Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Ғибрат: Тектілердің татуласуы

994 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Майдангер-жазушы Бауыр­жан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабы бар. Батыр ата­мыз осы туындысында байырғы қазақ өмірінің этно­тұр­мысын және сол кездегі қоғамдық қатынастарды шынайы суреттей білген. Мысалы, қаламгердің нағашысы Текебай би мен Байзақ датқаның баласы Қабылбек екеуі болыстық сайлауға қатар түсетін болады. Бә­секе болған соң екі тарап бір-бірінен мін іздеуі заңды құ­былыс. 

Ғибрат: Тектілердің татуласуы

Осы орайда, Қабылбектің жақтаушылары Текебай биді «барымтаға бейім, пара алады» деп оязға арыз жазған екен. Мұндай жалаға жаны күйінген Текебайдың үлкен ұлы Серкебай сайдың тасындай оншақты жігітті бастап атқа қонады. Айдындатып Қабылбектің ауылына келеді. Әкесінің қарсыласы Қабыкеңе тіке кіріп барып, оны армансыз балағаттайды. Қабылбек болса былқ етпейді. Тіпті қабағын да шытпапты. 

Серкебайдың сөзі шамына тиген елдің азаматтары «Уа, Қабылбек, ордамызға ат ойнататын бұлар кім еді, рұқсат ет, тілерсектерін тіліп, аяғын аспанға қаратып асып қоялық», деп кіжінеді. Тіпті кейбір дес бермей елеуіреп бара жатқан жігіттерге Қабылбек «тоқ­таң­дар» деп ақырып: – Ер­тең көресіңдер опық жейтін Сер­кебайдың өзі болады, –  дейді.

Мейманасы асқан Серкебай шапқан күйі әкесінің алдына барып: 

– Қабылбектің екі аяғын бір етікке тықтым, тіпті ол жұм­­ған аузын аша алмады, – дейді еліріп. Текебай болса жастықтан басын көтеріп мән-жайға қаныққан соң баласына: «барып тұрған ақымақ екенсің, өзіңнен 20 жас үлкен адамға қалай дәтің барып тіл безедің» деп налиды. 

Содан Текебай би ат-шапан айыбын дайындап, елдің игі-жақсыларын бастап, топтың алдына кінәлі Серкебайды салып алып жолға шығады. Қа­былбектің ауылы топтанып жат­қан қарашобырды көріп «Те­­кебай соғысқалы келе жат­қан шығар» деп олар да қам жасайды. 

Ауылға ат шаптырым қалғанда Текебай баласы Сер­ке­байды алдына салған бойы топтан озып шығып: «Ей, Қабылбек, менің мына күшігім саған шәуілдеген екен, айыбын көтеріп алдыңа келдім, сірә кешірерсің», дейді. 

Жоғарыдағы сөзді естіген Қабылбек бидің де қабырғасы сөгіліп, аттан секіріп түсіп:

– Уа, текті арысым Текебай! Сен ауылыма келгенде аттың үстінде тұрып сөзіңді тың­дап­­­пын-ау, кешір мені. Сен аға емессің бе, менің айыбым Сер­­кебайдан асып кетті білем. Қай­­та ат-шапан айыбың менен Текебай аға кешіргейсіз, – деп иліпті. Онымен қоймай ту сыртында қаумалап тұрған қауымға «Уа, ағайын, сайлауға түспеймін, қойдым. Мені сыйла­саңдар дауыстарыңды Текеңе беріңдер!» деп айғай салыпты. 

Қайран аталарымыз-ай, елдің берекесі үшін билік-мансапты қиып тастап, татулықтың туын жықпаған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ