Бизнес • 11 Қыркүйек, 2018

Санкцияның салдары сөзсіз сезіледі

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдік БАҚ-тардағы басты тақырып ретінде антиресейлік санкциялардың тым қызу талқыланып жатқанына біраз болды. Сауда саласындағы басты әріптесіміз ретінде, көрші елге қатысты ахуалдың бізді де шарпитыны түсінікті. Ұлттық банк төрағасы алдағы жылы ұлттық валютамыздың инфляцияға ұшырау дәлізінің кең болу мүмкіндігіне де санкцияның салқыны тиюі ықтималдығын айтқаннан кейін бұл тақырып біздің елде де өрши түсті. 

Санкцияның салдары сөзсіз сезіледі

Биылғы жылдың қаңтар-мау­сым айларында Қазақстанның Еу­ра­зиялық экономикалық одақ ел­дерімен арадағы өзара сауда көле­мі 8,868 миллиард долларды құ­рап, өткен жылдың осы кезеңдегі көрсеткішінен асып түсті. Бір айта кетерлігі, осы сауда көлемінің 92 проценті Ресеймен арадағы байланыстарға тиесілі екен. 

Каспий төңірегіндегі елдермен экономикалық байланыс қаншалықты күшейді дегеннің өзінде, тағы да Ресейдің үлесі 95 процентке жетіп, 16 миллиард долларды құрады. Сыртқы сауда қарқынды дамып келе жатыр деген Иранмен арадағы көрсеткіш 0,5 миллиард доллардан сәл-ақ асады. Мұның барлығы Қазақстан үшін антиресейлік санкциялардан соғатын дауылды күшейте түсетіні түсінікті.

Сарапшы Жанат Момын­құ­лов­тың пікірінше, қазіргі эконо­микалық санкцияның мақсаты нысанаға алынған мемлекеттің саясатына ықпал етіп, элитасының мінез-құлқына қысым жасау, сөйтіп алған бағытынан бас тарт­қызу екені мәлім. 2014 жылы Ре­сей Қырымды өзіне қосып алғанда АҚШ пен Еуропа одағы алғашқы санкцияларды жариялады. Бұл сек­торалды санкциялар Ресей эконо­микасын құлдыратудан гөрі, атал­ған мемлекеттің аймақтағы әскери іс-қимылын тежеп, Минск шартын орындатқызуға бағытталды. 

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстанның валюта бағамына сыртқы нарықтан белгілі әсерлер болғанын жасырмау керек. Аймақ үшін ең өзекті мәселе аталған көлемді санк­цияларға қарсы ұжымдық шара­ларға қатысты болуы ықтимал. Сон­дықтан бұл санкциялар пакеті күрделі болғандықтан Ресей­мен тығыз экономикалық байла­ныс­тағы Қазақстан өз мүдде­лерін бірінші орынға қоюы тиіс, – дейді сарапшы. 

Биыл АҚШ Ресейге қарсы бір­не­ше дипломатиялық, эконо­ми­ка­лық қысым жасау шаралар ке­шенін ойластырып, оның біразын жүзеге асыра бастағаны белгілі.

– Алдағы қараша айында енгі­зілетін қосымша санкциялар ауыр болатын сияқты. Бірін­шіден, бұл санкция маңызды өндіріс салаларына бағытталады. Оның екінші бір бөлігі жекелеген ірі саясаткерлерге қарсы болмақ. Санкциялар әсіресе, Ұлы­британиядағы Скрипаль оқиғасынан кейін қатты өршіп барады. Мұндай қадам­дар Ресей экономикасын әлемдік экономикадан оқшау­лауға бағытталуы мүмкін. Санкция­ларды еш нәтиже берген жоқ деп айтуға болмайды. Рубль ба­ғамы құлдырап, ұлттық экономи­каға қысым күшейді. Мұның бар­лығы көршілес елдерге де әсер ете бастады, – дейді сарапшы. 

Алдағы уақытта Ресейдің энер­гетика, технология, қорға­ныс, қаржы салалары белгілі дең­гейде зиян шегеді. Ең сезімтал салалар ретінде банктік және технологиялық операцияларға көбірек залал келуі мүмкін. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»