Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2018

Петропавлда Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі өтті

476 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан халқы тілдерінің ХХ фестивалі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту , тіл мәдениетін көтеру, қазақ тілі мен мәдениетіне деген ықыласты арттыру мақсатын діттеді.

Петропавлда Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі өтті

Фестивальға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек жиналғандарды айтулы шараның ашылуымен құттықтады. Мемлекеттік тілді дамытуға және насихаттауға елеулі қосқан бір топ тіл жанашырларына Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасы,аймақ басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Жеті аталым бойынша жеңімпаз атанған ұжымдар марапатталды.

Қазақстан халқы тілдері фестиваліне өңіріміздің барлық облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің жеңімпаздары келіп, байқаудың бірінші кезеңінде қазақтың белгілі жазушыларының прозалық шығармаларынан үзінділер оқыды. Екінші кезең биыл 125 жылдығы түркі әлемінде кең көлемде атап өтілген жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқуға арналды.

Белгілі қоғам қайреткері Алдан Смайыл бастаған қазылар алқасы Шығыс Қазақстан облысының өкілі Сая Бекбосынова бас жүлдеге лайық деп шешті. Бірінші орынды ақтөбелік Алтын Қожанова, екінші орынды елордалық Өмірбекова Құлпынай, үшінші орынды павлодарлық Еркежан Төлеубек пен петропавлдық Жанарбек Секел иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдарға, алғыс хаттарға және ақшалай сыйақыға ие болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы