Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Цифрлы эфир: жаңа формат, жоғары сапа

858 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты Жол­дауында «Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфра­құрылымға жаппай қолже­тім­ділікті қамтамасыз ету керек» деп атап көрсеткені белгілі. Үкімет қолға алған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында бүгінде цифрлы эфирлік хабар таратуға әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Цифрлы эфир: жаңа формат, жоғары сапа

Әуелі байтақ территориясы мен ондағы халықтың орналасу тығызды­ғы­ның аздығына байланысты Қазақстанның цифрлы хабар таратуға өту жоспарына сенімсіздікпен қараушылар көп болғаны рас. Жуырда цифрлы эфирлік хабар таратуға өту бойынша бірқатар дәйек пен жоспар айтылған Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та осы мәселені тілге тиек етті. «Бізге қияндағы ауылдар мен шекара маңындағы аумақта тұратын тұрғындарды 100 процент қамту мүмкін емес сияқты көрінді. Бірақ Президент тапсырмасы және қаржылық мәселелерді шешуде сая­си жігерлілік танытудың нәтижесінде телекоммуникация саласындағы ин­фра­құрылымды дамытудың мүмкіндігі туды», деді министр.

Цифрлы хабар таратуға жаппай өту қа­зақ­стандықтарға облыс орталықтарын­да 30 отандық телеарнаға және ауыл­дық жер­лерде 15 арнаға дейін өте жоғары сапа­дағы кескін мен дыбысқа қол жет­кізуге мүмкіндік береді. Отандық пакетке жаңалықтар, балаларға арналған арна, мәдениет, спорт және басқа да телеөнімдер енгізілген. Жаңа форматқа өтудің тағы бір басымдығы, радиотолқындардың босауы болмақ. Босаған толқындар базасында байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамыту жоспарланып отыр. Бұл үшін байланыс операторларымен жан-жақты жұмыс атқарылуда.

Ақпарат және коммуникация ми­нистрінің айтуынша, былтыр «Телера­диохабар тарату туралы» заңға өз­герістер енгізілді. Бұл шара инфрақұ­ры­лым­дарының дайын болуына сәйкес өңір­лердің жаңа форматқа кезең-кезеңімен өтуіне мүмкіндік береді. Мәселен, 2018 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы, желтоқсан айында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары қамтылады. Ал алдағы жылдары Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары қосылмақ. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыс­тарын қамту да жоспарда бар. Бұдан кейінгі кезең бойынша Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалаларын қамту көзделіп отыр.

Цифрлы хабар таратуға тұтас өту үшін елімізде 827 радиотелевизиялық стан­са салу қажеттілігі туды. Соның ішін­де бүгінге дейін 356 станса салын­са, жыл соңына дейін тағы 200 стансаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал қалғаны 2019-2020 жылдар аралығында салынып бітеді.

Осы жылдың соңына дейін Маң­ғыстау, Жамбыл және Түркістан облыс­тары мен Шымкент қаласында аналогты хабар тарату өшіріліп, цифрлы жүйеге өту жүзеге асырылады. Сөйтіп аталған өңірлер халқының 99 %-і цифрлы хабар тарату жүйесімен қамтылмақ. Қазіргі кезде халықты құлақтандыру, сонымен қатар әлеуметтік көмек алатындарды цифрлы арналарға қосу үшін қабылдағыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан бойынша цифрлы хабар таратуға өту үдерісі 2021 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.

Жуырда «Қазтелерадио» АҚ бас­қар­ма төрағасы Ескендір Тәжібеков «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында ақпараттық теңсіздіктің азайтылғанын және хабар таратудың спутниктік жүйесі жаңғыртылғанын хабарлады. Мәселен, ұлттық спутниктік телерадиохабар тарату республика аумағын 100 %-ке қамтиды. OTAU TV брендімен спутниктік телерадиохабар тарату абоненттерінің саны 2010 жылы 6300 болса, бүгінгі таңда оның қатары 1,36 млн абонентке жетті. Қазір 4 млн-нан астам қазақстандық ұлттық спутниктік телевизияны қарайды. Оның үстіне жүргізілген статистика қорытындысы абоненттердің 74 %-і ауыл тұрғындары екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар елімізде DVB-S2 заманауи стандартымен цифрлы эфирлік телехабар таратуды енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, бұл еліміздегі телекөрер­мендер контентін бір арнаға біріктіреді деп күтілуде. Өйткені осыған дейін оң­түстік өңірлердегі тұрғындар көбінесе OTAU TV арналарын көріп келсе, солтүстік аумақтағы тұрғындар лицензиясы жоқ «НТВ-Плюс, «Триколор ТВ» және басқа да спутниктік желілерге қосылатын. Сондықтан жаңа цифрлы формат арқылы Қазақстан контенті нарығында отандық телеарналардың үлесі ұлғаяды һәм ақпараттық қауіпсіздік артады деуге негіз бар. Әлем елдерінің басым бөлігі HD-хабар таратуға өтіп жатқандықтан заманауи үрдіске ілесудің артықшылығы көп. Бір ғана мысал, ұлттық операторлар үшін аналогты хабар таратудың техникасы 100 шаршы метр орынды алса, цифрлы эфир қабылдағыш оймақтай ғана орынға орналасады. Цифрлы телевизияға ауысу халықаралық «Женева-2006» халықаралық келісімі аясында жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағдарламаны атқарушы ұлттық оператор – «Қазтелерадио» АҚ.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»