Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Әйелдер кәсіпкерлігінің көкжиегі кеңейіп келеді

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды. Мемлекеттік хатшы сапар аясында Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайымы Т.Нарбаеваның шақыруы бойынша Қазақстан және Өзбекстан әйелдері бизнес-форумына қатысты.

Әйелдер кәсіпкерлігінің көкжиегі кеңейіп келеді

Сондай-ақ жиын қонақтары қатарында Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкер әйелдер қоғамдастығы өкілдері болды.

Құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы екіжақты қа­рым-қатынастың дамуына ай­рық­ша көңіл бөлетінін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Елба­сының екі халықтың қарым-қатынасының нағыз бауырластық сипаты өз тамырын сонау ғасырлар қойнауына тартып, ата-бабаларымыздың даңқты ортақ тарихы мен бай рухани мұрасы арқылы бекіп жатқаны жөніндегі сөзін мысал етті.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүм­кіндіктерін кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп отырғанын айтты.

– Демократиялық қоғам құрудың негізгі бағытының бірі гендерлік үйлесімге қол жеткізу болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында қомақты нәтижелерге қол жетті. Біздің елімізде әйелдердің саясатқа араласуы жөнінен үлкен ілгерілеушілік болды. Мәжілісте 29 әйел бар, яғни олар депутаттардың жалпы санының 27%-інен асады. Экономикада қарқынды түрде кәсіпкер әйелдер секторы қалыптасты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 44%-ін әйелдер басқарады, олар бұл саладағы барлық жұмыс орнының үштен бірін қамтамасыз етіп отыр, – деді Мемлекеттік хатшы.

Форумда Қазақстан Прези­денті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Өзбекстан Әйелдер комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіпкер әйелдерінің иннова­циялық бизнес-жобалары назарға ұсынылды, сындарлы түрде озық тә­жірибе алмасу жүзеге асырылды.

Мемлекеттік хатшы Г.Әб­діқалықова форум аясында Өзбекстан Пре­мьер-министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайы­мы Т.Нарбаевамен бірге әйел­дер бизнес қоғамдастығы ынты­мақ­тастығының, сондай-ақ әйел­дер­дің рөлін арттыру мен мүмкін­діктерін кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылады.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»