Тарих • 12 Қыркүйек, 2018

Қараторғайда қалған бабалар ізі

1013 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтымыздың өткен тарихына, оның ұмытыла бастаған дәстүрлеріне ұлттық тұрғыдан қайта қарауға себеп болған өте маңызды құжат деп айтуға болады.

Қараторғайда қалған бабалар ізі

Әсіресе мақаланың «Туған жер» бөлімі қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына, әрбір азаматтың өз туған жерінің тарихын білуге деген құлшынысының оянуына жол ашады. Себебі ұлттың рухани жағынан қайта жаңғыруы, алдымен, оның тарихымен, әдебиетімен, салт-дәстүрімен байланысты екендігі түсінікті. Оны Қазақ даласының қай жерінен болса да рухани құндылықтарымызға айналған қасиетті орындарын оқып-үйрену арқылы білуімізге болады.  

Ежелгі Торғай жері тарихқа толы десек артық айтқандық емес. Ол туралы деректер де жетерлік. Өткен тарих­қа көз жүгіртсек, алғаш рет 1771 жылы Н.Рычковтың Торғай мен Есіл дала­ларына жасаған сапарында жазған күн­де­лігінде қызықты материалдар ұшыра­сады. Н.Рычков Ұлытау мен Атбасар аумағындағы ескерткіштерді сипаттап, Есіл өзені бойындағы орасан зор үйінділер туралы айтып өтеді.

Ол Қараторғай өзені аңғарындағы алып обалардың кескініне таң-тамаша болып, құрылыстардың қалай тұрғы­зыл­ған­дығына түсінбей әрі таңданыс біл­діріп: «Мұндай алып құрылысты салу үшін қаншама адам қажет» деп жазды. Н.Рычков бұл обалардың мерзімін дәл анықтай алды, «обалар скиф патшасы немесе батырының құрметіне тұрғызылған» деп есептеді. Торғай өзенінің жоғарғы ағысы мен Арғанаты тауларынан Н.Рычков ескерткіштердің басқа түрлерін, соның ішінде көне қала мен ежелгі құрылыс қирандыларын да ашқан болатын. Оның жазбаларына қа­рағанда, қала ор және жалмен қор­шалған бекініс болып табылады: ол «төрт бұрышты қамал іспеттес... Шығыс жағынан әлі күнге дейін ағаш қақпалардың орны көрініп тұр», қақпа бекініс ішіне қарай жолды бастайды. Бұрынғы тереңдігін жоғалтқан әрі қазіргі күні жайылып кеткен жал мен ор бұл орынның көнелігінен хабардар етеді. Қала үстінде черепицалар мен тастардың қалдықтары көптеп жатыр».

Сөзімізді әрі қарай жалғасақ, кеңес заманында Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс аймақтары мей­лінше жан-жақты зерттелсе, орта­лық өңір, соның ішінде Торғай өңірі археологиялық зерттеулер аз жүргізілген аймаққа жатады. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2000 жыл­дардың басынан бері Қазақстанның рухани дамуын ілгері дамыту үшін орасан жұмыстар жүргізілгені белгілі. «Мәдени мұра» бағдарламасының жалға­сы іспетті, Елбасының 2017 жылы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде археология ғы­лымы саласында тарихи жәдігерлерді зерт­теу, жарыққа шығару, оны қалың жұрт­шы­лыққа таныту ісі кең өріс алды. Бұл сөзімізді әрі қарай өрбітсек, өткен жылы Торғай өңірінде жалпы қалың жұрт­шылықты елең еткізер оқиға қазіргі Қос­танай облысы, Арқалық ауданында орна­ласқан Жаңақала ауылы маңайынан ежелгі сақтардың обаларынан табылған ар­хео­логиялық жәдігерлерді алуға болады.

 Жоғарыда келтіріліп отырған ХVIII ғасырда Н.Рычковтың зерттеулерінде ұшырасатын топырақ үйінділері, обалар Торғай жеріндегі Қараторғай өзені бойында былтырғы жаз-күз айларында Ақан Оңғарұлы бастаған Қазақстан ұлттық музейінің археолог мамандарымен зерттеліп, қыркүйек, қазан айында «Саба-1» обасы аршылып, зерттелді. Әрине жаздың соңы, қара күздің соңын ала жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Сабасалды өзені атауына байланысты Қараторғай маңындағы ірі оба «Саба-1» деген атауға ие болды. Аршылған обадан жалпы саны 150-ден астам садақ­тың жебесі және ірілі-ұсақты зат­тар шықты. Хронология бойынша бұл обаның пайда болғанына шамамен 2600-2400 жыл шамасы. Обада жерленген адам әлеуметтік шыққан тегі сақ тайпаларының әскербасына немесе ру басшысына арналған болуы мүмкін. Сондай-ақ археолог зерттеушілер сақ және сармат тайпалары­ның шекаралас аймағы болуы мүмкін екен­дігін айтуда. Сондықтан обада жер­ленген мәйіттің сармат тайпасынан болу мүмкін екендігі болжануда. Жал­пы, Ақан Оңғарұлының мәлім­­деуінше, Қараторғай ауылы мен Әбдіғап­пар хан кесенесі және Қостам атты ке­се­не­лердің аумағында 50-ден аса сақ оба­ларының орны анықталған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай обаға ұқсас үйінділер бұл атырапта көптеп кездесетінін ескерсек, сақ обаларының саны 50-мен шектелмесе керек. «Саба-1» обасының маңайына рәсімдік мұртты обалар күншығысқа қарата орнатылған. Онда діни рәсімдерді атқару кезінде от жағылған.

2018 жылы Қараторғай елді мекенін­дегі археологиялық зерттеу жұмыс­тары қайтадан жалғасын тапты. Оған негіз болған осы жылдың сәуір айының 3-і күні қол қойылған Ы.Алтынсарин атындағы Ар­қалық мемлекеттік педагогикалық инс­титутының басшылығы мен Астана қаласындағы Ұлттық музей бас­шылығы тарапынан жасалған екіжақты меморандумы.

Мамыр айының соңында Қазақстан ұлттық музейінің қызметкерлері «Саба-2-1», «Саба-2-2» атты оба орын­дарын қазып аршуға дайындап қойған бола­тын. Бұл жолы Торғай өңірін­дегі бірегей жоғары оқу орны Ыбы­рай Алтын­сарин атындағы Арқа­лық мемлекеттік педаго­ги­­калық институты­ның «Тарих» маман­ды­ғының ІІ курс студенттері археологиялық тәжірибеден өту барысында «Саба-2-1», «Саба-2-2» обасын аршып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ең алдымен археологтар мен тәжірибеге келген студенттер обалардың бетіндегі топырақ пен құмды алып тастап отырды. Келесі қабат жақын маңайдағы өзеннен тасылып, обаның үстіне үйілген топыраққа келіп жетті.

Тастардың көптігі, олардың көлемі мен салмағына қарап, бұл жерде жерленген мәйіттің рубасы немесе әскербасы сияқты әлеуметтік топтардан шыққанын аңғаруға болады. Сақтарда жерленген адамның үстіне топырақ немесе құмды үйіп, оның үстінен тастарды қалау дәстүрі болғанынан хабар береді. Уақыт өте келе бұл обалардың бетін топырақ, құм басып, төбелерге айнала берген. Бұл обалар алдыңғы «Саба-1» обасынан алыс емес. Бұл обалардың көлемі, биіктігі «Саба-1» обасымен салыстырғанда аласа, көлемді емес. Шамамен алғанда көлемі 5-6 м, биіктігі 1,5 немесе 2,5 м болып келеді. Обаны қазып, аршу барысында ол жерден табылған заттардың аздығы, обаның сонау көне заманда-ақ тонауға ұшырағанын байқауға болады.

«Саба-2-1», «Саба-2-2» обаларын қазып аршу барысында археологтар мен студенттер жерленген сақ зама­нының қаңқалары табылды. Архео­лог мамандардың алдын ала болжа­мы бойынша, табылған адам сүйек­теріне қарап, олардың өмір сүрген уақытын б.д.д.V-ІV ғ.ғ. мен б.д. ІІ-ІІІ ғ.ғ. аралы­ғы­на жатқызып отыр. Обаның бірінде жер­­лен­ген мәйіттің сүйектері толық шық­­па­ды, осыған қарап археологтар оба ерте кезде тоналған деген қорытындыға кел­ді. Соған қарамастан «Саба-2-2» оба­сын­да қаңқаның астыңғы жағынан ат­тың ауыздығы, 2 жебенің ұшы табылды.

Сондай-ақ мәйіттің бас сүйе­гі­нің жаны­нан жерленген адам­ның қан­дай әлеу­меттік топқа жататынын айғақ­тай­тын зат – тамға шықты. Мәйіт­тің жаны­нан, шамасы киімінен қалған болу керек, мон­шақ табылды. Табылған тарихи жәді­герлерге қарап, олардың орналасу орын­дарын анықтай отырып, бұл бір жерге жер­­ленген патшалық немесе әулеттік қорым деп болжам жасауға болатын сияқты.

Археологиялық қазба жұмыстарына алғаш рет барған студенттер үшін бұл екі апталық тәжірибе әрбір студенттің бойында өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілікті, өткен тарихына деген қызығушылықты оятып, олардың білім алуға деген талпынысын одан сайын ұштай түскені анық. Оны тәжірибе соңында студенттердің өз қолдарымен жазған күнделіктерінен байқауға болады. Олардың, әсіресе ата-бабаларымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігінен, діни көз­қарас­тарынан хабар беретін тарихи жәді­герл­ерді өз қолдарымен ұстап, көз алдары­на елестетіп, тарихтың терең тұң­ғиығына бір уақыт болса да «сапар» шегуі студенттік өмірлерінде ұзақ сақта­латын, әрдайым еске алып жүретін тама­ша бір кезең болатындығы айқын. Бұл архео­логиялық қазба жұмыстары олар­дың Торғай өлкесінің ғылымға белгісіз тарихи тұстарын зерттеуді қолға алып, болашақта кәнігі тарихшы болуына жол салуымен де құнды болып отыр.

Еліміздің кез келген өңірі біз үшін өте қасиетті болып табылады. Соның ішінде Торғай жерінен табылып жатқан сақ заманының тарихи жәдігерлері халқымыздың генеологиялық бастауында тұрған сақ-сармат және басқа да тайпалардың мекендеген жерлері екендігін білдіретін деректер беруімен құнды. Бұл археологиялық қазбадан табылған деректер өзінің маңыздылығы жағынан, еліміздің басқа аймақтарынан табылған сақ мәдениеті қазбаларынан кем емес, қайта оны толықтыра түсе­тін Қазақстан тарихындағы іргелі жаңалық­тардың бірі болып табылады.

Археологиялық қазба жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады.

 

Роман АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,

 Баубек ЕЛЕУСОВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушылары