Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Үкіметте халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі қаралды

555 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Н. Маубелинова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары баяндады.

Үкіметте халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі қаралды

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев педагогикалық құрам мен ата-аналардың ақпараттық жүйені қолданудағы біліктілігін арттыру үшін министрлік жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Жыл сайын мұғалімдер ақпарттық-коммуникациялық технологияларды қолдану біліктіліктігін жетілдіру курстарына қатысады.

Аталмыш оқыту кезінде цифрлық технологияның дамуы мен оны қолдану аясының кеңеюіне байланысты оқу құралдарының мазмұнын жақсарту мәселесі де қарастырылады. Мысалы, «Күнделік», Жалпыұлттық білім беру жүйесі, BilimLand, Сапа менеджменті жүйесі сынды мобильді қосымшалары мен білім беру ресурстарын дұрыс қолдану курстарында ұстаздар білімдерін толықтырып тұрады.    

Сондай-ақ, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастырып, тәжірибе алмасып, педагогтар бір-бірімен әлеуметтік желі мен чаттарда тәжірибесімен бөлісу үшін қоғамдық желілер де құрылып жатыр.

«Оқу үрдісіне автоматтандырылған ақпараттық жүйенің келуі ұстаздармен қатар, ата-аналарды да оқыту қажеттілігін тудырып отыр. Мысалы, биылғы өткен республикалық ата-аналар жиналысында 1,6 млн ата-анаға білім беретін ақпараттық жүйелерді қолдану, ата-аналар чатын ашу, мемлекеттік қызметті автоматтандыру, түрлі мобильді қосымшалармен жұмыс істеу механизмі көрсетілді», — деді білім және ғылым министрі.  

Ал денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында медицина қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығы мен денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді игеруі үшін мамандар арнайы оқытылады. Қазір 740 денсаулық сақтау ұйымында 182 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«2018 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Министрліктің ақпараттық жүйелерімен жұмыс істеуді 44 869 дәрігер мен 118 035 орта медицина қызметкері үйренген. Компьютерлік сауаттылығын 46 282 дәрігер және 125 729 орта медицина қызметкері арттырды. Министрлік жыл соңына дейін барлық 182 мың қызметкерін оқытып, 100% көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар, емделушілер де денсаулық сақтау саласындағы веб\мобильді қосымшаларды қалай қолдану керектігін үйреніп жатыр.

Министрдің айтуынша, қазір 5 093 257 емделуші оқытылған, бұл — тіркелген халық санының 28,2 пайызы. Білімін арттырған емделушілердің 933 мыңнан астамы веб/мобильді қосымшаларды қолданып жүр.

Медициналық ұйымдарда 471 цифрлық сауаттылық бекеті құрылып, онда мамандар мобильді қосымшаларды орнатуды және электрондық денсаулық сақтау қызметтерін қалай пайдалану керектігін көрнекі түрде көрсетеді. Бұл емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайтып, емделушілерге өте ыңғайлы болары сөзсіз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова 2018 жылға 804 мың азаматты оқыту жоспарланғанын жеткізді. Бүгінгі күні 623 665 адам, оның ішінде цифрлық сауаттылық негізі мен министрліктің ақпараттық жүйесін 8143 әлеуметтік-еңбек саласы маманы меңгерген.

«Халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызды арналарының бірі – азаматтар мен жұмыс берушілерді электронды еңбек биржасына тарту. Азаматтардың көбі халықты жұмыспен қамту орталықтары және электрондық еңбек биржасы арқылы оқытылды, олардың саны – 535 695 адамды құрайды. Оның ішінде 255 333 жұмыс іздеуші жұмыс іздеудің электрондық форматына көшірілген, 64 771 жұмыс беруші бос жұмыс орындарын электрондық еңбек биржасында орналастырды және 215 591 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы оқытылды», — деп түсіндірді М. Әбілқасымова.

Өңірлер тұрғысынан жылдық жоспарды толық орындаған — Алматы мен Қостанай облыстары, сондай-ақ Ақтөбе облысының да көрсеткіші жоғары (97%). Орташадан төмен көрсеткіштер Қарағанды облысында (61%), Жамбыл облысында (61%) және Атырау облысында (44%) байқалды.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары А. Евниевтің айтуынша, фермерлерді цифрлық сауаттылық дағдыларына үйрету төрт бағыт бойынша жүргізілді: электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен жұмыс істеу, танаптардың электрондық карталарын толтыру, цифрлық технологиялармен жұмыс істеу, кооперативтерге ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесін қолдануға оқыту.

«Фермерлерге тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінім беру кезінде көрсетілетін қызметтерді қалай алу керектігін үйрету жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта 40 000 фермерді оқыту міндеті қойылды және бүгінгі таңда 29 623 фермер оқытылған. Бұл көрсеткіш тек бір мемлекеттік көрсетілетін қызметтен тұрады, бұл ретте жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы субсидияларын алу бойынша барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру көзделіп отыр», — деді А. Евниев.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында танаптардың электрондық карталарын толтыру бойынша 15 000 шаруаны оқыту міндеті тұрды. Қазіргі кезде 66 230 шаруа оқытылған.

Өз кезегінде, ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Нұргүл Мауберлинова биыл еліміздің барлық аймағында жергілікті атқарушы органдар оқыту курстарын өткізгенін жеткізді.

«Курстар басталғанда 500 мың адамды оқыту жоспарланған болатын. Маусым айынан бастап тамыз айына дейін 686 мыңнан астам адам оқытылды. Сонымен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыру «Қазпошта» және «Азаматтарға арналған үкімет» құралдары арқылы жүргізілді. Осылайша «Қазпоштаның» екі e-commerce орталықтарының базасында 765 мың адам электронды сауданы игерді. Мемлекеттік корпорацияның Connection Point базасында мемлекеттік қызметтерді «қашықтан» алу бойынша кеңес беру және оқыту жұмыстары өткізілді. Жалпы қамтылған халық саны 7 млн адам», — деді вице-министр.

Халықты оқыту электронды сауда қызметі бойынша тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алу, сату және ілгерілету, пәтер иелері кооперативтерінің онлайн-платформасын қолдану, онлайн-дүкендерді ашу және тағы басқа бағыттар бойынша жүргізілді. Оған қоса онлайн-бизнеске арналған құралдар мен жеңілдіктер жайлы шағын және орта бизнес өкілдеріне кеңес берілді.

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығына цифрландыру элементтерін енгізу, агробіліктіліктерді арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде ҰКП онлайн режимде AtamekenServices порталында сервистік қолдау көрсету бойынша 2000-нан астам қызмет көрсетті. Қағаз тасымалдаушыдан онлайн форматқа көшу кезеңінде кәсіпкерлерге Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қарастырылған, қазіргі таңда 189 Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары мен 25 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жанынан осындай аймақтар құрылған. Сондай-ақ, Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын басқару орталықтары іске қосылған, онда ШОБ қаржылық емес қолдаудың барлық түрі бойынша кеңес беріледі», — деді Э. Жұмағазиев.

Сондай-ақ, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаевтың және Қарағанды облысының әкімі Е. Қошановтың баяндамалары тыңдалды.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп халықты цифрлық сауаттылыққа оқытуды одан әрі жалғастыруды және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін ескере отырып жоспарлы индикаторларды қайта қарауды тапсырды.

Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен және өзге мүдделі мемлекеттік органдармен бірге салалардағы қажеттілікті ескере отырып, мамандарды оқыту және цифрлық сауаттылығын арттыру бағдарламаларын жаңарту тапсырылды.

Бақылау жұмыстары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.