Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Ерлан Есмамбетов: «Ақылды» технологиялар бюджетке мол табыс түсіріп жатыр

1479 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамыған кезеңде «ақылды» дүниелер көбейеді екен.  «Ақылды қала», «ақылды үй», «ақылды технология»... Ал бұрын «ақылды» деген сын есім тек жандыға ғана жалғанатын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында Smart City жобасы қолға алынғаннан кейін «Ақылды қала» деген тіркесті тіпті жиі еститін болдық.  Сонымен, «Ақылды қала» қандай болады? Smart City жобасы елімізде қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл туралы бірқатар сауалымызды «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Есмамбетовке қойдық.

Ерлан Есмамбетов: «Ақылды» технологиялар бюджетке мол табыс түсіріп жатыр

– Жалпы, «ақылды қала» қандай болады?

– Дәл қазір дүние жүзінде урбанизация, экономикалық өсу, экологиялық қатерлер сынды негізгі факторлардан тұратын процес жүріп жатыр. Жаппай урбанизация қала халқының көбеюіне, инфрақұрылымға түсетін жүктеменің көбеюіне  себепші болуда, қоршаған ортаға зиян келуде. Яғни, адамдардың өмір сүруінің экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді жолдарын қарастыру қажеттігі туындады. Бұл проблеманы өмірімізге заманауи технологияларды енгізу, ақпараттарды цифрландыру және өңделген ақпараттарды адамдарға ұсыну арқылы шешуге болады.  Осы әлемдік трендтен қалмай, заман көшіне ілесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің өмірінің барлық саласына озық технологияларды енгізуді іске асыру үшін Smart City тұжырымдамасы әзірленді.

«Ақылды қала» дегеніміз – ақылды орта, бізді қоршаған әлем. Ақылды аялдамалардан бастап, ақылды жарықтандыруға дейінгі тұрмысқа қажетті нәрселердің барлығы соның аясына кіреді.  

– «Ақылды қала» қалай қалыптасады?

– Әлемдік тәжірибеде оның екі жолы бар. Біріншісі, жаңадан «ақылды қаланы» салу. Яғни, негізгі барлық шешімдер жаңадан салынатын қаланы жобалау және салу кезінде алдын ала қабылданады. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі МАСДАР, Оңтүстік Кореядағы Нью Сонгдо, Қытайдағы Тяньцзин сынды қалалардың іргетасы қаланбай тұрып, оларды жобалау кезінде-ақ қажетті барлық шешімдер ойластырылған. Бұл тәсілдің кемшілігі де бар. Жаңадан салынатын қалада өмір сүру ыңғайлы, тартымды болғанына қарамастан, халықтың оған көшіп баруға, тұрақтап өмір сүруге деген құлшынысы күшті болатынына ешқандай кепілдік жоқ. Ондағы халықтың саны алдын ала жоспардағыдай болмауы әбден мүмкін.

Екінші жолы –  бұрыннан бар қаланың тыныс-тіршілігін, барлық инфрақұрылым жүйелерін біртіндеп «ақылды қаланың» қағидаларына бейімдеп қайта құру, түбегейлі қайта жабдықтау. Бұған мысал ретінде Амстердам, Лондон, Стокгольм, Фуджисава, Барселона сынды қалаларды айтуға болады. Бұл тәсілдік де қиын жағы бар. Мәселен, шаһардағы тарихи нысандарды сақтап қалу, құндылығын жоғалтпау керек болғандықтан инфрақұрылымын түбегейлі өзгерту мүмкіндігі өте төмен.

– Smart City-дің баршаға ортақ қандай да бір қағидалары, белгісі бола ма?

– Әрине, оның да халықаралық стандарттары болады. Қазақстан Smart City саласындағы өзінің ұлттық стандарттарын әзірлеп, бекіткен. Оның негізі – қалалық процестерды бір орталықтан басқару. Энергияны сақтау, тұрғын үй, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, экология саласындағы инновациялық шешімдердің бәрі сол орталықтандырылған басқарудың тармақтары деп түсіну керек. Адамдардың қауіпсіздігі, көрсетілетін қызметтердің сапалы болуы атқарылатын жұмыстарға қойылатын басты талап деуге болады.

– Smart City табысты жүзеге асырылған деп әлемнің қандай қалаларын айтуға болады?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, көптеген елдер жаңа технологияларды енгізу арқылы өз қалаларын «ақылды» етуге тырысады. Бұл орайда жетістікке жеткен қалалардың қатарында Амстердам, Лондон, Стокгольм, Фуджисава, Торонто, Барселона сынды шаһарларды ерекше атап өткен жөн.  

Жалпы, «ақылды» қалалардың да бір-бірінен ерекшеліктері болады. Мәселен, қаланы дамытуға байланысты әрқайсысының мақсаттары әртүрлі, халқының қажеттіліктерінде де ерекшелік бар дегендей. Мысалы, «Дубай Smart City» мемлекеттік жобасының басты мақсаты көптеген қонақтар мен туристерге, бизнесмендер мен кәсіпкерлерге, сондай-ақ араб жастарына бағытталды. Дубайда тәулік бойы қолжетімді ұялы байланыс немесе смартфон арқылы азаматтарға мемлекеттік қызметтердің барлығын қашықтан алуға мүмкіндік жасалды.

2016 жылы Жапонияда «ақылды қала» – Фудзисава  ашылды. Фудзисавадағы барлық үйлерде тек күн энергиясы пайдаланылады, тұтынылатын судың көлемі юасқаларымен салыстырғанда 30 %-ке де жетпейді.   Қалада тек электрлі автокөлікпен, велосипедпен, самокатпен жүруге болады. Көшелерде сенсорлық жүйелер орнатылған, жарық адам өткен кезде ғана жанып, артынша бірден сөнеді. Жер сілкінісі болған жағдайда қаланың өзі халықты үш күн бойы ыстық және суық сумен қамтамасыз ете алады. Барлық объектілер Fujisawa SST Square кешенінен басқарылады. Осындай мысалдар көп.

– Бүгінгі таңда Smart City жобасы Қазақстанның қай қалаларында жақсы дамып келеді?

– Жалпы, Қазақстанда «ақылды қала» жобаларын негізінен аймақтардың әкімшіліктері жүзеге асырады. Әкімдіктер өңір халқының өмір сүру сапасын жақсартуға, электронды операциялар нысанындағы мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыруға, өңірлерді Smart City халықаралық рейтингтеріне енгізуге, «Smart city» тұжырымдамасына сәйкес жобаларды іске асыруға басымдық береді. «Ақылды қала» аясындағы жобалар Қазақстанның барлық өңірлерінде, сосын республикалық маңызы бар 3 қала Астана, Алматы және Шымкентте енгізілуде.

– Smart City қолға алынғаннан бергі экономикаға пайда әкелді ме? Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қандай жаңалықтар енгізілді?

– Осы жобаның арқасында халық коммуналдық шығындарды жоспарлау және төлеу, төтенше жағдайлар кезінде бұрынғымен салыстырғанда тез әрекет ету, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде уақыт үнемдеу сынды мүмкіндіктерге ие болып жатыр. Өз халқымыз ғана емес, шетелден келген бизнесмендердің де өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасалып, сол арқылы инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптасып келеді.

Smart City-дің уақыт үнемдеу, шығындарды азайту сынды артықшылықтарынан бөлек, табысты да еселеуге әсері бар. Мысалы, «ақылды» технологияларды енгізу аясында Астанада «Сергек» жүйесін пайдалану бюджетке 30 миллион теңгеден астам табыс әкелді. Елорда  көшелерін жарықтандыру бойынша энергияны тұтыну 30 процентке қысқарды.

Шығыс Қазақстанда қанатқақты режімдегі балама энергия көздері пайдаланыла бастады. Облыстағы аудандарда қазір  денсаулық сақтау жүйелеріне қосылған 67 амбулатория бар. Алғашқы медициналық көмек көрсету және дәрігердің келу уақыты азайды.

Шымкентте жол-көлік оқиғаларының фото және бейне түсірілімі, жол ережелерін бұзуды тіркеу уақыты екі есеге кеміді. Алматы облысында қалалық көлікті басқару жүйесі іске қосылғаннан кейін  қоғамдық көліктерді күту уақыты 30 процентке дейін қысқарды.  

Білім беру саласын алар боласақ, Павлодар облысының білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістердің бірі – ата-аналар балалардың сабақ үлгерімін онлайн журналдар мен күнделіктен көріп отырады. Шымкентте 459 балабақшаға балаларды қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді, соның арқасында балабақшаларға кезек 2,5 есеге қысқарды. Шымкенттегі  барлық мектептерде электронды журнал және күнделік жүйесі іске қосылды.

Шымкентте қазір педагог кадрларды таңдаудың «T-hunter» автоматтандырылған жүйесі енгізілгеннен кейін педагогтар құрамының сапасы жақсарды. Ең бастысы –  сыбайлас жемқорлықтың туындау мүмкіндігі азайды.  «Ақтау қаласындағы бейнебақылау жүйесі бюджетке ай сайын орташа есеппен 2 млн. теңге көлемінде табыс түсіруде.

Павлодар облысында «Сарыарқа» шағын ауданының көп қабатты тұрғын үйлерін есептегіш құралдармен жабдықтау» жобасы енгізілген болатын. Нәтижесінде былтырғы жылыту беру маусымында 26,7 млн. теңгенің энергрясы үнемделді. Айта берсек, мұндай мысалдар аз емес.

– Дүние жүзіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамыған қалалардың рейтингінде Қазақстанның қалалары бар ма?

– Жалпы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ең дамыған қалалардың тізімінде Лондон, Стокгольм, Фуджисава, Торонто, Барселона Сеул, Женева, Дубай, Лондон, Вашингтон, Берлин сынды қалалар алдыңғы орын алады. Біздің Астана мен Алматымыз алғашқы 55 қаланың ішінде.

Әзірлеген Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»