Бәтима Бисекенованың жастық шағы Теректінің Шалқар көлінің жағасында өтті. Осы өңірде мектепте білім алды, балық цехында еңбек етті. Тағдырдың жазмышымен Зинеддин Бисекеновпен шаңырақ көтеріп, Тоғанас ауылында ғұмыр кешті. Міне негізгі әңгіме қыларлық оқиғаның қызықты желісі де осы Тоғанас ауылында, 20 жастағы келіншек Бәтиманың басынан өтерін ол кезде кім біліпті?!
1965 жылы шаңырақ құрған Бәтиманың күйеуі Зинеддин күз айында азаматтық борышын өтеуге Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Аяғы ауыр жас келіншек үйде ата-енесімен қала береді. Атасы Сейітқали қария кеңшардың бір табын ірі қара малын бағатын. Бір жылдан соң Сейітқали қария зейнеткерлікке шығып, Тоғанас ауылының №2 бөлімшесіне жақын Аңқаты өзені жағасындағы қыстауға көшіп келіп орналасады.
Бағымдарындағы ірі қара, қой-ешкі күнделікті тірліктерін өткеруге ермек еді. Отағасы Зинеддиннің армия қатарына алынғанына 6 ай болғанда Бәтима да жеңілденіп, тұңғыш қыздары өмірге келген.
– Ата-енем жарық дүниеге келген тұңғыш қыздарын бірден өз бауырларына салып, мәпелеп өсіруге сондай ынталы болды. Тіпті бір сәтке көрмей қалса, мазасыз күйге түсетін. Әлі есімде, күз айының аяқ шенінде ата-енем кішкене қызды алып, Тоғанас ауылының орталығына қонаққа кетті. Үйде жалғыз қалдым. Кешкілік ауладағы малды қамап, жайғастыруға шыққаным сол еді, зу етіп бір ит қора ішіне кіріп кеткендей болды.
Қораға кірген бойда әлгі ит шетте тұрған сиырға жабыса кетіп, малдар өкіріп, қора іші азан-қазан болғаны. Ойымда ештеңе жоқ, мен сол сәтте қолымдағы айырмен әлгі иттің басынан бар күшімді сала ұра бердім, ұра бердім. Жаңағы ит сылқ етіп құлап түскен соң, ауланың сыртына сүйреп шығара салдым.
Кешқұрым қонақтан оралған атам мен өлтірген мақұлықты көре сала «Ойбай, мынауың қасқыр ғой, мына пәлемен қалай алысқансың шырағым?» – деп менің батылдығыма қайран қалғаны бар, – дейді сол кезді есіне алған Бәтима апа.
Иә, 20 жасында қасқыр соққан келіншек Бәтима сол өлтірген қасқырының терісін Орал қаласындағы тиісті мекемеге тапсырып, терінің құны мен сыйақысын алып келген соң ауыл ішінде «Қасқыр соққан келіншек» аталып жүре бергені бар. Сол жылдары кеңшардың бас зоотехнигі Хамит Қаржауов қасқыр соққан келіншек Бәтима жөнінде аудандық газетке мақала да жариялаған екен.
Сонымен қасқырмен алысқан Б.Бисекенова – ұзақ жылдар аудандық прокуратурада тазалықшы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан отағасы Зинеддинмен бірге 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 6 немере, 10 жиен, 5 жиеншардың қызығын көріп отырған батыр да бақытты ана.
Ал қолындағы айырымен қасқырды жер жастандырған жас келіншектің бұл батылдығын, қайсарлығын бұл күнде біреу білсе, біреу білмесі анық. Біздің басты мақсатымыз да Бәтима Бисекенованың батылдық қасиетін көпке жария ету болатын.
Мүсірбек АЙТАШЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы