Өнер • 11 Қыркүйек, 2018

Ақтық сынға өткендер Алатауға аттанады

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде «Junior Eurovision» республикалық балалар байқауының финалистерін хабарлауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Хабар» агенттігі» АҚ төрағасы Алан Әжібаев, төраға орынбасары Ринат Кертаев, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева қатысып, жүзден жүйрік, шыққан қатысушылардың есімдерін атады.  

Ақтық сынға өткендер Алатауға аттанады

Олардың ішінде Зере Әмір­бекова, Динар Нәдірбекова, Сүй­кім Қабылбек, Данэлия Төле­шова, Ержан Максим, Мария Затвар­ниц­кая, Мейіржан Жидебай, Жа­нелья Қалдыбек, Санат Асуат, Бинура Саудабай бар. 

Іріктеуден іркілмей өтіп, ақтық сынға жолдама ал­ған өнерпаздар Алматы қаласында өтетін гала-концерт­ке дайындықты бастайды, аталған шара қала күніне орай 22 қыркүйекте шаһар әкімдігінің қолдауымен жүзеге асады.

«Негізгі мақсат балалардың ішін­дегі ең талантты, ең дарынды әншімізді халықаралық жарысқа аттандыру. Халықаралық жарыс Беларусь елінде өтетін бол­ғандықтан, конкурстың форматы ерекше болатыны белгілі. Орындалатын шығармалардың деңгейін білу керек. Және біздің орындаушымыз өзінің образы, сахнадағы қозғалысы, мінез-құлқы, образға кіріп орын­даушылығы, сонымен қатар балалық, сәбилік нәзіктігін де сақтап, ерекше сымбатты көрін­се, ол бала жүлдесіз оралмайды», деді Роза Рымбаева.

Алматы қаласында өтетін гала-концертті «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ал көрермендер өздеріне ұнаған қатысушыға смс-хабарлама жолдап және телефон арқылы хабарласып дауыс бере алады. Сондай-ақ дауыс беруге қазылар алқасы да қатысады. Жеңімпаз халық дауысы және қазылардың ортақ шешімімен анықталады. Сонымен қатар шарада отандық музыка саласының әртістері де өнер көрсетеді деп жос­парлануда. 

Концерт аяқталған соң же­ңімпаз 25 қараша күні Минск қаласында өтетін финалға дайындалады. 

Айта кететін тағы бір жайт, рес­публикалық ірік­теу­­ге өтінімдер 1-31 тамыз ара­лы­ғында khabar.kz сайты ар­­қылы қабылданған болатын. Жалпы саны 134 үміткер өті­­ніш білдірген. Қыркүйек айы­ның басында 11 адамнан құ­рал­ған қазылар алқасы ұлт­тық іріктеудің финалистерін анық­тады. Олардың құрамында Роза Рымбаева, Мей­рамбек Бес­паев, Тамара Асар, Бағым Мұ­хитденова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ренат Гай­син, Ләй­лә Сұлтанқызы, Мә­дина Садуа­қа­сова, Димаш Құдай­бер­ген және Алан Әжібаев бар.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»