Таным • 12 Қыркүйек, 2018

Жазу емлесінде назар аударар жайттар бар

654 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. 

Жазу емлесінде назар аударар жайттар бар

Яғни, 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» деп көрсетілген міндетіне сәйкес іске асырыла басталған сан салалы іс-шаралардың қата­рында жаңартылған емле ере­ж­елерін әзірлеу ісі де қолға алын­ған бола­тын. Нәтижесінде А.Бай­тұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты ғалымдарының тіке­лей қа­ты­суымен тоғыз тараудан тұратын «Қазақ емлесінің негізгі ере­же­лері» атты жоба дайындалды.

Әліпби ауыстыру арқылы шет тілдік сөздерді игерудің дәстүр­лі жолдарын жаңғырту негі­зінде оларды жазуға бейім­деу­дің жаңа тетіктерін табу ұстаны­мын ба­с­шы­лыққа алған тілші-ға­лым­­­дар тарапынан жоғарыдағы жо­ба­­да шет тілдік сөздерді иге­ріп жазу­дың бірнеше жолы ұсынылған.

Мысалы, акут таңбасына негіз­делген латын графикалы қазақ әліпбиінде жоқ жіңішкелік бел­гі­сін (ь) қазақ тілінің базалық нор­масына сәйкес жіңішке дауыс­ты дыбыстарды таңбалайтын гра­фемалар арқылы беру жолы қарастырылған (қазақ тілінде дауыссыздардың жіңішкелігі қатар тұрған жіңішке дауыстылармен анықталатыны белгілі).

Нақты айтқанда, жіңішкелік белгісі (ь) түсірілген сөздерде сөз басы мен бірінші буында жіңішке дауыстыларды жазу ұсынылады: ánsambl (-diń, -i, -ge, -der), dúbl (-diń, -i, -ge, -der), rúbl (-diń, -i, -ge, -der), párоl (-diń, -i, -ge, -der), ásfalt (-tiń, -i, -ke, - ter), púlt (-tiń, -i, -ke, -ter), ált (-tiń, -i, -ke, -ter), ós (-tiń, -i, -ke, -ter), vólt (-tiń, -i, -ke, -ter).

Қазақ тілінің ұлттық айтылым нормасына сай сөздің бірінші буыны жіңішке айтылса, келесі буыны да үндесе келе жіңішке айтылады. Сондықтан да párоl (пәрол) деп жазылып, [páról] / [пәрөл] деп дыбысталады. Сол сияқты орыс тілі арқылы енген «ансамбль», «асфальт» сөздері де ánsambl (әнсамбл), ásfalt (әсфалт) түрінде таңбаланып, [ánsámbіl] / [әнсәмбіл], [ásfált] / [әсфәлт] деп айтылады т.б.

Осы ұстанымға сай «аль» әріп тіркесімен басталатын және сөз ішінде екі дауыссыз дыбыс арасында жіңішкелік бел­гісі бар сөздерде ь түсіріліп, сөз­дің алғашқы буынын жіңішке дауыс­тымен жазу ережесі де ұсыныл­ған. Мысалы, álbatros, álbom, álmanah, áltron, álfa, váls, bálzam.

Шет тіл сөздерін қазақ тілі­нің дыбыс жүйесіне бейімдеп таң­балау жолдарының бірі ретінде таны­лып жүрген тетік – сөз соңын­дағы а әрпін түсіріп жазу. Осымен байланысты орыс тілінің «газета» сөзін ұлттық жазылым мен айтылымға икемдеп, қазіргі кездегі газет [гәзет] деп беру тәжірибесіне сай жобада «минута», «граната», «цифра» сияқты сөздердің а әрпін сөз мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріп жазу ережесі ұсынылған: gazet (-tiń, -i, -ke, -ter), mınýt (-tyń, -y, -qa, -tar), granat (-tyń, -y, -qa, -tar), sıfr (-diń, -i, -ge, -ler).

Сонымен қатар тілдің синтагматикасында кездескенімен, қазақ тілінің парадигматикасына жат болып табылатын <в> фонемасын таңбалауда қазіргі кирилл графикалы қазақ жазуын­да орыс тілінің жазылу-айтылу нормасына сай «в» әрпімен орфограммаланылып жүрген ватсап, веб-сайт, вебинар, википедия т.б. сөздерін, дәлірек айтқанда, ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әрпімен басталатын сөздерді ý әрпімен жазу ұсынылған: ýаtsap, ýıkı, ýıkıpedıa, ýeb-saıt, ýebınar, bıznesýmen.

Сондай-ақ орыс тілінен енген ц аффрикатын таңбалауда да әзірлемешілердің ішінара 1938 жылғы латын тәжіри­бесіне сүйенгені байқалады: «пицца», «ницца» сияқты қос ц (ts) тұлғасындағы сөздерден басқасы s әрпі арқылы берілген: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısina, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa.

Бұған қоса орыс тілі арқылы енген -cт, -зд әріп тіркесті сөз­дер­дің бүгінгі күнгі игеру тәжіри­бесіне сай соңғы дауыссызын түсіріп жазу ұсынылған. Мысалы, съезд сөзін қазіргі кезде съез деп таңбалап жүрміз. Осыған сәйкес латын графикалы жаңа әліпби негізінде «съезд», «журналист», «манифест», «энциклопедист», «коммунист», «Эверест» сияқты сөздерді jýrnalıs (-tiń, -i, -ke, -ter), komýnıs (-tiń, -i, -ke, -ter), manıfes (-tiń, -i, -ke, -ter), ensıklopedıs (-tiń, -i, -ke, -ter), Everes (-tiń, -i, -ke, -ter), sıez (-diń, -i, -ge, -der) тұлғасында, яғни соңында тұрған «т», «д» әріптерін түсіріп таңбалау ұсынылған.

Қазақ емлесінің негізгі ережелер жобасын қарастыру барысында Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің ерекше талқысында болған тағы бір мәселе – шет тіл сөздерін жартылай немесе толықтай «сындырып» таңбалау. Жартылай «сындырып» таңбалау бағытын ұстанушылардың пікірі бойынша, мысалы, «бульдозер», «пальма», «дубль» сөздерін búldozer, pálma, dúbl тұлғасын­да беру дұрыс деп танылса, толықтай «сындырып» таңбалау көзқарасын қолдаушыларының пікірі бойынша, «тренд» сөзін – tirent, «студент» сөзін – ústydent, «шрифт» сөзін shiripti түрінде жазу дұрыс деп танылады.

Әзірге шешімін таппаған бұндай шет тіл сөздерін орфо­грам­­малау мәселесінде тілт­аным­дық негіздемелермен қатар экс­т­ралинг­вистикалық, әлеуметтік түрт­кі жайттарды да ескеру қа­жет деп ойлаймыз. Себебі әзір­леніп жатқан жазу емлесі қазіргі қоғамдағы тіл иелмендері үшін түсінікті, қолайлы болуы шарт.

 

Алмагүл ХАБИЕВА,

Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты