Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2018

Алматыда кітапханашының қоғамдағы рөлі мен замануи мүмкіндіктері талқыланды

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада екі күнге созылған республикалық съезд аясында кітапхана және кітапханашының қоғамдағы рөлі мен замануи мүмкіндіктеріне қатысты келелі мәселелер депутаттар, мәдениет саласының өкілдері тарапынан жан-жақты талқыланды. 

Алматыда кітапханашының қоғамдағы рөлі мен замануи мүмкіндіктері талқыланды

Республика өңірлерінен екі жүзге тарта, сондай-ақ АҚШ, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. шет мемлекеттерден келген кіапхана саласының мамандары соңғы жиырма жылдағы жетістіктер мен қордаланған мәселелерге орай пікір алмасты. 

Съездің ресми бөлімінде ҚР Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова мәдениет саласы, оның ішінде кітапханашылардың қызметіне қатысты талаптар заңмен үнемі толықтырылатындығын атап өтіп, кітапханалар қызметінің әзірге бір ғана баппен шектеліп отырғандығына тоқталды. Десе де, кітапханаға қатысты маңызды мәселелерді шешуге үкімет тарапынан тұрақты көңіл бөлініп келеді.  Алдағы уақытта кітапханаларға қажеттілік мәселесі мемлекеттік гранттар аясында жандана түсуі тиіс. Ал кітапханалардың көбеюі еліміздің интеллектуалды деңгейінің артуына зор ықпал ететіні сөзсіз. 

Заманауи технологиялар ғасырында әдеби мұрамызды сақтап қалу, сирек басылымдарды қалпына келтіру, көне қаріпте басылған баспа өнімдерін сыры мен сынын бұзбай келешек ұрпаққа жеткізу осы съездің басты тақырыбына айналды. Кітапханашылар кездесуінде пікірін білдірген ақын Олжас Сүлейменов әдебиет, кітап тақырыбының күнделікті өмірімізбен байланысы оның жарқын келешегінен хабардар етеді. Кітап барда адамзаттың мәдениеті мен білімі бар, деп атап өтсе, ғалым Әбсаттар Дербісәлі кітапханалар сонау көне ғасырлардан бастау алатынын әрі көптеген ғұламаларымыздың, оның ішінде әл-Фараби сияқты тұлғалардың  ғылыми тұрғыдан дамуы кітапханалар қызметімен тығыз байланысты екендігіне тоқталды. 

Кітапханалардың өміршең болуы білімді, жарқын келешектің келбетінің жарқын көрінісі. Кітапхананың жаһандану ғасырында мәдени институт мәртебесін сақтауына қоғамның қосар үлесі зор. Осы тұрғыда сөз сөйлеген Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры В.В.Дуда, ЮНЕСКО өкілдері кітапхана мен кітапханашының қоғамдағы рөліне қатысты маңызды жайттармен бөлісті. 

Екі күнгі съезд аясында салада шешілуге тиісті көптеген мәселелер назарға алынып, кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы және қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі мен орны, кітапхана саласын дамыту, цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар, арнайы кітапханаларды сандық ортаға интеграциялау және заманауи форматта дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ