Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Балалардан да төлқұжат талап етіледі

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы кездері әлемдегі геосаяси жағдайларға, терроризм мен экстремизм қаупіне байланыс­ты көптеген мемлекеттер өз шекарасынан өткізу тәртібін қатаңдатты. 

Балалардан да төлқұжат талап етіледі

Атап айтқанда, бірқатар елдер төлқұжаттық-визалық ба­қылаудан өткізуді және жеке тұлғаны растау үлгі­ле­рін жетілдіріп, бүгінде биоме­триялық мәліметтері бар құ­жаттар (цифрлы фотосуреттер, саусақ таңбасы, көз шарасының кескіндемесі және т.б) беруге көше бастады.

Оған қоса 16 жасқа дейінгі балалардан да жеке төл­құжат талап ететін мемлекеттердің де қатары көбейіп келеді. Мәселен, Шенген аумағындағы еуро­­­­палық мемлекеттер, АҚШ, БАӘ және басқа да мем­ле­кеттер қауіпсіздік шараларын алға тартып, шетел­­діктерді өз аумағына кіргізу тәртібіне осы талапты енгізген.

Осыған орай, Ішкі істер ми­нистрлігі де Қазақстан аза­маттарының басқа елдердің шекарасынан еркін өтуін қам­тамасыз ету үшін қазіргі қол­да­ныстағы құжаттандыру тәртібін өзгертуге ниетті.

Нақтырақ айтқанда, ми­нистрлік «Жеке басты куә­лан­дыратын құжаттар туралы» Заңға өзгертулер мен то­лықтырулар енгізу арқылы 16 жасқа дейінгі балалар шетелге шығатын жағдайда төлқұжат алуды міндеттеуді құп көріп отыр. Ал қазіргі уақытта шетелге сапарлаған балалардың фотосуреттері ата-аналарының төлқұжаттарына жапсырылуда.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі тарат­қан мә­ліметтерге сүйенсек, шетелге шығатын бала­лардың жеке төл­құжат алуын міндеттейтін тәртіп 2019 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап күшіне енуі мүмкін.

Айта кетерлігі, биылдан бастап Қазақстан төл­құжатын рәсім­деу құны 2017 жылмен салыс­тыр­ған­да екі есеге қым­баттап 8 АЕК (19240 теңге, ­­1 АЕК – 2405) құрады. Ал төл­құ­жатты бір күн ішінде рәсім­деп, қол жеткізуге болады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар