Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Табысты тауарлы-сүт фермалары көбейді

1580 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде соңғы 3 жыл­да ірі қара малы 86 мың басқа көбейген. Бұл – «Сыбаға», «Құлан», «Ал­тын асық» мемлекет­тік бағ­дар­ламаларының тия­нақты жүзеге асуының арқа­сында қол жеткен көрсет­кіш. Ірі қараның көбеюі облыс бойынша тауарлы-сүт ферма­лары­ның да көптеп ашылуына мүмкіндік беріп отыр. 

Табысты тауарлы-сүт фермалары көбейді

Қазіргі күні Алматы облысы бойынша 13,8 мың бас сиыр сауылатын 68 тауарлы-сүт фермасы қалыпты жұмыс іс­теу­­де. Мал шаруашылығын дамы­тудағы жұмыстар мұны­мен шек­телмейді. Әсіресе, та­уар­лы-сүт фермаларының қатарын көбейту мықтап қол­ға алынған. «Аграрлық несие кор­по­ра­циясының» қаржылан­дыруы­мен 50-200 бас сауын сиыр ұс­тауға арналған фермалар ашу жұ­мысы қызу жүріп жатыр. 2021 жылға дейін облыстағы тауар­лы-сүт фермаларының саны 100 бірліктен асып, сауылатын сиыр­дың басы 23 мыңға жетеді.

Өңірдегі тауарлы-сүт фер­ма­ларының табысты жұмысы Талғар, Еңбекшіқазақ, Көксу, Қаратал аудандарында жеміс беріп отыр. Мысалға, Көксу ауданындағы «Каримов» жеке шаруа қожалығы ауданда бірінші болып жаңа технологиямен сүт өндіруді бастапты. Мемлекет –жекешелік әріптестігі негізінде ашылған тауарлы-сүт фермасында 400 бас сауын сиыр бар. Малдың барлығы асыл тұқымды, шетелден әкелінген. Фермадағы жұмыс та толықтай цифрлы жүйеде басқарылады. Сауын сиырлардың жем-шөбін уақтылы беру мен астын тазалап, суаруға дейінгі әрекет арнайы жүйеде бақыланады. Ал сиырды 4 робот сауып, сүтінің құрамын анықтап, тұтынуға жіберуге дайындайды. Қазір сауылып тұрған 309 сиырдан тәулігіне 10 мың тоннаға дейін сүт жиналады екен.

Қаратал ауданындағы «Тас­төбе Агрофуд» серіктес­ті­гі­нің тауарлы-сүт ферма­сын­дағы жұмыс та жаңаша ұйым­дас­тырылуымен ерекшеленеді. Фермадағы жұмыстың дені авто­маттандырылған, бір жүйеде ат­қарылады. Сиырлар неміс тех­нологиясымен, бір мезетте арнайы құрылғымен сауылады. Қорадағы 24 сиырдың сүтін төк­пей-шашпай сауатын аппарат пен малды күтіп-баптау процесі «Dairy plan» жүйесінде жұмыс іс­тейді. Өндірісті тұтастай автоматтандыру өнімділікке жол ашқан.

Еңбекшіқазақ ауданындағы «Адал» компаниясының сүт зауытында да тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цех бар. Зауытта пастерленген және ультрапастер­ленген сүт, қаймақ, айран, сүзбе, сары май сияқты сүт өнімдерінің 56 түрі шығарылады. Төрт ба­ғытта жұмыс істейтін компания тауарлы-сүт фермаларын да­мытуға барынша мүдделі.

Ал Талғар ауданындағы «Бай­­серке-Агро» серіктестігі туралы кеңінен айтуға болады. Бел­гілі мемлекет және қоғам қай­раткері Темірхан Досмұ­хам­бетов бас­қаратын шаруа­шы­лықта ғылым мен еңбек ұштастырыла өрбіп, өндірістің дамуы жаңаша бағытта жолға қойыл­ған. Бір ғана мал басын кө­бейту мен сүт өндіруге қатыс­ты айтар болсақ, биыл облыс бойынша ірі қара санын арттыру бойынша топ бастады. Бұл шаруашылықта мүйізді ірі қара­ның қазақстандық «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқымы өсірілді. Осы екі тұқымнан төл алуда рекорд жасалды деуге болады. Ал бір сауғанда 70 литрге дейін сүт беретін асыл тұқымды «Ан­гус» және «Герефорд» сиырлары Канададан әкелінген болатын. Сүт фермасындағы жұмыс толық цифрлы технологияда атқа­рылады.

Бұл мысалдардың барлы­ғы­нан аймақтағы сүт өнімдерінің өндірісі артып, азық-түлік қауіп­сіздігін нығайтуға жасалған нақты қадамды байқауға болады. Ал өнімнің пайдасы экономикаға қосылған үлес. Бұл жөнінен де жетісулық малсақ ағайын мақтана алады. Мысалға, өңірде былтырғы жылы сүт дайындау мен сүт өнімдерін шығару 103,8 процентке жетіп, 719 мың тонна өнім дайындалған екен. Биылғы тіршілік одан қызу. Демек, ел іші ағарғансыз қалмайтыны анық.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы