Президент • 13 Қыркүйек, 2018

Президент Түркия компанияларын Қазақстанның әлеуетін пайдалануға шақырды

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада бизнес өкілдерімен кездесуінде Түркия компанияларын Қазақстанның әлеуетін пайдалануға шақырды.

Президент Түркия компанияларын Қазақстанның әлеуетін пайдалануға шақырды

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Елбасы өз сөзінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екенін атап өтіп, осы одақта 180 миллионнан астам халық мекендейтінін жеткізді. Мемлекет басшысы мұндай үлкен нарық Түркия компанияларына да, Қазақстан тарапына да тиімді болатынын айтты.

«Дүниежүзілік банктың Doing Business рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға ие болды. Қазақстан – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестиция комитетінің мүшесі. Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылды. Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі 20 жылдан бері тиімді жұмыс істеп келеді. Біз әлемнің ең үлкен компанияларының басшыларымен тікелей кездесуде туындаған мәселелерді шешіп отырамыз. «Анадолы групп» және «Сембол констракшн» компанияларының басшылары осы кеңестің мүшелері», деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы инвесторлар мен бизнеспен өзара тиімді әрекеттесу мақсатында «Испат» түрік агенттігіне ұқсақ KazakhInvest ұлттық компаниясы құрылғанын атап көрсетті. Сондай-ақ маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру кезінде корпоративтік жер және мүліктік салықтарынан босату қарастырылған.

Осындай жобалар үшін шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы және арнайы рұқсаты жүзеге асады. Жер қойнауын пайдалануға лицензияларды алу, шарттарды жасасу тәртібі жеңілдетілді. «Жаңартылған энергия көздерін дамыту мақсатында аукцион арқылы инвесторларға «кепілдендірілген офтейк» келісімшарт инвестициялық жеңілдіктер қарастырылған. Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың қатысушыларына салық және басқа жеңілдіктердің бәрі берілген. Түрік компанияларын Қазақстанда бизнес жүргізуге тағы шақырамыз», деді Президент.

Сонымен қатар Елбасы кейінгі уақытта Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропаны жалғайтын жол салынғанын, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын мүмкіндік бар екенін атап көрсетті.

«Каспий порттарының жалпы жылдық өткізу қабілеті 25 миллион тоннаға жетті. Олар Қытайды, Азияны, басқа да мемлекеттерді Жерорта теңізі арқылы Түркиямен байланыстырады. Бұл мүмкіншіліктерді Түркия компанияларының қолдануына әрдайым мүдделіміз және оған қолайлы жағдай жасаймыз», деді Н.Назарбаев.

Бұдан соң Президент Қазақстанның ауыл шаруашылығына басымдық беретінін, Түркия тарапына астық тасымалын жол қою қажеттігін жеткізді. «Қазақстанның аграрлық секторы ең үлкен сала болып саналады. Агрокешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Онда ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылған. Біз түрік компанияларын осы саладағы жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырамыз. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қазақстан астықты, бидайды экспорттайтын ірі мемлекеттің бірі. Биыл да астықтың түсімі өте жақсы. Сондықтан Түркияға астық пен ұн экспорттауға мүмкіндік мол», деді Президент.

Естеріңізге сала кетейік, Түркия астанасы Анкарада Елбасы Н.Назарбаев осы елдің бизнес саласының «капитандарымен» кезедсу өткізіп жатыр. Кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын елдегі ең ірі 25 компанияның басшылары қатысты. Олар ауылшаруашылық және азық-түлік өнеркәсібі, геология, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, машина жасау, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі, денсаулық сақтау, фармацевтика секілді экономиканың басты салаларында жұмыс істейді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Анкарадан