Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Көмек аясы кеңеюде

707 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа нысандағы «Атаулы әлеуметтік көмек» қолданысқа енгізілгені белгілі. Атаулы әлеуметтік көмек отбасылық табыс көлемі жан басына шаққанда 14 мың теңгеден аспайтын отбасыларына тағайындалады. 

Көмек аясы кеңеюде

Осы бір демеу әсіресе, жалғыз­­­­бас­ты аналарға жақсы болып тұр. Жұ­мыспен қамту орталықтары көмектің бұл түрі шалғайдағы шағын ауылдар үшін маңызды екендігін айтып отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін қалай болған күнде де тәп-тәуір талғажау. Көмек аясында жәрдемақымен қоса тұрғындарға тұрақты табыс көзі, жұмыс орны да ұсынылады. Қорғалжын аудандық жұмыспен қамту орталығы осы жылы 700-ге жуық тұрғынды әлеу­мет­тік көмекпен қамтуға тиіс болатын. 

– Атаулы көмек бойынша биыл республикалық бюджеттен 17 миллион 363 мың теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат 105 отбасыға есептеліп отыр. Әзірге 480 адамды құрайтын 96 отбасы қамтылды. Көмектің екі түрі бар: шартты және шартсыз. Көмек алу үшін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар өтінім жасай алады. Шарт­­сыз әлеуметтік кө­мек дегеніміз – жал­ғыз басты ана­ларға, зейнеткерлерге, бірінші және екінші топтағы мүге­дектерге ай сайын төленетін төлем. Шартты көмек жұмыспен қамту­ға жәрдемдесу және қажет болған жағ­дайда әлеуметтік бейімдеу шара­ларына қатысуды көздейді, – дей­ді аудандық жұмыспен қамту орта­лығының директоры Асылбек Мұстафин.

Жоғарыда айтылған көмек түр­лері 3-6 айға тағайындалады екен. Қажет болған тұста мерзімі одан да ұзар­тылуы мүмкін. Осындай шара­ның нәтижесінде тұрмысын жақсарт­қан адамдардың бірі – Зулфия Идия­тул­лина. Жалғызбасты анаға орталық мамандары тұрақты жұмыс орнын тауып беріпті. 

– Әлеуметтік көмек қысылғанда көп-көрім демеу болды. Орталық ма­мандары ел ішінде әлеуметтік көмек туралы ақпарат таратты. Мен құ­жаттарымды жинап бардым. Комиссия отырысынан кейін ай сайын өзіме және балаларыма 47672 теңге көмек көрсетілетін болды. Бұл шалғайдағы шағын ауылдың жұмыссыз отырған тұрғыны үшін нәпақа. Ең бастысы, жергілікті қорыққа бағбан болып жұмысқа орналастым, – дейді ол. 

Тұрақты жұмыс істеп, табыс тап­қанға не жетсін, шіркін. Қазір жалғыз­басты ана ешкімге алақан жайып отырған жоқ. Өз еңбегінің арқасында жетіліп келеді. Балаларын да жаңа оқу жылына жақсылап әзірледі.

Атаулы әлеуметтік көмек бірдің ғана емес, мыңның жағдайын жақсар­туға септігін тигізіп отыр. Қарапайым халық көңілге дем берген көмек өз еңбегіне жалынатын кәсіп тауып беруімен құнды дейді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы