Бизнес • 12 Қыркүйек, 2018

Астық операцияларына блокчейн технологиясы енгізіледі

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында «Дәлме-дәл егіншіліктегі инновациялық технологиялар» тақырыбында конференция өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев, Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев, сондай-ақ Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, салалық одақтар және бизнес өкілдері қатысты.

Астық операцияларына блокчейн технологиясы енгізіледі

А.Жұмағалиев өз баяндамасында ауылшаруашылық саласында жаңа технологияларды қолдану және цифрландыру оң нәтижелерге бастайтынын атап өтті. Яғни өнім қуаты артып, тиімділігі жоғарыламақ.

Елімізде бүгінде қанатқақты режімде смарт фермалар, электронды карталар және дәлме-дәл егіншілік жобалары іске қосылған. Соның арқасында алдағы уақытта шығын 25-30%-ке қысқарып, өнімділік 30-50%-ке артады деген болжам бар.

Цифрландыру аясында А.И.Ба­раев атындағы Астық ша­руа­шылығы ғылыми-өндірістік орт­а­­лығының тәжірибелік алқап­­тарында дәлме-дәл егінші­ліктегі алдыңғы қатарлы инно­ва­циялық технологиялар іске қо­сылуда. Ми­нистрлікпен бір­ле­сіп, АӨК дамуындағы бар­лық бағыт­тар негізінде құзы­ретті орта­лық­тар­ды құру бойын­ша жоспарлы жұ­мыстар жүргі­зі­луде. Универ­ситеттер, ҒЗИ және де тәжірибелік шаруашылықтар базасында осы технологияларды тиімді оқыту және тарату ұйымдастырылатын болады.

Дәлме-дәл егіншілік эле­мент­терін енгізу фермерлерге өнді­ріс тиімділігін айтарлықтай арт­тыруға мүмкіндік бермек. Осын­дай элементтерге ал­қаптар­дың электронды картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг және тағы басқа шешімдер жатады. Мұндай технологияларды іске қосу тыңайтқыштарды және қорғау құралдарын тиімді пайдалануға, ауылшаруашылық дақылдарының өнімін орташа есеппен 15%-ке жоғарылатуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Іс-шара барысында сондай-ақ Премьер-Министрдің орынба­сары Ө.Шөкеев дәлме-дәл егіншіліктің бір бөлігі саналатын алқаптардың электронды картасын құру аясында 23 млн га жер немесе жалпы егіс алқабының 95,9 процентіне есептеу жүргізілгенін атап өтті. Элек­тронды астық қолхаттарының жүйесіне астық балансының онлайн мониторингі, астық бағасы бойынша статистика, астық қабылдау пункттерінің рейтингі сияқты мәліметтер ен­гі­зілді. Қолдан жасалған астық қолхаттары алынып тасталған және фермерлердің шығыны жылына 700 млн теңгеге дейін төмендеген. Сонымен қатар биыл операциялардың қауіпсіз өтуі мақсатында «блокчейн» технологиясы енгізілген.

Атап өтілгендей, қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министр­лігі көрсететін 101 мемлекеттік қыз­меттің ішіндегі 61 қызмет ішін­ара және 1 қызмет толық авто­мат­тандырылған. 2018 жылдың соңы­на дейін 16 мем­лекеттік қыз­метті, ал 2022 жыл­ға дейін бар­лық мемлекеттік қыз­метті авто­мат­тандыру жоспар­ланып отыр. АӨК-ті цифрландыру бәсеке­ге қабілеттілік пен еңбек өнімді­лігін арттырып, азық-түлік қауіпсіз­дігін қамта­масыз етеді және де осы салаға инвестиция­ тарта түседі деп күтілуде. Оның жалпы экономикалық әсері 2025 жылға дейін 40 млрд теңгені құрамақ.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»