Өнер • 14 Қыркүйек, 2018

Әділ ӘУБЕКЕРОВ: Кең даладан шабыт аламын

881 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әділ – суретші. Астрахань қаласында туған қазақ. Қазір Мәскеуде тұрады. Оның көрмесі Ресей аумағынан бөлек, Еуропаның бірқатар ірі қалаларында қойылып, сұлулықты жүрегінен өткізіп, сырға айналдырар ойлы туындыларымен көрушісін терең сезімнің тұңғиығына бойлатып жүр. Әділ ешқашан өз шығармашылығына меже қойып, қабілетін белгілі бір бағыт немесе стильмен шектеген емес. Адам, түс, сызық, сюрреализм, экспрессия, абстракция – бұлардың барлығы қайсыбір сиқырмен астраханьдық суретші Әділ Әубекеровтың жарқын және эмоционалдық суреттерінде үйлесім тауып жатады. Суретшіде барлығы еркін: сұңғыла сыр да, сәулелі ой да, биік талғам да. Оған шығармашылық қуат сыйлайтын, шабыттандыратын негізі күш – Табиғат-Ананың өзі. Шынайылықтан нәр алған қылқалам иесінің шығармашылығы сонысымен ерекше, сонысымен құнды. Қыркүйек айының 15-і мен қазанның 30-ы аралығында бас шаһар төріндегі TSE art destination галереясында өтетін «Astana-Art Show 2018» халықаралық көрмесіне қатысуға Мәскеуден арнайы келген талантты жас суретшімен өнер жайлы пікірлескен едік. 

Әділ ӘУБЕКЕРОВ: Кең даладан шабыт аламын

– Әділ, Астанаға қош келдіңіз! Бұл Қазақстанға алғаш келуіңіз бе?

– Иә, Астанаға алғаш рет ке­­­­­луім. Жалпы, маған Астана өте ұна­­ды. Жас қала, барлық нәрсе жедел қар­­қынмен дамып жатыр. Архи­­тектурасы да өте қызықты. Кон­трасты көңіл күй сыйлайды. Оң жаға­­лауда дәстүрлі, ескі ғимараттар шоғырланса, сол жағалаудың архитектурасы тұтасымен заманауи стильде, әйнекпен көмкеріліп қызықты жасалған екен. Қаланың екі бөлігі бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі әсерге бөлейді. Содан кейін мені таң­ғалдырғаны, суретші ретінде ерекше шабыттандырғаны – халықтың қонақжайлығы, Са­­­рыарқаның кең­дігіндей көңілдерінің көл-көсір дар­қандығы дер едім. Астрахань қала­сында туып, сол жақтың жоғары оқу орнын бітір­­­ге­німмен, жазғы демалысымды үнемі ауылда, ата-әжемнің қа­сын­да өткізетінмін. Атамның жеке мал шаруашылығы болды. Сол кісі­мен бірге жүріп қой мен сиыр баға­тынмын. Атқа отыруды да сол жерде үйрендім. Жалпы, жат елде туып, жат елде өскеніммен, жанымда, жүрегімде қазақылық өмір сүреді.

– Қандай бала болдыңыз?

– Менің таңғалатыным, біздің үйде шығармашылыққа қатысы бар адам жоқ. Әкем су арнасында жұмыс істесе, анам – дүкенде сатушы. Бі­рақ менің жастайымнан-ақ өнерге деген ерекше қызығушылығым болды. Бала кезімнен көпшілік мән бермейтін тұстарға назар аударатынымды байқадым. Айналамда болып жатқан оқиғаларға да өзгелерге ұқсамайтын ерекше көзқараспен қарайтынмын. Тіпті 4-5 жасымда ермексазбен ойнағанда да, қарапайым дүниелерді емес, өмірдегі шынайы адамдардың бейнелерін мүсіндейтінмін. Бірақ менің бұл ерекше қабілетім, қалыпқа сыймауым анамды үрейлендіретін. Сондықтан да анам менен ермексазды жасырып қоятын. Кейін уақыт өте келе бойымдағы дарыным­ды байқап, қолдау білдірді. Оқу бі­тір­ген соң Мәскеуге барып, шы­ғармашылықпен түбегейлі айналыс­тым. Қазір сол жақтамын.

– Ал тарихи отаныңыз – Қа­­зақ­станға оралып, осындағы көркем­өнерді дамыту жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, ондай ой бар. Қазірдің өзінде соны ойлап жүрмін. Түбегейлі болмаса да, біраз уақытқа осында келіп, туған елімнің тарихымен, дәстүрімен, табиғатымен тереңірек танысқым келеді. Тарихи жерлерге, өлкетану мұражайлары мен та­биғаты әсем жерлерге барып, ара­лап көріп, соны жүрегімнен өткізіп, сезінгім келеді. Мұның мен үшін үлкен маңызы бар. Өткенде Ұлттық мұражайға барып, ата-бабаларымыздың дәстүрімен, өмір сүру салтымен танысып қайттым. Жаныма өте жылы әсер қалдырды. Дәл сол кезде мен әр ұлттың бойында, әрбір азаматтың жанында гендік жадтың өмір сүретініне көзім жетті. Алдағы уақытта осы әсермен жақсы бір картина тудырғым келеді.

– Сіздің шығармашы­лы­ғы­ңызда қайсысы бірінші орында: логика ма, әлде эмоция ма?

– Эмоция! Өйткені өнер деге­німіз тікелей сезімге бағынатын бол­ған­дықтан, бұл салада эмоция ең бірінші орында. Менің шығар­машылығымда да солай. Шынайы сезімсіз өнер тумайды.

– Ал шығармашылы­ғыңыз­­­дағы басты құндылықтар өзегін не құрайды?

– Мен өз шығармашылығымда қандайда бір қуат көздері, энергия­лар жайында толғанғым келеді. Мәселен, Күн жайлы, Өмір жайлы, Жер жайлы, сондай-ақ аңыз-әфсаналық кейіпкерлерді, жалпы мифологияны шығармашылығыма арқау еткім келеді. Қиялдан туған әлем жайлы жазғым келеді сурет­терімде. Қандай да бір картинамен жұмыс жасағанда, барынша сол жағдайды өзіме сіңіріп, ондағы көңіл күйді жанымнан өткізіп, оған барынша мистикалық ноталар­ды қосуға тырысамын. Мен үшін шығармашылық қуаттың шоғыр­лан­ған қайнар көзі – сызықтар. Онда шексіздік бар. Міне, осы қасиеті үшін де сызықтарды ұна­тамын. Жалпы, менің жұмыс­­­тарымды кішігірім ребус десе де болады. Әрбір картинама жұмбақ жасырғанды ұнатамын. Өнерімді ұнатушы жанкүйерлерімнің менің жұмысымды тек көз жүгіртіп шолып шыққанын емес, оның мағынасына үңіліп, өздері үшін жаңа, тың се­зімдерді ашқанын қалаймын. Әр­бір тамашалаушы психологиялық бұрмаланған қалыпта ұсынылған сол жұмыстардағы көңіл күйді өз түйсіктерімен әрқайсысы жеке дара сезініп, әсерге бөлене алса, мен үшін шығармашылық бақыт – сол.

– Шабытты қайдан аласыз?

– Мені табиғатпен байланысты дүниенің барлығы шабыттандырады. Болмысымда қазақтың жаны өмір сүргендіктен болар, әсіресе жазық даланы, кеңістікті жақсы көремін. Кең даладан шабыт аламын. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан – мен аралап, бар ерекшелігін танып-білгім келетін бірден-бір мемлекет. Мәселен, Маңғыстау аймағы мен Оңтүстік өңір маған өте қызық. Сол жақты көргім келеді. Жалпы, Қазақстанның әсем жерлерінің көбі өзінің тазалығымен, адам аяғы көп тимеген, ластанбаған қалыбымен баурайды. Мұнда табиғат өзінің тазалығын, тұма тұнықтығын сақтаған. Суретші үшін бұдан асқан сый болмайды. Алдағы уақытты осындай жерлерді аралап, көріп, сұлу табиғаттан шабыт алып, сол сезімімді қағазға түсірсем деймін. Осы жағынан көмектесе алатын адамдармен дәл қазір сөйлесіп, келісіп жатырмын. Әрине мұнда қалатын болсам, ең бірінші қазақ тілін үйренгім келеді.

– Білетініміздей, сіз оң қолмен де, сол қолмен де бірдей еркін сурет сала береді екенсіз. Мұны шығармашылығыңыздың ерек­­шелігі деп бағалауға бола ма?

– Жоқ. Меніңше, ондай адамдар сурет әлемінде өте көп. Ол – шы­ғармашылық иесінің жекелей қабілетіне ғана байланысты дүние.

– Жалпы, суретші шығар­ма­шылығында түс, бояу алуандығы үлкен маңызға ие дегенімізбен, әр суретшінің өзінің жақын тартатын бояулары болады? Сізде бұл қандай түс?

– Маған жарқын, ашық түстердің барлығы ұнайды. Әйтсе де, солардың ішінде, әсіресе қызыл мен қараны ерекше жақсы көремін. Кейбіреулер қараны өте көңілсіз түс санайды. Ал мен үшін бұл – ғарыштың, шек­­­сіздіктің символы. Қызыл да солай. Қызыл түсте өмірдің барлық мәні жатыр. Қызыл – қан. Иә, мен қанды ұнатамын, себебі ол бәрімізді байланыстырады. Қызыл түс әртүрлі сезімді тудырады: бұл дегеніміз – әрі құмарлық, әрі үрей, әрі сұлулық. Жалпы, түс адамға қатты әсер етеді. Мәселен, мен қысқы мезгілде қанық түске толы суреттер саламын. Өйткені қыста тазалық бар. Осы мезгілде жанымды ерекше қуаныш кернейді. Қыс менің жаныма тыныштық сыйлайды.

– Дәл қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қазір абстрактілі картиналар салумен айналысып жүрмін. Содан кейін, әрине 15 қыркүйекте өтетін көрмеге дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстың ерекшелігі сол – эскизсіз салынуында: ойыма ең бірінші не келеді соны бейнелеймін. Мен онда негізінен адамзат пен жануарлар әлемінің, жалпы табиғаттың арасындағы байланысты көрсеткім келді.

– Суретшіліктен басқа біз біле бермейтін тағы қандай ерекше өнеріңіз бар?

– Суретші – ең бастысы әртіс. Егер де ол жаңа бір туындыны қолға алса, ол сол туындымен өмір сүруі керек. Қалғаны – одан кейін­гі мәселе. Қолым бос уақытта фото­суретке түсіргенді жақсы көре­мін. Бірақ негізгі айналысатын жұ­мы­сым – бейнелеу өнері. Жалпы,  қандай да бір салада жетістікке жету үшін тек сол саламен түбегейлі және тыңғылықты айналысу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана өзің қалағандай нәтижеге қол жеткізесің.

– Осы уақытқа дейін салынған картиналарыңыздың ішінде өзіңіз кемшіліксіз деп санайтын жұмысыңыз бар ма?

– Мінсіз тек табиғат қана. Ал суретшіде 100 процент өз көңілінен шығатын сурет болмайтын шығар...

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Әкем маған бала кезімде: «Адам – ол бір мезеттік сәт, ал уақыт көзді ашып-жұмғанша құйрықты жұлдыздай ағып түседі» деп үнемі айтып отыратын. Ең бас­тысы – уақытыңды босқа өткізіп алмау. Сондықтан да алдағы мақсатым – ешкімді қайталамайтын қызықты жұмыс тудыру. Бұл үшін көптеген жерлерді аралап, іздену керек.

– Сіздіңше, қызықты жұмыс деген не?

– Демалысты қажет етпейтін жұмыс.

– Ал шығармашылық еркіндік ше? Сізде бұл бар ма?

– Бостандық – бұл ой-өрісіңнің бостандығы. Мен сырттай кейбір тұста тұсалғаныммен, өз ой-санамда азатпын.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Барлығына бірдей ұнау үшін талпынып, тырысудың қажеті жоқ. Сырт көзге жалпылай ұнауға тырысу – бірізділікке алып келеді. Бұл  мінез баршаға ұнайтын фастфудтық өнім сияқты өз ерекшелігінен айырылады. Өнердің мәні – даралық!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ,

 «Егемен Қазақстан»