Әлем • 13 Қыркүйек, 2018

БАӘ өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысатынын растады

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, БАӘ Толеранттылық министрі  шейх  Нахаян бен Мубарак Әл Нахаянмен кездесті. Кездесу барысында дінаралық  диалог пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша екі жақты ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.

БАӘ өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысатынын растады

Дархан Кәлетаев  ішкі саяси тұрақтылық, дінаралық және этносаралық үйлесімді қамтамасыз ету мәселелері тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің өмірдің барлық салаларына төзімділік принциптерін енгізу үдерісі кешенді көзқарас екенін айтты. Тараптар әлемнің түрлі өңірлерінде  мемлекет ішілік және жаһандық деңгейдегі әр түрлі этникалық топтар мен діндер өкілдерінің арасындағы қақтығыстың орын алуы өзара байланысы мен ынтымақтастығының әлсіреуімен тығыз байланысты екенін атады.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне тоқтала отырып, шейх Нахаян бен Мубарак Әл Нахаян Қазақстан көшбасшысының  дінаралық диалогты ілгерілетудегі күш-жігерін, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен түрлі қақтығыстарды реттеуді күшейтуге бағытталған өзге де бітімгершілік бастамаларын жоғары бағалады. Осы тұрғыда, Нахаян бен Мубарак Әл Нахаян Қазақстан Президентінің бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі  шын мәнінде түрлі дін өкілдерін біріктіретін жаһандық диалог алаңына айналғанын және бұдан бөлек, алдағы 2018 жылғы 10-11 қазан күндері өтетін VI Астана съезіне өздерінің қатысуын растайтынын мәлімдеді.  

Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық Федеральдық Мәжілісі төрағасының бірінші орынбасары Маруан бен Глейтпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстардың тұрақты дамуына көңілдері толатындарын  жеткізді. Министр БАӘ Ұлттық Федералдық Мәжілісінің елдің ішінде және халықаралық деңгейде толеранттылық, конфессияаралық және дінаралық диалог идеяларын кеңейту және нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.  Бұған Біріккен Араб Әмірліктерінің діни төзбеушілік және  кемсітушілікпен күресу, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес туралы заңдары дәлел.

 Сондай-ақ, министр Дубай әмірлігінің Ислам және қайырымдылық істері департаментінің Бас директоры Хамад аш-Шейбанимен кездесті. Аталған құрылым қайырымдылық қауымдастықтар мен ислам институттарына лицензия  беру, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру мәселелерімен айналысады. Хамад әш- Шейбани Дархан Кәлетаевқа ағымдағы жылдың 15-16 қарашасында Дубайда Халықаралық толеранттылық саммитін өткізуді ұйымдастыру бойынша жоспарларымен бөлісіп, Қазақстан делегациясының аталған саммитке қатысуына сенім білдірді.  Сондай-ақ, Департамент басшысы Астанада өтетін  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  VI съезіне қатысуға дайын екендіктерін білдірді.  Біріккен Араб Әмірліктерінің Бақыт Министрлігінің өкілдерімен кездесу барысында БАӘ тарапы бұл құрылымның қызметі туралы хабардар етті және Қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар