Президент • 13 Қыркүйек, 2018

Елбасы Түркияның бизнесмендерімен кездесті

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапары аясында осы елдегі бизнес өкілдерімен жолығып, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Елбасы Түркияның бизнесмендерімен кездесті

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Іс-шараны ашқан Елбасы екі ел арасындағы қарым-қатынас достық сенімге негізделгенін атап өтіп, экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанын жеткізді.

Президент Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 27 пайызға артып, 2 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. «Түркия Қазақстанның сауда айналымының алғашқы ондығына кіретін стратегиялық әріптес. Елдер арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға артып, 2 миллиард долларды құрады. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында 820 миллион долларға жетті», деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Тәуелсіздік алғалы бері Түркия Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция салғанын айтып, кері инвестицияның көлемі 940 миллионға жеткенін атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстандағы түрлі салаларды түрік капиталының қатысуымен екі мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен металлургиясы және басқа салаларды қамтиды. Ірі серіктестер қатарында «Анадолы Хилдроу», «Үлкер», «Абди» секілді компаниялар бар. Сондай-ақ Қазақстанда 1993 жылдан бері түркиялық «Зиярат» банкі қызмет етіп келеді.

«2012 жылдан бері екі елдің кәсіпкерлерін жан-жақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған жаңа синергия бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама Р.Ердоған мырзаның Қазақстанға сапары кезінде басталған болатын. Оның шеңберінде сомасы 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып, 3000 жұмыс орны құрылды», деді Президент.

Бұдан бөлек, Елбасы кеше өткен бизнес өкілдерінің кездесуіне тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа қарқын алғанын мәлімдеді.

«Елдеріміздің бизнес өкілдері арасында сомасы 1,7 миллиард доллардан астам 24 құжатқа қол қойылды. Бұл сенімділік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға Қазақстан жағы әр уақытта мүдделі», деді Н.Назарбаев.

Кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын елдегі ең ірі 25 компанияның басшылары қатысты. Олар ауылшаруашылық және азық-түлік өнеркәсібі, геология, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, машина жасау, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, мемдекеттік-жеке меншік серіктестігі, денсаулық сақтау, фармацевтика секілді экономиканың басты салаларында жұмыс істейді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Анкарадан