− Қазіргі таңда «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу мүмкіндігін қарастырудамыз. Бұл Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД елдері кеңістігі бойынша алғаш қолға алынып отырған жоба. Жаңа электр энергиясын өндіру желісі өз кезегінде дәстүрлі желілермен салыстырғанда қуатты 4-5 есеге артық жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар интеллектуалды технология арқылы ұзақ қашықтықтан электр энергиясының жеткізілуін басқаруды қамтамасыз етеді, – деді «KEGOG» АҚ-тың басқарма төрағасы.
«KEGOG» компаниясының басшысы келтірген ақпарат бойынша, бүгінде республикадағы электр стансаларының белгіленген қуатының жиынтық көлемі 428 МВт-ты құрайды, оның арасында «Бурные Соляр 1,2» ЖШС (Жамбыл облысы, жиынтық қуаты – 100 МВт), «Тұңғыш жел электр стансасы» ЖШС (Ақмола облысы, қуаты – 45 МВт) сияқты ірі нысандар бар.
− Бүгінгі таңда компания алдындағы тағы бір маңызды шаруалардың бірі – энергия таратушы компаниялардан бәсекеге қабілеттілікті талап ету. Осы орайда, ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында алғашқы аукцион өткізілді. Оның қорытындысы бойынша жалпы қуаты шамамен 200 МВт-ты құрайтын күн, жел, биогаз және гидроэлектр стансаларын салу бойынша 19 жаңа жоба іріктеліп алынды. Үстіміздегі жылдың қазан айында аукционның екінші кезеңін өткізу жоспарланып отыр, – деді Б.Қажиев.
Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі режімдерін басқаруды автоматтандыру» жобасын іске асырып жатқанын айта кетейік.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»