Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2018

Мыңға жуық өскемендік Головкинге жанкүйерлік ету үшін таңғы 7-ден алаңға жиналды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) қарымта жекпе-жегін тамашалау үшін Өскемен тұрғындары таң бозынан Ертіс жағалауындағы Амфитеатрға жиналды.

Мыңға жуық өскемендік Головкинге жанкүйерлік ету үшін таңғы 7-ден алаңға жиналды

Үстінен оюлы шапанын тастамайтын даңқты боксшымызды қолдауға шаһар тұрғындарымен бірге Өскемен әкімі Жақсылық Омар, бірнеше дүркін Олимпиада жүлдегері, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та келді.

«Әлі есімде, Лондон Олимпиадасында жарыс жолына шыққанымда өскемендіктер Спорт сарайының алдына жиналып, ерекше қолдау көрсеткен еді. Бұл маған ерекше күш-жігер берді. Сол секілді бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде жанкүйерлері Генаға қолдау білдіріп жатыр. Біздің қолдауымыз да спортшының жеңіске жетуіне әсер ететіні анық. Жерлесімізге тек сәттілік тілейміз», - деді Амфитеатрда көрермендер алдына сөз сөйлеген Ольга Рыпакова.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да боксшыға сәттілік тіледі. «Барлық қазақстандықтар бүгін Генаға жанкүйер. Геннадий Головкин – бүкіл елге сүйкімі артқан, еліміздің абыройын әлемге асқақтатқан белгілі спортшы. Біздің ұлттық брендімізге айналды деуге болады. Біз әрқашан Генаға жанкүйер болғанбыз. Бола да береміз. Өйткені, ол – біздің жерлесіміз, біздің мақтанышымыз», - деді қала әкімі.

Алаңға жиналған көрермендерден жекпе-жекте кімнің жеңіске жететініне қатысты пікірлерін да сұрадық. «Меніңше, жекпе-жек 12 раундқа дейін созылады. Головкин ұпай санымен жеңіске жетеді»,  - дейді қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН
 

Соңғы жаңалықтар