Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Анкарада «Қазақстан күндері» өтті

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бауырлас елден жедел жеткен ақпарат бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай Анкарада «Қазақстан күндері» өтті.

Анкарада «Қазақстан күндері» өтті

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыруымен Этимесгут ауданының мэриясы ұйымдастырған «Анадолу» фестиваліне  Жамбыл облысы Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі қатысты. Өнер ұжымы сапарын қала таныстығынан бастап, Этимесгут ауданының мэрі Әнуар Демирельдің қабылдауында болды. Шығармашылық делегацияны Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық Халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, ансамбльдің көркем жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əуесхан Келгенбаев бастап келді. Жүздесу барысында Анадолу фестивалінің маңызы мен түркі ынтымағына тигізер ықпалы жайында əңгіме өрбіді. Жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаев қазақстандық қонақтарды таныстырып, фестивальдің сəтті өтуіне тілектестік білдірді.

Ұзақ жылдан бері қазақ өнері мен мəдениетін, əдебиетін Түркия төрінде насихаттап, екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға үлес қосып келе жатқан Этимесгут мэрі Әнуар Демирельге халықаралық Жамбыл сыйлығы мен төсбелгісі табыс етілді. Биыл 15-ші мəрте ұйымдастырылып отырған өнер мерекесіне алыс-жақын түркі тілдес мемлекеттерден және Түркия аумағындағы барлық қалалар мен провинциялардан шығармашылық топтар шақырылыпты. Олар он күн бойы Анадолу жерін думанға бөлеп, ұлттық фольклорын паш етпек.

«Əсем əуен» фольклорлық ансамблі  көрермендер назарына Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», » Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық əндерін тарту етті. Жас қобызшы Бірғаным Мырзахан халық əні «Илигайды» орындап, түрік əні «Ду-дуды» Бауыржан Үйсінбаев нақышына келтіре шырқады. Ансамбль әншілері Мәдениет қайраткері Жанат Досжанова, Айгүл Диқанова, Нұрболат Іңкəрбеков те жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақ елінің ұлттық өнерін лайықты таныстыра білді. Қазақстан өнерпаздарын 50 мың көрермен тамашалап, «Бенгү» түрік арнасы тікелей эфирден таратты.

Кеш соңында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, көне Тараз төрінен, қасиетті Талас жерінен келген өнер иелері мен шараны ұйымдастырған Этимесгут ауданы мэриясына алғыс білдірді.

- Күздің осы тамаша күндері жүрегімізге үлкен қуаныш сыйлаған ХV «Анадолу» халықаралық фестивалі Түркияның ғана емес, түрік әлемінің бірегей жобасына айналды. Ауқымды шара мәдени қарым-қатынастарымызды дамытуға және бауырластық рухымызды нығайтуға айрықша үлес қосып келеді. Ұлттық өнерімізді бір сахнада тоғыстырып қана қоймай, біздің мәңгілік мұраларымыз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға, тарихымызбен жақын танысуға, ынтымақ-бірлігіміздің арта түсуіне үлкен мүмкіндік, тың серпін беріп отыр.

Сондықтан Этимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель мырзаға осы ұмытылмас іс-шараны ұйымдастырғаны үшін зор ризашылық білдіргім келеді, - деді Абзал Сапарбекұлы.

Өз кезегінде Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов пен Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың ыстық сəлемі мен жылы лебізін жеткізіп, мэр Əнуар Демирель мен елші Абзал Сапарбекұлының иығына шапан жауып, Тараз қолөнер шеберлерінің жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесін қолмен тоқыған келемшені сыйға тартты.

Жамбыл облысы өнерпаздарының гастрольдік сапары ары қарай Нигде қаласында жалғасын тапты. Шығармашылық делегация күтіп алған Нигде қаласының Бор муниципалитеті мәдениет басқармасының басшысы Мехмет Баш тарихи орындарды аралатып, көне Тиана қалашығы аспан асты музейімен таныстырды. Кешкісін 5 мың орындық амфитеатрда өткен концертке жақын маңдағы Алтай қазақ ауылының тұрғындары арнайы келді. Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшек, Бор муниципалитеті  мэрі Сыткы Ерат және басқа да лауазымды тұлғалар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бағдарлама барысында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай А.Сапарбекұлы Бор провинциясының мэрі Сыткы Ерат мырзаға Елорда символы «Бәйтерек» монументі өрнектелеген сағатты сыйға тартса, Жамбыл облысы Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Исакқызы шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасы атынан Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшекке «Көне Тараз» кілемшесі табыс етілді.

Гастрольдік сапар барысында «Әсем әуен» фольклорлық ұжымы Кападокия, Ыстамбұл қаласының көрікті орындарын аралап, тарихи орындарымен танысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан