Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2018

GGG-Канелло: Әлемдік БАҚ трилогия болуын талап етеді

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокста жеңіліс дегенді білмей келген Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареске жеңілді. 12 раундтық айқаста төрешілердің шешімі бойынша «Канелло» басым түсті. Бокс кеші аяқталысымен көптеген сұқбаттар мен сараптамалар жарық көрді. 

GGG-Канелло: Әлемдік БАҚ трилогия болуын талап етеді

Оның ең қызығы үшінші кездесу төңірегінде. Жанкүйерлер де трилогия болғанын талап етіп, екі боксшының қайта кездескенін қалайды. Атақты боксшы Джо Форман «Альваресті жеңісімен құттықтаймын. Тамаша жеңіс. Бірақ, менің ойымша бұл екеуі тағы бір рет кездескені дұрыс» депті. Шоуды жақсы көретін америкалық телерадиолар да өз пікірлерін айтты. «Екеуі де панчер. Үнемі нокауттармен жеңіске жетеді. Бірін бірі сұлатып салғанын көргіміз келеді» деген сыңайда сөз қозғады. Кездесу аяқталысымен Геннадий Головкин тілшілірмен кездесіп, алғашқы жеңілісі жайлы айтты. «Мен кездесуде кім жеңгені жайлы дау қозғамаймын. Төрешілер «Канелло» жеңді деп шешті. Демек, қарсыласымды жеңісімен құттықтаймын! Мен өзімді оған қарағанда мықтырақ бокстасып жүрмін деп ойлаппын. Ең бастысы фанаттарға ұнаған секілді», деді. Тілшілер тағы бір кездесу болса рингке шығуға қалай қарайсыз деп еді Гена «кездесудің шарттары жақсы болса, неге шықпасқа?!» деп тағы бір рематчқа қарсы еместігін білдірді. 

Ал одан кейін кезек «Канеллоға» келді. Ол алдымен осы екінші кездесуде анық жеңіске жеткенін айтып, Головкинді ұпаймен ұтқанына қуаныштымын деді. Сонымен қатар, Головкинмен үшінші кездесуге шығудан да бас тартпайтынын жеткізді. Демек, америка баспасөзі қазір осы боксшының тағы бір кездесуі болуы ықтимал екенін жарыса жазуда. 

36 жастағы бокс ардагері саналатын Головкиннің жеңілуіне байланысты ең көп кездесетін ақталу оның жасы болып тұр. Қарсыласы Сауль Альварес небәрі 28 жаста. Головкиннен 8 жас кіші. Күш-қайраты тасып, нағыз толысып тұрған шағы. Күн өткен сайын қазақстандықтың соққысы әлсіреп, жылдамдығы төмендейтіні анық, ал мексикалық әлі бірнеше жыл керісінше күшейе береді. 

Бұл жолы да телекөрсетілім рейтингі жоғары болған, сатылым әрі ақылы көрсетілімдер де қомақты қаржы түсірген. Жарнамалық жобалардың түгелі іске асты, букмекерлік кеңселер де пайдаға кенелді. Ұйымдастырушылар екі промоутерлік компания келісімге келсе, тағы бір мәрте кездесу өткізіп береміз деп құлшынып отыр. Араға апта салған соң, барлығы тынышталып, екі боксшы медециналық тексерістен өткен соң, шамаларын болжай келе қайта айқасамыз деп шығып жатса таң қалмаймыз. Әліптің артын бағайық. Себебі, мұндай деңгейде бокстасатын екеуіне басқа қарсылас та жоқ. 

Ермұхамед Мәулен,

«Егемен Қазақстан»