Үкімет • 12 Қыркүйек, 2018

Игерілмеген бюджет қаражаты көп

457 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджетінің атқарылу қорытындылары қаралды.

Игерілмеген бюджет қаражаты көп

Сыртқы жағдайлардың әсері байқалады

Қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экономикасында оң өсу үрдісі сақ­тал­ған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім­деді. Алайда экономикалық даму әлем­дік нарықтардағы сын-тегеуріндер мен құбылулардың күшеюі жағдайында жүріп жатыр.

«Есепті кезеңде ІЖӨ өсуі 3,8%-ті құ­рады. Бұл ретте мақсатты 4%-ке жету үшін ай сайынғы өсімді ағымдағы жылдың соңына дейін орта есеппен 4,2% деңгейінде қамтамасыз ету қажет», деді Т.Сүлейменов. Ал әзірше әлемдік нарық­тың жайланар түрі байқалмайды. Яғни жыл қорытындысына  дейін 4 ай шамасында ғана уақыт қалғанын ескерсек, бұл межені игеру де оңайға соқпайын деп тұр.

Ұлттық экономика министрі бірқатар облыста өндіріс көрсеткіштерінің төмендегенін тілге тиек етті. «Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің төмендеуі байқалады. 1,1%-тен 3,9%-ке дейінгі қарқынмен республикалық мәннен төмен өсім Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді», деді министр.

Мәліметке сүйенсек, аталған өңір­лерде мұнай мен газ конденсатын, уран кенін өндіру, жүк вагондары және ұн өндірісі қысқартылған.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім өрістемей отыр. Көрсеткіштердің мардымсыз болуына негізінен былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда астық өнімдерін жинаудың тым аз болуы әсер еткен.  Ал сыртқы сауда айналымы жоғары өсім үрдісін тұрақты сақтап тұр. Бұл жеті айда 20,1%-ке ұлғайған. Экспорт 26%-ке өскен. Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 4,1%-ті құрады. Импорт 10,3%-ке өскен.

Министр сондай-ақ еңбек нарығында тұрақтылық сақталғанын жеткізді. Мә­селен, жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылған. Ал жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. «Қаңтар-шілдеде орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3%-ке өсті. Қаңтар-маусым айларындағы нақты ақшалай кірістер 1%-ке артты», деді Т.Сүлейменов.

Кіріс көлемі көңіл көншітеді

Бұрынғы Қаржы министрі Б.Сұлтанов өз кезегінде осы жылдың сегіз айында бюджеттің орындалуының негізгі көр­сеткіштері жақсы екендігін алға тартты. Мәлімдеуінше, мемлекеттік бюджетке (трансферттерсіз) 5,252 трлн теңге кіріс түскен. Бұл сома 2015 жылдың жалпы жылдық көлемінен 74 млрд теңгеге ар­тық. Экономиканың барлық саласында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, оның ішінде мұнай мен металл бағасының өсуі, кірістердің өсуіне бір­ден-бір себеп болған. Сондай-ақ бұған салықтық-кедендік әкімшілендіру рәсім­дері тиімділігінің артуы да ықпал еткен.

«Бюджеттердің барлық деңгейінде кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет – 104,7%, республикалық бюджет – 103,7% және жергілікті бюджет – 107%. Нақтыланған жоспардың жылдың аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергі жоқ», деді Б.Сұлтанов.

Инфляция икемге көнбей тұр

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақы­шев 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлар­ын­да инфляция 2,9%-ті құрағанын, бұл өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда төмен көрсеткіш екенін жеткізді.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы инфляция 5-7% мақ­сатты дәлізінде сақталады. Дегенмен, соң­ғы бірнеше айда сын-тегеуріндер артып келеді, бұл Ұлттық банк баға­лаған көрсеткіштен алдағы уақытта ин­фляцияның баяу төмендеуіне әкелмек.

«2019 жылы инфляция 4-7% дәлізінде, яғни шамамен 6% деңгейінде анықталған мақсатты дәліздің жоғарғы шегінде қа­лыптасады. Бұл сыртқы факторлардың әсеріне және ішкі жиынтық сұраныстың кеңеюіне байланысты. Осыған орай, инфляцияны мақсатты дәлізде ұстап тұру үшін қосымша шараларды қабылдау қажет», деді Д.Ақышев. Жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 10,25%-тен 9%-ке дейін төмендеген. Алайда Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдерді бағалау расталған жағдайда, ағымдағы жылдың соңына дейін ақша-несие шарттары қаталдана түсуі мүмкін екенін жеткізді.

Тапсырманы орындамағандар жазаланады

Премьер-Министр Б.Сағынтаев мә­селені талқылау қорытындысында орта­лық және жергілікті мемлекеттік орган­дарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ұлттық экономика, Қар­жы министрлерінің баяндамаларын тың­дағаннан кейін Премьер-Министр бюджеттік қаражаттар елеулі сомада игерілмей қалған министрліктерге нақ­ты талап қойды. Мәселен, Қорғаныс министрлігінде республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген қаражат сомасы – 15,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт ми­нистрлігінде – 11,1 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде – 10,9 млрд теңге, Ішкі істер министрлігінде – 9,5 млрд теңге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде – 5,7 млрд теңгені көрсеткен.

«Бұл өте үлкен қаражат сомасы, бұл ақшаға көптеген мектеп, ауруха­на, балабақша салып, жолдарды жөн­деуге болады. Бұл қаражаттар уақтылы иге­рілуі тиіс», деді Премьер-Министр. Иге­рілмеген қаражаттар ведомстволардың теңгерімінен алынып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын атап өтті.

Экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген өңірлерге де жекелей назар аударылды. «Мемлекет басшысы кемінде 4% өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8%-ті құрады. Ұлттық экономика министрі атап өткендей, жыл соңына дейін 4%-тен өсімге қол жеткізу үшін, бізге ай сайынғы өсімді орта есеппен 4%-тен жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп», деді Б.Сағынтаев. Сондай-ақ Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары А.Ма­миннің айтуына сәйкес, жұмыс тамыз айын­дағы демалыстарға және басқа да се­бептерге байланысты кешеуілдеп қал­ғанын атап өтті.  Сонымен қоса Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің экономикалық өсі­мінің төмендеуіне сыртқы нарықтағы факторлар мен құбылулар да әсер етіп отырғанын еске салды.

«Әрине, ішкі және сыртқы қолайсыз факторлар бар, алайда бұл тапсырмаларды орындамауға себеп емес. Бізде Президенттің тапсырмаларын іске асырып, осы жылды табысты аяқтай алатындай барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да бұл мәселеге мұқият жауапкершілікпен қарауды, әкімдерге жергілікті жерлерде мән-жайды анықтап, жұмысын тиісінше атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын. Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпаратты бір апта мерзімі ішінде Премьер-Министр Кеңсесіне ұсыныңыздар», деді Премьер-Министр.

Ұлттық экономика министрлігіне, мүд­делі мемлекеттік органдар мен Пре­мьер-Министр Кеңсесіне қыркүйектің соңына өңірлердің, банктердің, бизнес пен квазимемлекеттік сектордың қаты­суымен кеңес дайындауды тапсырды. 

Цифрлы сауаттылық артып келеді

Үкімет отырысында халықтың цифр­лы сауаттылығын арттыру мәселесі де қаралды. Бұл ретте Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақ­тау министрі Е.Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі М.Әбілқасымова, Ақпарат және коммуни­кациялар вице-министрі Н.Мау­белинова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді. Сондай-ақ халық­тың цифрлы сауаттылығын арттыру бойынша өңірлерде қолға алынған шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов хабарлады.

Қорытындысында Премьер-Министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп халықты цифрлы сауаттылыққа оқытуды одан әрі жалғастыруды және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін ескере отырып жоспарлы индикаторларды қайта қарауды тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен және өзге мүдделі мемлекеттік органдармен бірге салалардағы қажеттілікті ескере отырып, мамандарды оқыту және цифрлы сауаттылығын арттыру бағдарламаларын жаңарту қажеттігі айтылды.

Үкімет отырысында сонымен қатар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіру жайы қаралып, әзірленген заңнама жобасы бір ауыздан мақұлданды.

 

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар