Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Алматы жұрты оркестрлер шеруін тамашалады

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының туған күні – қала тұрғындарының асыға күтетін айтулы мерекесі. Қала күнін атап өтудің алғашқы шараларын шаһар халқы қуанышпен қабылдауды бастады. 12-13 қыркүйек күндері шаһар өміріндегі шуақты шаралардың бірі – ашық аспан астында жыл сайын ұйымдастырылатын ІХ Оркестрлер фестивалі болып өтті. Қазақ өнері мен мәдениетіне қызмет етіп келе жатқан маңызды шығармашылық ұжымдардың, сондай-ақ музыка аспаптарында ойнайтын жеке орындаушылар мен вокал шеберлерінің қатысуымен екі күн бойына оркестрлік әуен әуеде қалықтап тұрды.

Алматы жұрты оркестрлер шеруін тамашалады

Сахна төрінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің бір мезгілде өнер көрсетуі кәсібилікті ғана емес, өнердегі ынтымақты, ұжымдағы өрістеу мен дамуды да паш еткендей болды. Мерекенің алғашқы күні классикалық музыка әуесқойларына «Күйден классикаға дейін» атты тамаша музыкалық бағдарлама ұсынылды. Алғашқыда алыстан қалықтап жеткен музыка үніне елтіп жинала бастаған шоғырдың қарасы сирек болғанымен, кешке қарай шоқтана түскен жүздеген, мыңдаған көрермен Абай ескерткішінің айналасын дүбірлеткен нағыз оркестрлер шеруін тамашалады.

Ашық аспан астындағы концертте қазақтың аспаптық және вокалдық классикасының жауһарлары, халық әндері, орыс және еуропалық авторлардың классикалық әуендері, заманауи сазгерлердің шығармалары, кинофильмдердің саундтректері бірінен соң бірі орындалып жатты. Оркестрлердің сүйемелдеуімен Зарина Алтынбаева, Жәмилә Серкебаева, Ұлту Қабаева, Бақыт Тұрманова, Фархат Кубиев, Данияр Байжұманов, Нұрсұлтан Шатырханұлы сияқты опера, симфониялық саз шеберлері, эстрада орындаушылары өнер көрсетсе, «Satzhan project», «Ifly» топтарының өнерпаздары да жұлдызды кешті жарқырата түсті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ