Білім • 14 Қыркүйек, 2018

Б. Сағынтаев Павлодар облысындағы білім беру қызметтерінің сапасы туралы ата-аналар комитетінің пікірін білді

515 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Екібастұз қаласындағы №36 орта мектепке барды, онда жергілікті мектептердің қамқоршылар кеңестерімен, ата-аналар комитеттерімен кездесіп, білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл — білім беру сапасын арттыру, оқу материалдарымен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны жақсарту, цифрландыру және т.б.

Б. Сағынтаев Павлодар облысындағы білім беру қызметтерінің сапасы туралы ата-аналар комитетінің пікірін білді

№36 жалпы білім беру мектебі 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда мектепте 916 бала білім алуда. Мектептің педагогтер құрамы 53 мұғалімнен тұрады. Кабинеттер қажетті жабдықтармен жарақтандырылған. Заманауи оқу процесінің жаңа тәсілдерін ескере отырып, роботты техника және шахмат кабинеттері ашылған.   

Премьер-Министр АТ-кабинеттерді аралады, онда педагог Б. Белгібаева «Өз болашағыңды бағдарла» пилоттық жобасының іске асырылуы жайында мәлімдеді. Өз кезегінде, оқушы А. Амангелді интерактивті тақтада өзі әзірлеген, ағылшын тіліндегі анимациялық жобамен таныстырды.

Мектептің акт залында Бақытжан Сағынтаев жергілікті мектептердің қамқоршылар кеңестері мен ата-аналар комитеттерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар білім беру жүйесіндегі проблемаларға қатысты өз ойларын ортаға салып, білім беру қызметтерінің сапасын көтеру туралы ұсыныстарын білдірді.

№18 мектептің өкілі А. Армангүл бірінші сынып оқушыларын мемлекеттік тіліндегі оқыту материалдарымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. №2 мектептің атынан Н. Қосдәулетова оқыту орындарының инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселесін тілге тиек етті. №17 мектеп өкілі С. Ақнұрова аралас мектептердің жұмысын жетілдіру жайын қозғады. В. Колодюк (№35 мектеп) — әлеуметтік педагогтар, мектеп психологтары мен әдіскерлердің жалақысын көтеру мәселелері туралы айтты. №22 мектеп өкілі Қ. Көкімбаева Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатының қолданылу мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. №10 мектептен келген В. Потрахина білімді бағалау жүйесіне ұсыныс білдірді. №21 мектеп өкілі С. Бертенева бес күндік оқу аптасына көшу арқылы оқушылардың жүктемесін азайту туралы сұрақ қойды. Ш. Ақмурзина өңірде мектептердің базасында қосымша ұзартылған кіші сыныптар ашу мәселесін көтерді.

Жиын қатысушыларының сұрақтарына Премьер-Министр Б. Сағынтаев пен білім және ғылым министрі Е. Сағадиев жауап берді. Осындай ашық әңгімелесу мәселелерді анық айқындауға және оларды шешудің тиімді жолдарын табуға жол ашады. Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне және Білім және ғылым министрлігіне айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.