Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстан университетінде агробиостанция жұмыс істейді

670 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен аспан асты елінің ауыл және орман шаруашылығы солтүстік батыс университетінің өзара уағдаластығы арқасында агробиостанция өз жұмысын бастады.

Солтүстік Қазақстан университетінде агробиостанция жұмыс істейді

Еңселі оқу орнында  7 мыңнан астам студент 18 мамандық бойынша даярланады. Биыл агротехнологиялық факультет ашылып, болашақ ауылшаруашылық саласының мамандары қытайлық және жергілікті университет әріптестігі аясында оқытылады. Шань си провинциясының жоғарғы білім беру мекемесімен жасалған келісімшарт негізінде ашылған агробиостанцияда Қытайдан жеткізілген ауылшаруашылық дақылдарының теріскейдің климатына бейімділігі жан-жақты зерттелетін болады.

 «Өзара әріптестістіктің тиімділігі зор. Агротехнологиялық факультеттің  6 студенті Шань си провинциясына барып, білімдерін одан әрі жалғстырады. Онда топырақ ерекшелігі зерттеледі, мол өнім алу жолдары үйретіледі», дейді агротехнология факультетінің деканы Алтын Шаяхметова.

Қытай ауыл және орман шаруашылығы солтүстік батыс университетінің кеңес төрағасы Ли Сиванның айтуынша провинция шөлді аймақта орналасқан. Ауылшаруашылық және  азық-түлік инженерлерін даярлайтын оқу орнында шөлді далаларда орналасқан егістіктен мол өнім алудың озық технологиялары кеңінене қолданылады.

Агробиостанцияда қытай мамандары шығарған селекциялы бидай, зығыр, бұршақ тұқымдас, картоп және тағы басқа ауылшаруашылық дақылдарының сұрыптары ұсынылды. Жоғары өнімділері жергілікті шаруашылықтардың қолданылуына беріледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар