Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2018

Еліміздің жас лидерлері «Ұлттық патриоттық актіне» қол қойды

667 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі жастар ұйымдары жарқын болашақ жолында күш біріктірді. Бурабайда «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен «Жастар – Отанға!» лагерінде Қазақстанның жас лидерлері «Ұлттық патриоттық актіне» қол қойды. Осылайша ел жастары өзара әріптестікті нығайтып, жастар саясатын жандандыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асырмақ. Лагерь жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Еліміздің жас лидерлері «Ұлттық патриоттық актіне» қол қойды

«Жастар – Отанға!» жастар саяси лагері 2009 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан игі бастама. Биыл қатарынан оныншы рет өтіп отырған іс-шараға еліміздің әр аймағынан келген 170 белсенді жас қазақстандық қатысуда. Осылайша, «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде Елбасының бастамасымен акция ретінде басталған жоба тың идеялар талқыланатын тиімді алаңға айналып отыр. Бүгінде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві» сияқты ірі жобалар дәл осы лагерь жұмысының нәтижесінде қолға алынғанын ерекше атап өткен жөн.

Барша қатысушыларды лагердің ашылуымен құттықтаған Мәулен Әшімбаев жастар ісіне қатысты партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмасына сәйкес партия қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы мақсатта 20-дан астам жаңа жоба қолға алынды. Олардың қатарында жастар саясатын жандандыруға қатысты тың бастамалар да бар. Өйткені жастар мәселесі партия жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Партияның бастамасымен жастардың бағдарламалау негіздерін, робот техникаларын және 3D модельдеуді үйренуі үшін тегін «1000 ІТ-сынып» ашу жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жас буынның дұрыс тамақтануы мен саламатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету үшін мектеп асханаларын жаңғырту және мектеп спорт алаңдарын қайта жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Ауыл жастарына ағылшын тілін үйретіп, отандық кітапханаларды заманауи білім орталығы ретінде қайта құру бастамалары да партия тарапынан іске асырылуда,– деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бүгінде еліміздің бірқатар кітапханаларында аталған кворкинг-орталықтар ашылды. «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен мұндай орталықтарда «Made in QZ»ұлттық музыка кеші, «Жеті жарғы» шешендік өнер курстары, «Қолғанат» еріктілер мектебі сияқты жастарға арналған комьюнитилер өткізу ісі қолға алынған. Қазірдің өзінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларындағы жаңғыртылған кітапханаларда балаларға арналған «English for kids» және ересектерге шет тілдерін үйрететін «Speaking club» клубтары жұмыс істеп тұр.

Ауыл жастарына ағылшын тілін үйрету үшін «Нұр Отан» ауылдарға волонтерлар жіберу ісін қолға алды. Соның аясында осы айдың соңына дейін «Жас Отанның» ұйымдастыруымен «English for Jastar» жобасы өз жұмысын бастамақ. Оған 9 елден келген 28 шетелдік азамат пен 140 қазақстандық жас волонтер қатысуға ниет білдірді.

Шілде айында «Жас Отанның» жаңа сайтында «J-Library» электрондық кітапханасы іске қосылды. Қазір ондағы кітап қоры 650-ге жетті. Жуырда осы электронды кітапхананың интернетсіз, яғни оффлайн режімде оқуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшасы іске қосылады.

Одан бөлек, «Жас Отан» жастар қанаты «Таза мекен» жобасы бойынша ел аумағындағы 28 киелі мекенде тазалау жұмыстарын жүргізіп, экскурсиялар ұйымдастырды. Сондай-ақ жастарды бизнеске баулып, тәжірибе алмасуға, бизнес-бастамаларға қолдау көрсетуге бағытталған «Бизнес менторлардың» онлайн платформасын іске қосу жұмыстары пысықталуда. Ауылдық жерлерде жастар арасында шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Жастар – ауылға» жобасы аясында «Жас Отан» «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 300-ден астам жастың басын қосқан бизнес-семинарлар өткізді.

Мәулен Әшімбаев осындай тың жобаларды табысты жүзеге асыру үшін еліміздің барлық жастарын белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ ол бұл жұмыстар Елбасы айқындап берген міндеттерді орындауға бағытталғанын айтып, осы жолда жасотандықтардың алдында тұрған басты міндеттерді атап өтті.

– Біріншіден, жасотандықтар «Жас Отанның» IV съезінде қабылданған қорытынды құжаттағы бастамаларды жүзеге асыруға басымдық беруі тиіс. Екіншіден, партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыруға да белсенді қатысуы керек. Әсіресе өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуі қажет. Үшіншіден, «Жас Отан» ел жастарын Елбасы саясатына топтастыратын, барлық жастар ұйымдарының басын біріктіретін қозғаушы күш болуы тиіс. Бұл ретте «Ұлттық патриоттық актінің» маңызы зор. Себебі, осы құжат арқылы еліміздегі жастар ұйымдары бірлесіп жұмыс істеуге бел буып отыр. Төртіншіден, Ауыл жастарына көп көңіл бөлуіміз керек. Партия жүзеге асырып жатқан мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту, ІТ-сыныптар ашу, ағылшын тілін үйрету сияқты партиялық жобалар негізінен осы ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан жасотандықтар осындай партиялық жобаларды жүзеге асыруда көбіне ауыдық жерлерге басымдық беру тиіс. Бесіншіден, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысып, ұлттық кодты сақтау, мәдени мұраларымыз бен құндылықтарымызды дәріптеу сияқты басымдықтарды жүзеге асыруда жүйелі әрекет етуі тиіс. Аталған басымдықтардың алдыңғы легінде жастар жүруі керек,– деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі жаңа үрдістер мен құндылықтарға байланысты бәсекеге қабілетті болу үшін жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігін айтты.

– Ел жастарының бойында ұдайы ізденіс, ашық сана, асқақ арман және ұлттық мүдде болуы тиіс. Бұл – бүгінгі заман талабы. Сондықтан ізденуден, оқудан, үйренуден жалықпау керек. Сондай-ақ барлық мәселеде біржақты болмай, балама пікірлерді де ескерген жөн. Дұрыс армандап, нақты мақсаттар қоя білу керек. Ең бастысы, барлық істе ұлттың, елдің мүддесін жоғары қойып, халықтың қамы үшін еңбек етуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара барысында жастар қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пкірлерін білдіріп, спикерге өз сауалдарын жолдады.

Лагерь жұмысы 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы лагерьдің ең басты жаңалығы Қазақстан жастарының «Ұлттық патриоттық актіге» қол қоюы болып отыр. Бұл құжатқа «Жас Отан» жастар қанатымен бірге Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі жөніндегі комитеті, «Қазақстанның жастар конгресі», «Халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы», «Қазақстан студенттерінің альянсы», «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы сияқты бірқатар жастар ұйымдары қол қойды.

Осы ретте алдағы уақытта да қазақстандық жас лидерлердің ынтымақтастық құжаты аталған Актіге қол қоюға кез келген жастар ұйымының мүмкіндігі бар екенін атап өткен жөн.

Лагерь жұмысы барысында қатысушылар Jas Otan Ironman үшсайысы, яғни садақ ату, велосипед, жүгіру-яркокросс пен шығармашылық кештерде сынға түседі. Сондай-ақ арнайы шақырылған білікті сарапшылардың дәрістерін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылау жоспарланып отыр. Лагерь қонақтарының қатарында белгілі қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, білікті мамандар мен спортшылар бар. Олар жастарға табысқа жету жолдары мен өз салаларына қатысты соңғы үрдістер жайын сөз етпек.