлба бұтақтан өткен соң резинаның көмегімен қайта орнына келеді. Сол күндерден бастап Құрманғазы қасқыр деген пәледен құтыла бас­тайды. Сиырлары да ауылдан алысқа ұзап жайылады. Таң азаннан паданың соңында жүретін көмек­шісінің де қолы босап, қораның ішкі жұмысына кіріседі. 

Ал қасекең болса «мына қазе­кеңнің сиырын жеу қиын болды ғой. Қашан көрсең бірі алдында, бірі соңында паданы екі адам жайып жүретін болды. Жақындасам оққа ұшармын» деді ме, құмдағы қасқыр атаулы Құрманғазының сиырларына жоламайтын болды. Ақырында Құрманғазы ауылдың шетінде жүретін 50-60 шақты малының ішінде жүретін сұр есекке де бір адамның сұлбасын орнатып қояды. Енді майда малына да арнайы адамның қажеті болмай қалады. Құрманғазы өткен жолы идея авторы Тұрмахан ағасының үйіне арнайы келіп рахметін айтып, сәлем-сауқатын тапсырып, иығына шапанын жауып кетіпті. 

– Енді осы мәселені өнертап­қыштар одан әрі қарай жандандырып, жетілдіріп ішінде арнайы дауыс шығаратын аппараты бар шопан-робот ойлап тапса, әрі бұл құрылғы кез келген шаруаның қалтасы көтерердей бағасы арзан болса дұрыс болар еді, – дейді Құр­манғазы бауы­рымыз. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, осы бір кіш­кентай жаңалық шағын ауылдан шартарапқа лезде жайылды.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

Түркістан облысы,

Созақ ауданы