Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Туындылар көрерменін тапты

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы бейнелеу өнері мұражайында жас суретшілер туындыларының көрмесі ашылды. Мұнда майлы бояумен, акварельмен салынған суреттер, графика, коллаж, линогравюралар және компьютерлік графикалар көрермен назарына ұсынылды. 

Туындылар көрерменін тапты

– Мұндай көрмелерге қа­тысу – әрбір өнерлі жас үшін өзін­дік емтихан іспетті. Ар­найы комиссия жұмыстарды іріктегенімен, суретшілерге қатаң талаптар қойылған жоқ. Көрмеде суретшілер үшін өзге де әріптестерінің туындылары қатар қойылды. Осындай салыс­тырулар қылқалам иелеріне өз жұмыстарына басқа көзбен қарап, шеберліктерін шыңдауға кө­мектеседі. Қазіргі таңда су­рет­шілер реализмді өте сирек сала­тын болды. Олар көбіне өзінің ішкі жан дүниесіне көз салады: суреттерде стилизация көп, қиял-ғажайып сюжеттер жиі кездеседі. Туындыларын көпшілік назарына ұсынбас бұрын, олардың әрқайсысы өзін-өзі сырттай бағалаулары тиіс, – дейді өнертанушы Наталья Иванина. 

Көрмедегі ел назарын аудар­ған туындының бірі – Бұ­қар жырауға арналған гипстен жа­салған мүсінше болды. Ол араб жазбасымен және әше­кейлермен безендірілген ханның бас киімі бейнесінде жасалған.

– Бұл идеяны жүзеге асыру үшін үш жыл бойы ақпарат жинап, тарихшылармен, имамдармен кеңестім. Мүсіннің негізгі ортаңғы тік бөлігі жеті хан­ның мөрімен әрленген, ол Бұқар жырау жеті ханның ке­ңес­шісі болғанын білдіреді. Барлық мөрлер тамшы іспеттес – ол қан тамшысын білдіреді. Осындай пішінді мөр тек ханда ғана болатын, себебі хан ғана соғысты бастауға бұйрық бере алған. Мүсіннің қырларында араб тілінде сегіз жазба бар – ол мұсылманның басты сегіз қа­сиеті. Ең жоғары жағында дала бүркіті бейнеленген, бір қы­ры­нан қараса барлық мұсыл­ман­дардың белгісі – жарты ай­шық секілді көрінеді, – дейді мүсін авторы Амантай Әкішев.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ