Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2018

Тарихы терең, тағылымы ерен

2053 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Киелі жерлер, қасиетті орындар жайлы ұлағатты ұғымдарды, танымдық тақырыптарды жас ұрпақ санасына қаншалықты деңгейде сіңіріп жүрміз деген сауал төңірегінде ойласатын мәселелер аз емес.   

Тарихы терең, тағылымы ерен

Еліміз ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне облыс бойынша 600-ге тарта тарихи және мәдени жәдігерлер енген. Олардың 8-і республикалық маңызға ие. Қалғандары жергілікті санат­та болғанымен, кейбірінің қор­ғалуы, қалпына келтірілуі көңіл көн­шіте бермейді. Тіпті тұрғындар жер­гілікті жерлердегі қасиетті орындар тура­лы терең біле бермейді десек, ар­тық айтқандық болмас. Байқара секіл­ді ескіліктің ескірмес ерекше қор­ғаны қай аумақта орналасқан деген қара­пайым сұрағымызға үлкендердің өз­дері кібіртіктей жауап береді. Кемел Ақышев жетекшілік еткен экспедиция Шал ақын ауданы аумағынан арғы бабаларымыз скиф, сақ тайпалары өмір сүрген дәуірді дәлелдейтін баға жетпес археологиялық қазбаларды тауып, біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасыр жәдігеріне жатқызылғанын жастарымыз білмей жатса қандай кінә арту­ға болады? Барды бағалай, қолдағыны құнттай білмейтін самарқаулық­тың түп тамыры неде деген сауалға жауап іздеу барысында шешімін табуы тиіс мәселелердің аз еместігіне көз жет­кіздік. Тәуелсіздік жарияланғаннан бері өңірде өмір сүрген тұлғалардың, бабаларымыздың ізі қалған, қорым­дары жатқан, белгілер тұрғызылған киелі жерлерге тәу ету, тарихын, қазір­гі жағдайын танып-білу мақсаты­­мен танымдық экспедициялардың өте сирек ұйымдастырылуы, оған қаржы тапшылығының көлденең тартылуы сыныққа сылтау болмаса керек. Еш­қандай тәлім-тәрбиесі жоқ бір күндік мәдени шараларға суша шашылатын қаржы ұлттық мүдденің жоғын жоқтап, жыртығын жамауға келгенде жетпей қалатыны қалай?

Біздің пайымдауымызша жауапты ведомство басшылары Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында атап өтілгендей туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін жете ескермеуінде жатса керек. Соңғы кездері археологтар да шал­ғай елді мекендерге ат ізін сирек сала­тын болып жүр. Ал «Туған жер» жо­басы аясында ұйымдастырылып, бір­қа­тар ауылдарды қамтыған «Тарихы терең – киелі Қызылжар» атты экс­педи­ция­ның алғашқы сапары тарихи-мәдени мұраларымызды зерттеп, насихаттаудан, құнды заттар қорын толық­тыру­дан басталды. Биыл қоғамдық ұйым ретінде құрылып, іске кіріскен «Сол­түстік Қазақстан облыстық музей қыз­мет­керлерінің ассоциациясы» бір­лес­­тігінің жетекшісі Еркін Шалкенов Ақ­қайың, Ақжар, Қызылжар, Тайынша, Уәлиханов аудандарында мемлекеттік музей бөлімшесі болмағандықтан, әдейі таңдап алынғанын, осы саланы дамытуға атсалысу, мәртебесін көтеру, көшпелі көрме өткізу, әдістемелік көмек көрсету, сонымен қатар құнды материалдар, қымбат жәдігерлер жинастыру бойынша іссапарға шығып келгендерін, олжалы оралғандарын жеткізді. 

– Тайынша ауданына қарасты Виш­невка елді мекенінде болғанымыз­да тұрғындар бір мемлекеттік құжатты сый­ға тартты. 1954 жылға дейін үш әліп­би­дің қолданылып келгені таңданар­лық. Бұдан шығатын қорытынды сол, кириллица енгізілсе де, латын әліпбиіне тыйым салынбағанын аңғаруға болады. 70 жылдық тарихы бар ағаштан жасал­ған тоқыма станогы әлі де жұмыс істейді. М.Жұмабаев ауданы Құралай ауылының тұрғыны Қанат Ессеков, Ақжар ауданы Талшық кентінде тұратын Ләззат Жүсіпбекова өз қолөнер бұйымдарын тарту етті. Бір байқағанымыз, ел ішінде бү­гінде өте аз кездесетін ұлттық өнер іс­мер­лерінің көз майын тауысып жасаған туындылары, жанкешті еңбектері елене бермейтін сықылды, – дейді Е.Шал­кенов сапар жайлы сыр шертіп.

Басты проблеманың бірі – қоғамдық бірлестіктің шекті мөлшерде ұтып алған грант шеңберінде ғана жұмыс жасайтыны. Осы себепті қасиетті де киелі жерлердің дені шалғай ауылдарда орналасқандықтан қаржылық жағынан қолбайлаулар аз емес. Оны алғашқы сапар бірден байқатқан. Жұртшылықтан құнды заттарды сатып алуға қалталары көтере бермейтіні сондықтан. Дүние­жүзі қазақтары ұйымы облыстық бөлім­­шесінің төрағасы, жергілікті өлке­­тану­шы Сағындық Салмұрзиннің пікі­рін­­ше, үнемі бұйыра бермейтін грант­қа ғана иек арту жеткіліксіз. Сондықтан «бір терінің пұшпағын бірге илесіп» отырған мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасы тарапынан, болмаса республикалық деңгейде қаржылық қол­дау көрсетілуі тиіс деген ұстанымда. Әйтпесе, жақсы бастаманың өріс таппай қалуы әбден ықтимал.

Экспедицияның бір мақсаты шекаралас аймақтарды да қамту болғанымен, әзірге орындалмас арман күйінде қалып отыр. Омбы облысында 200-ге жуық қазақ ауылынан 35-і ғана қалған. Түрлі зобалаң жылдары амалсыз Ресейге қарай көшкен аталарымыз аштан өлмеу, көштен қалмау үшін бағалы жәдігерлерді арзанға берген. Әлі күнге дейін көненің көзіндей сақтап отырған отбасылар бар. Жастар олардың қадір-қасиетін біле бермейтіндіктен қоқысқа лақтыра салатын жайттар аз ұшыраспайды. 120 жылдық тарихы бар Қоянбай елді ме­кені маңынан акинак қанжар табыл­ға­ны­мен, кімнің қолында кеткені белгі­сіз. Бұған дейін тарихи-өлкетану музейі­не құн­ды заттарды қолма-қол ақшаға сатып алу құқығы беріліп келсе, енді бұл жұмыс­тарды рәсімдеу басқа заңды тұлға­ға жүктелгелі бірқатар қиындық туын­­даған. Жамбыл ауданы И. Шухов атын­­дағы музей үйінің директоры Данияр Мәкенов жетекшілік еткен топ бір­неше ай бойы 20 елді мекенді аралап, қара­жат аздығынан жарты жолдан кері оралу­ларына тура келген. 

Қазақстанның төрткүл дүниені тамсандырып отырған сан ғасырлық ғажап архитектуралық-тарихи ескерткіштерін сөз еткенде Ұлы Дала өркениетінің бір бастауы саналатын Ботай қонысы алдымен ойға оралатыны анық. Бірақ энео­лит дәуірінен қалған ежелгі адамдар мекенінде жоба бойынша ашық аспан астында мұражай ашу, ғылыми орта­л­ық, әкімшілік-шаруашылық ғимарат, қонақүй, мұражай, жылқы мүсіндерінің құрылысын салу жоспарланғанмен, істің аяғы сиырқұйымшақтанып кете ме деген қауіп басым. Өйткені қара­жат бөлінбегендіктен белгіленген шара­лар­дың қағаз жүзінде қалғаны байқа­ла­ды. Мемлекет қамқорлығына алын­­ған қасиетті орынның жай-күйі осындай бол­са, басқа киелі нысандар жөнінде сөз қоз­ғау артықтық етеді. Облыс бо­йынша киелі жерлер картасына тарихи-рухани маңызы зор 20 нысан енгіз­ген, алтауы республикалық маңызға ие болды. Олар бес мың жылдықтан бастап бүгінге дейінгі кезеңді қамтиды. Ел тарихында осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісі бұрын-соңды жасалмағанын ескерсек, бұл идеяның түп төркіні халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын жас буын бойына сіңіре білуге бәріміз атсалысуымыз керек, деді әңгімелескенімізде мұрағат директоры Сәуле Мәлікова.

Ғалымдардың, өлкетанушылар­дың талқылауынан өткен карта ауқымы болашақта толықтырылмақ. Олардың ішінде Қарасай мен Ағынтай батырлар­ға арналған мемориалдық кесене Қазақ­стан халқы бірлігінің символы тәріз­­­дес. Айғаным қонысы да сәулет өнері­нің ай­шықты белгісі саналады. Солай бола тұра археологиялық, этнография­лық мол мұраларымызды насихаттау ар­­­қылы туристер ағынын көбейтудің жол­дарын қарастырудың орнына әлі де бейқамдық таныту жараспайды. Бұлай таусыла сөйлеуіміздің бір сыры, өңірде «Ежелгі Тараздың қазыналары» атты көрме өтіп, жастар екі мыңжылдық тарихы бар шаһар көшіп келгендей үлкен әсер алды. Сол сияқты «Әзірет Әлі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі ұсынған «Киелі Түркістан» көрмесін­де археологиялық, нумизматикалық, көне замандарда қолданылған қару-жарақ, этнографиялық экспонаттар да үлкен ықылас тудырды. Облысаралық байланыстар көкжиегін кеңейткен дұрыс. Бұған қоса өңірден тысқары жерлерде көшпелі көрмелер ұйымдастырылса ұтылмайтынымыз анық. Оған тараз­дық­тар мен түркістандықтардың тәжірибесі – бірден-бір мысал.

 Бабалардан қалған ұлы мұралар киелі жерлер картасына енген нысандармен ғана шектелмесе керек. Облыс орталығының бір өзінде іргетасы өткен ғасырларда қаланып, халыққа қалт­­қы­сыз қызмет етіп келе жатқан сәулетті ғимараттар аз емес. Бір өкініштісі, көбі же­ке­меншік иелеріне берілгендік­тен күту­сіз қалғаны анық аңғарылады. Солардың бірі көпес Янгузаров тұр­ғызған «Қалыңдық үйінің» бүгінгі жайы адам жыларлық халде. Осыдан екі жыл бұрын 60 миллион теңгенің күрделі жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, баяғы таз қалпына қайта түскен. Жұрт­­шы­лықтың жергілікті киелі карта тізіміне Тоқсан би, Сүйір, Сары батыр­лардың кесенелері де енсе деген өті­ніш­терін жиі естіп жүрміз. Олар жайлы жинастырылған құжаттар жеткілік­ті. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университеті­нің профессоры, белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай Елбасының бағдарлама­лық мақаласында білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу міндеті қойылғанын, бұл орайда патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тари­хын оқудан көрініс тапса игі деген ұсынысын алға тарта отырып, Сәбит Мұқанов­тың туған жер туралы толғаныстары, атаме­кеннің әр тасы мен төбешігі, айнадай жарқыраған көлдері мен шоқ-шоқ тоғайлары жайлы жазған жаз­балары отансүйгіш оқулығындай жетелеп отыратынына нақты мысалдар келтірді. Сәбең бір жазбасында «Петропавлға келіп сұрастырсам, Жаманшұбар жерінің қай совхозға қарауын білетін адам жоқ екен» дей келіп, ойша құрған жоспары бойынша сағынышын басып, көкірек кере тыныстап, қазақ даласының өгей ұлдары түсіне бермейтін көркем келбетін, өзі ежелден жаңылмайтын жол сора­бын қағазға түсірген. Олардың арасын­­да Бүгілім, Алтай-Мұрат, Қоржынкөл, Уақ-шоға, Батпақкөл, Өтей-Дәуіш, Мәмек, Аңдамас, Шәліңке секілді гео­гра­фия­лық картадан жоғалып кеткен атаулар ұшырасады. Меніңше, «Сәбең жолы» туристік маршрутқа сұранып-ақ тұр. Тұнып тұрған шежіре дерсің. Өзге де қаламгерлердің, зерттеушілердің жер-су атаулары туралы «топонимика» деп аталатын ғылымның таным­дық, тәрбиелік маңызына назар аударылып, оқулықтарға енсе, құба-құп болар еді. Халық тарапынан қойылған жер-су аттары – тарихи төлқұжатымыз. Өкі­нішке қарай, өңірдің топонимикалық кеңістігінде шешімін таппаған мәселелер көп. Жер-су атауларын жинақтап, реттеу, бір ізге келтіру, дұрыс таңбалау, тарихи атауларды қалпына келтіру, аймақ­тық сөздіктер шығару, географиялық атаулар каталогын құрастыру – осының бәрі жинақылықпен, жүйелілікпен орындалса, жастар үшін жалпыұлттық патрио­тизмнің нағыз өзегіне айналар еді. Бұл орайда жер жағдайын жақсы білетін өлке­танушылармен, ақсақалдармен, тіл мамандарымен ақылдасу артықтық етпей­ді. Әр облыстың топонимикасына зер салып, атамекен атауларына отансүйгіш­тік тәрбиелеудің құралы ретінде қарап, тіл білімі тұрғысынан ғана емес, педагогика, тарих, әлеуметтану ғылымдары бағыттары бойынша да қайта зерделеген жөн. Әр жас жеткіншек өз отанын мақтан еткенде ауылының, өзені мен көлінің, төбесі мен тауының қалай аталғанын біліп өссе, тарихи жәдігерлерге ерекше құрметпен қарары еш күмән тудырмайды, деген Тайшыбай Сыздықұлының сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

 Өңірдің біртуар перзенттері өніп-өскен елді мекендер де қасиетті жерлер ретінде қамқорлыққа бөленіп, лайықты мәртебесін алса деген ұсыныс-тілектер де негізсіз емес. Тарихи танымы мен тағылымы ұшан-теңіз аймақтың бірі –Айыртау ауданы. Осы жердегі Сырымбет тауының бір бөктерінде Ақан сері туған. Серінің атақонысы – Кеңашы, бүгінде Ақан сері ауылы аталады. Осыдан 20 жыл бұрын 200-ден астам адам тұрса, бүгінде үштен екісі басқа жаққа қоныс аударған. 65 коттедждің 47-і қаңырап бос тұр. Жанға қатты бататыны, қоладан құйылып, мәрмәртаспен көмкерілген «Ақан сері-Құлагер» көпфигуралы сәулеткерлік композициясының әбден тозғаны байқалады. Жалғызтаудағы Сандыбай бұлағы бойында орналасқан Үкілі Ыбырай ауылында тоғызжылдық мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұр. Туған жерге туын тігуді мақсат еткен қалталы азаматтар табылып жатса, аруақ риза болар еді. Айғаным ханша қонысындағы «Төре зираты» жұтап тұрған еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан әкімдігінің қолдауымен қабірге еңселі кесене орнатылып, ай­шықты орынға айналды. Ауылдықтар осындағы Шоқанның ескерткішін де бүлінуден аман алып қалыпты. Ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы іспеттес тарихи тұлғалар дүниеге келген елді мекендерді сақтап қана қоймай, түлетудің аймақтық бағдарламасын жасап, қаражат қарастырудың мезгілі пісіп жеткен секілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы