Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Азиада чемпионына пәтер сыйлады

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индонезияда өткен ХVІІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрама командасының сапында Қарағанды облысынан 34 спортшы өнер көрсеткен болатын. Олардың ішінде 11 саңлақ жүлдегер атанып, елге олжалы оралды. 

Азиада чемпионына пәтер сыйлады

Азиада додасында аты озған атлеттердің ішінде күміс ме­дальді командалық сында иеленген дзюдошылар Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов және Санжар Жаборов бар. Сондай-ақ  қыздар күресінен Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, джи-джитсудан Нұржан Сейдуәли, самбодан Бейімбет Қанжанов, мәнерлеп жүзуден апалы-сіңлілі Екатерина және Александра Немичтер, жеңіл атлетикадан Римма Каша­футдинова қола жүлдеге қол жеткізген. Ал Қара­ғанды облысы­на жалғыз алтын медальді жезқазғандық самбошы Бағлан Ибрагим сыйлаған болатын.

Бұрнағы күні Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қошанов Азия ойындарында Қарағанды облысының намысын лайықты қорғаған бір топ спортшы мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, оларға сый-сияпат көрсетті.

– Барша қарағандылықтар мен жанкүйерлер атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Азия ойындарындағы жеңіс – біздің ортақ жеңісіміз, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі Азиаданың алтын жүлдегеріне 1,5 миллион теңге, 2-ші және 3-орын алған атлеттерге, сәйкесінше 1 миллио­н теңге және 750 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ең басты сыйлыққа Азиада чемпио­ны Бағлан Ибрагим ие болды. Өңір басшысы оның қолына жаңа пәтердің кілтін ұстатты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ