Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Кәсіпкерлікке кедергі жасау – кесірдің ісі

753 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назар­баев елімізде кәсіпкерлікті да­мыту мен қолдау туралы үне­мі айтып келеді. «Біздің стра­тегиялық мақ­са­­­­ты­мыздың бірі – елдің ішкі жалпы өнімін­дегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қам­тамасыз ету», деген. Елбасы бұл – өте өршіл мақсат екендігін, бірақ оған қол жеткізуге болатындығын да атап өтті. Соның бір дәлеліндей, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойды. Енді осы заң арқылы кез келген адамға діттеген бизнесін ойдағыдай жүргізуі үшін ол ашылатынына сенім ұлғайып отыр.

Кәсіпкерлікке кедергі жасау – кесірдің ісі

Бұл заңнан кәсіпкерлердің күтері көп. Солардың бірі – «Әсия» жылы­­­жай кешенінің директоры, кәсіпкер Полатбек Жоланов. Ол да өзгелер се­кілді енді кәсібін кедергісіз дөңге­летуде кездесетін талай кемшіліктер мен қолбайлаулар жойылатынына сенімді.

Полатбек Жоланов бүгінде бизне­сінің өркендеп келе жатқанын айтады. Ол осы шағын бизнеспен айналысқан жылдар ішінде тек отбасын, тума-туысқандарын қамтамасыз етіп қана қоймай, 50 шақты адамды жұмыспен қамтып, айлығын уақтылы беріп, қазынаға салығын толығымен аударып келеді. Кәсібін дөңгелеткен соң ауыл тұрғындарының өтінішін ескеріп, су жаңа мешіт тұрғызып берді. Одан кейін жол салды. Мектепке, балабақшаға көмегін тигізді. Айта берсе мұның бәрі қыруар қаржыны қажет ететіні белгілі. Бірақ Полатбек бизнесінің өркендеуі елдің арқасында екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Арман есімді екі көзі көрмей қалған жас баланың шетелге барып, көзіне ота жасату шығындарын толық көтеріп алды. Мектеп оқушыларының болашақ бағбандар мен биологтарды нақты тәжірибе жүзінде білімдерін арттыруы үшін жылыжайларын тәжі­рибелік са­­­­бақтар өткізуге де ұсынып отыр. Иә, айта берсе кә­сіпкер ретінде шапағатын көріп жатқандар аз емес.

Полатбек Жоланов Астанаға алғаш келген жылдары қияр мен қызанақтың бағасы шарықтап тұрғанын айтады. Сол кезде оның базардағы кұны аса көтеріліп кеткен екен. Әрине, Астана тұрғыны ретінде оны бұл мәселе алаңдатпай қоймады. Елбасы Сарыарқа төсінде әсем қала тұрғызып берді. Соған орай қайткенде бұл қалада көкөніс түрін көбейтуге әрі халыққа бағасын қолжетімді етуге болады деп ойлады. Шешімін тез тапты. Бірақ ойын жүзеге асыру өзі жоспарлағандай болмады. Нағыз қиындықтар тізіліп алдынан шықты. Бірінен өтсе, келесі бір кедергіге тап болды. Ақыры қаланың шығыс жағынан жылыжайға арнап жер алды. Алды деген аты ғана еді, ол жер негізінен бұрынғы қоқыс төгетін алаң болатын. Көп жыл бойы төгілген қоқыс пен қалдықтар топыраққа батып, сіңіп кеткен. Тап бұл күйінде бұл жерде жеуге жарамды таза көкөніс өсірем деу бекершілік еді. Ал оны қоқыстан, қалдықтан түбегейлі тазарту үшін алқаптың беткі қабатын тұтасымен күреп тастау қажет. Оның орнына құнарлы топырақ төгілуі тиіс. Алынбас қамалдай көрінсе де, «көз қорқақ, қол батыр» дегендей, жұмыстың бәрін өзі атқарып шықты.

Тазартылған жерге қаланың құры­лыс орындарынан шыққан топырақты жүргізушілерді жалдап төккізді. Өйткені даладан топырақ қазып әке­лу табиғатқа залал келтірумен бір­дей. Сөйтіп шамамен КамАЗ көлі­гімен 2 мыңға жуық көлік бос топы­рақ жеткізіпті. Осылайша бұл қиын­шы­лықты да еңсеріп шықты.

Жердің бабын келтірген соң жоспарланған жылыжай атына сай болуы үшін білікті мамандар іздеді. Сөйтсе, бұл шаруаның жай-жапсарын, жөнін білетін адам аз екен. Бәрінің айтатыны: «Бұл жақтың ауа райына жылыжай жарамайды». Ал жылыжай құрылысының жабдықтары Ресейде шығарылады екен. Сыртқы құрылысы мен ішкі технологиясының бар жабдығын сатып әкеп, оны арнайы мамандарды шақыртып құрғыз­ды. Бұл бағытта да түрлі кедергілерге тап болды. Алғашқы жылыжайды құрып береміз деген фирманың адам­дары 20 млн теңгесін алып, артын­ша ізім-қайым жоғалды. Арыздан­ға­нымен алаяқтар таптырмады. Әйтсе де, бұл қиыншылықтарды да ең­сер­­ді. Әрине, бір жылыжай емес, бір­­неше жылыжайды бірінен соң бірін тұрғызды. Бірақ бірде-біреуіне су тартылмады. Тиісті орындарға бар­ғанымен су мәселесі шешімін таппады. Нақтысын айтқанда, әкімшілік кедергілерден өте алмады. Алайда қол қусырып отырмады. Суды тасып әкеп, жылыжайларды суаруға көшеді. Әр машинасы 6 мың теңге. Еңбегі же­місін берсе, шыққан шығынды ақтармын деп сенді. Ақыры ұзақ жылғы өлшеусіз еңбегінің жемісін татты. Жарықтық, қызанақ пен қияр кәсіпкердің аялы алақанының жылы шуағын сезінгендей қаулап шықты, қыруар өнім берді. Енді мұны сатып, біраз адамды таза көкөніспен қамтамасыз етемін әрі пайдасын көремін ғой деп ойлайды.

Бірақ... Иә, бірақ Полатбектің көрер «қызығы» әлі алда екен. «Мә­селен, кез келген адам өсіріп шы­ғарған өнімін жиып-теріп базарға алып келсін делік. Оның бұл өнімі 20-30 кило емес, бірнеше тонна болуы мүмкін. Амал нешік, ол оны базарға өткізе алмайды. Өздігінен сата да алмайды. «Кез келген базарда делдал болады. Оны жұрттың бәрі біледі, мен теледидардан да айтып жүрмін. Егер делдалмен келісіп, айтқанына көнсеңіз, табан астында бар өніміңізді өткізіп кетесіз. Ал оған көнбесеңіз, базарға да өткізе алмай, сата да алмай тонна-тонна қызанақ пен қиярыңызды шірітіп, сосын қайта алып қайтасыз. Міне, бұл бүгінгінің ащы шындығы», дейді П.Жоланов. Амал жоқ, Полатбек делдалдардың айтқанына көнген. «Бұл қалай?!» деп айқайласа да, ешкім жан дауысын естіген емес. «Кәсіпкер соңғы күшін сарқып өнімін халыққа өз бағасына сату үшін жеткізеді, ал арадағы делдал оған үстеме ақы қо­сып, жұрттың қалтасын қағады. Осы­лайша шарықтаған баға шарықтай береді» дейді ол.

Осы қиындықтарды көрсе де Полатбек нали қоймады. Аянбай тер төгіп, адал жұмыс істей білсе еңбектің зейнетін көретініне көз жеткізді. Кәсібін жандандыра берді. Ақыры жылыжайлар санын жиырмаға жуықтатты. Бірақ қанша жерден талпынғанымен мемлекеттен жәрдем қаржы ала алмады. Міне, бірнеше жылдан бері бизнесмен атанып, Астана тұрғындары мен қонақтарын таза да сапалы қияр, қызанақпен қамтамасыз етіп келе жатса да жәрдем қаржы бұйырмай қойды. Мұны ол, кәсіпкерлердің өркендеуіне жағдай жасау қажет деген Елбасы тапсырмаларының өз деңгейінде орындалмауының көрінісі дейді.

Қазіргі күні Полатбек жылыжай­ларға қажетті жабдықтарды шығару­мен де айналысады. Тіпті жылыжай ашамын дегендерге жол көрсетіп, оны құрып, салып, дайындап береді екен. Өзі жылыжайларынан күніне бір тоннадан астам өнім алады.

Қандай қиындық туындаса да Полатбек кәсібін жандандыра бермек. Осы мақсатпен қазір халықаралық автокөлік жолы бойында жолаушылар аялдайтын, оларға жан-жақты сапалы қызмет көрсететін, туристерге жатып демалатын үлкен демалыс орнын ашпақшы. Онда көліктерге талапқа сай сервис жасалады. Бұл демалыс орны халықаралық жолдан 19 метр жерде екен. Жобалау жұмыстары толық аяқталған. Осы жобалау құжатына сай енді демалыс аймағына халықаралық жолдан кіретін, шығатын айналма жолдарды «ҚазАвтоЖол» ҰК»АҚ істеп беруге тиіс. Алайда, қанша хат жазғанымен компанияның басқарма төрағасы Ермек Қизатовтың қабылдауына кіре алмапты. Барлық жұмыс осы мәселеге байланысты тоқтап тұр. «Кіріс және шығыс жолы жасалса, қалған жұмыс соған байланысты жалғасады», дейді ол. Сонда ол тағы 200-ге тарта адамға жұмыс тауып бермек. Алайда бұл талабы да тасқа соғылып тұр.

Әрине, елдегі кәсіпкерлікті жаппай дамыту мемлекет экономикасына жан беретіні белгілі. Бұл орайда Мемлекет басшысының алдымен экономика, сосын саясат формуласын ұстанатыны бекер емес. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің дамуы да айқындала түседі. Сондықтан Елбасы әрқашанда кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау білдіріп келеді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселе­ле­рі бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңына енгі­зілген өзгерістердің басты мақсаты – бизнесті реттеу саласындағы заңна­маны жетілдіре түсу. Заң аясында мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 процентке қысқарту көзделіп отыр. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер реттеледі. Онда бизнес шығындарын жаппай төмендету шаралары қарастырылған және бәсекеге кедергі келтіретін нор­малар алынып тасталған. Осы заң арқылы 14 кодекс пен 109 заңға шама­мен 1 мыңға жуық өзгеріс енгі­зілді. Осы өзгерістердің бәрінің дітте­ген мақсаты – бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдай қалып­тастыру. Ендеше Полатбек Жоланов секілді кәсіпкерлердің де кәсіптерін кедергісіз жалғастырары сөзсіз.

Абдулмахмут ПОШАТАЕВ