Медицина • 13 Қыркүйек, 2018

Қазақстан және Ресей жастары екі жақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар форумы аясында Қазақстан-ресей жастар ынтымақтастығы күні өтті.


Қазақстан және Ресей жастары екі жақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

 Іс-шара екі елдің жастар ұйымдары арасында өзара қарым-қатынасты күшейту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру саласында ынтымақтастықты талқылау мақсатында өткізілді. Форум қатысушыларына алғы сөз сөйлегендер қатарында Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы А. Оралов, Жастар істері жөніндегі Федералды агенттігінің халықаралық қызметі бөлімінің бастығы  Д. Иванов, Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулдығының басшысы С. Семенов болды.

А. Оралов өз сөзінде Ресей мен Қазақстанның одан әрі стратегиялық дамуы аясында мемлекеттік жастар саясатының маңызды орын алатынын атап өтті. «Жастарды қалыптасу және даму кезеңінде қолдау, жас ұрпақтың қоғамға кірігуіне жағдай жасау – маңызды мемлекеттік міндет. Заманауи экономикалық және саяси жағдайлар еліміздің жастарына өздерінің тиімді бастамалары мен шығармашылығын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамытудағы волонтерлердің үлесін атап айтқан жөн, сондай-ақ әріптестерімді Ресейдегі ерікті жылымен құттықтағым келеді», - деді А. Оралов.

Сонымен қатар, Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы қатысушыларды екі жақты ынтмақтастықты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыспен таныстырып өтті.

«Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде өзара іс-қимылдың тиімді үлгілері бар. Қазақстанмен шекаралас облыстарда жастар форумдары, слеттер, конференциялар өткізіледі. Жетекші республикалық жастар ұйымдарының  Ресейлік жастар одағымен, Жас ұланмен, Жастар қоғамдық палатасымен, Ресейлік студенттік жасақтармен өзара қарым-қатынас орнатылған», - деп айтты А. Оралов.

Іс-шара барысында жастар ұйымдары өкілдері, волонтерлер, жас мамандар, студенттер қатарынан қатысушылар жобалармен таныстырып, туризм, волонтерлік, жастар кәсіпкерлігі салаларындағы тәжірибесімен бөлісті.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Т. Қалиев және Посткеңестік кеңістікте қоғамдық-саяси үрдістерді зерделеу жөніндегі ақпараттық-талдамалық орталығының бас директоры Д. Чижова ынтымақтастықты дамыту перспективалары жөнінде ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстан және Ресей жастар ұйымдарының: Қазақстан жастарының Конгресі, Жастардың іскерлер кеңесі Ресей Федерациясының Жастар үкіметтері қауымдастығымен және Татарстан Республикасының Жастар үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.     

Ресей Федерациясы делегациясының құрамында 36 адам – мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, жастармен жұмыс істейтін мамандар, жас кәсіпкерлер, студенттер бар. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар форумы 2018 жылдың 14 қыркүйегіне дейін жалғасады.