Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Өндірісті өңірдегі жобалардың өрісі кең

333 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел өңірлерінде жұмыс сапарымен жүрген Премьер-Ми­нистр Бақытжан Са­ғын­таев Павлодар облысын­да болып, бірқа­тар әлеуметтік және өнер­кә­сіптік нысандарды ара­лады, өңір жұртшылы­ғымен кездесті. Прези­дент­тің «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілет­тілік», «Төртінші өнеркә­сіп­тік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» Жолдаулары, «Бес әлеуметтік баста­масы», сондай-ақ мем­ле­кет­тік және салалық бағ­дар­ламалар аясында алға қойған міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Өндірісті өңірдегі жобалардың өрісі кең

Көмір тапшылығы жоқ

Үкімет басшысының өңірдегі жұмыс сапары Екібастұз қа­ла­сынан басталды. Премьер-Ми­нистр «Еуроазиаттық энер­ге­тикалық корпорация» АҚ құ­ра­мына кіретін «Восточный» көмір разрезін аралау барысында өңірдің алдағы жылу маусымына дайындығымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ.Жазылбек биылғы жеті айдың қортындысы бойын­ша көмір өндіру көлемінің 3,5%-ке өс­кенін айтты. Облыс қа­же­тіне жұм­салатын көмір қоры шама­мен 120 мың тоннаны құрай­ды. Қазір отын базаларында ха­лыққа арналған 18 мың тон­на көмір бар. Көмір еркін са­тылымда, тапшылық байқал­майды. Әлеуметтік сала нысан­дарына 183,3 мың тонна кө­лемінде қатты отынды сатып алуға 1,376 млрд теңге қара­жат қарастырылған. Тұтыну орын­дарына 176 мың тонна жет­кізілді, бұл жұмыс кестеге сәйкес орындалып жатыр. «Еуро­азиаттық энергетикалық кор­порация» АҚ президенті В.Гри­ненко еліміздегі энерге­тикалық көмірдің 20%-ке жуы­ғы «Восточный» көмір раз­резінің үлесіне тиесілі екенін жет­кізді. Б.Сағынтаев өндірістік про­цес­тің технологиялық же­лісімен танысып, елімізде тең­десі жоқ жаңа өнеркәсіптік нысанды – жылына 10 млн м3
аршыма тау жыныстары қуатымен циклды-толассыз аршыма тау жыныстары кешені жобасын іске қосты. «Биыл 18 млн тонна қатты отын өндіруді көздеп отырмыз, бұл былтырғы көлемнен 1 млн тоннаға артық. Көмір қазу өнімділігі жоғары заманауи маши­на­лар арқылы іске асырылуда. Өн­дірісті тех­нологиялық жарақ­тан­дыру деңгейі жыл сайын ар­тып ке­леді, бұл өндірілетін көмір сапасын арттыруға және еңбек қауіпсіздігі деңгейін жақ­сартуға жол ашады», деді В.Гри­ненко. Екінші кезеңнің құры­лы­сын алдағы бірнеше жылда жүргізу жоспарланып отыр, құры­лыстың соңғы үшінші кезеңі жы­лына 20 млн м3 жылдық өнім­ділікке қол жеткізумен 2027 жылға ауыстырылды. Іс жү­зінде барлық жұмыстарды отандық мердігер ұйымдар жә­не ЕЭК қызметкерлері орындады. Жоба экологиялық таза технологияларды енгізуді, басқаруды автоматтандыруды кеңейтуді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды және табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттыруды көздейді. Өз кезегінде «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-нің бас директоры М.Әбішев биыл қуаты 325 МВт болатын №5 энергетикалық блок іске қосылатынын хабарлады. Бүгінде 5 энергетикалық блок пен жалпы қуаттылығы 2105 МВт болатын 2 турбина жаң­­­­­ғыр­­тыл­ған. 2024 жылы «Екі­­­­бас­­тұз МАЭС-1» барлық 8 энер­­­­ге­­­­тика­лық бло­гын жобалық қуа­­тына қоспақ.

Үкімет басшысы «БНКА Энерд­жи» ЖШС-нің техни­калық мүмкіндігін бағалап, кәсіп­­­орынның даму жоспарымен танысты. Серіктестіктің тех­н­­икалық директоры Ж.Әл­де­бергенов дата-орталықта атқа­рылып жатқан жұмысты баян­дады. Жоба бірнеше кезең­де жүзеге асырылуда. Алғаш­қы­сы
6 тамызда жұмысын бас­таса, қазір компания 4 МВт электр энергиясын тұтынады. Жос­пар бойынша 20 қыркүйекте қосылатын келесі компанияда бұл көрсеткіш 11 МВт дейін арт­пақ. Одан кейінгі белес 10 қарашада 18 МВт көрсеткішімен бағындырылады. Жыл соңында «БНКА Энерджи» ЖШС 33 МВт тұтынуды жоспарлап отыр. Компания майнингтік фер­маларға хостинг қызметін ұсыну­мен де айналысады. Орта­лықтың осы өңірде ашылуына электр қуатының артылуы мен та­рифінің төмендігі, кәсіби дең­­гейі жоғары мамандардың болуы себеп болып отыр. Ен­ді ірі майнингтік фермалар мен компаниялар тартылса, Павлодар өңірі еліміздегі блок­чейн-технологияларды қол­да­на­тын алдыңғы қатарлы орта­лыққа айналмақ. Бүгінде құны 5,7 млрд теңге тұратын орта­лықта 16 адам жұмыс істейді. Жо­ба аяқталғаннан кейін 60-қа жуық жұмыс орны құрылады. Тоқ­сан сайын мамандар Қы­тай­ға біліктілікті арттыру үшін майнинг-жабдықтар шыға­ры­латын зауытқа жіберіледі.

Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр Екібастұз қаласындағы №36 орта мектепте жергілікті мек­тептердің қамқоршылар кеңе­сі, ата-аналар комитеті өкіл­дерімен кездесіп, білім жүйе­сін дамытудың мәселелерін тал­қылады. Мәселен, №18 мек­теп­тің өкілі А.Армангүл 1 сынып оқушыларын мемлекеттік тілдегі оқыту материалдарымен қамтамасыз етуді көтерсе, №17 мек­теп өкілі С.Ақнұрова аралас мек­тептердің жұмысын жетіл­діру жайын қозғады. №35 мектеп­тен В.Колодюк әлеуметтік педагог, мектеп психо­логы мен әдіскерлердің жала­қысын көтеру мәселелері тура­лы айтты. Қатысушылардың сұрақ­тарына Б.Сағынтаев пен Білім және ғылым министрі Е.Са­ғадиев жауап берді.

Сондай-ақ Премьер-Ми­нис­трге «Қазақтелеком» АҚ пен Hewlett-Packard компаниясының бірлескен жобасы, ТМД-дағы ең ірі деректер орталығының инновациялық қызметі таныс­тырылды. Мұнда қарапайым телефон байланысынан бастап цифрлы телевизия мен кең жолақты интернет нарығындағы соңғы ұсыныстарға дейін әр­түрлі қызмет ұсынылады. «Де­­рек­терді өңдеу орталығы» инно­вациялық жобасы 2013 жылы жұмысын бастаған болатын. Бұл – Орталық Азиядағы Tier III сана­­тындағы, яғни нысанның жұмысын профилактикалық жөн­деу кезінде тоқтатпай жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сенім­ді әрі алғашқы жоба. Орталықтың жұмысы туралы Gene­sis Mining компаниясының жер­гілікті өкілі Лукас Пфайф­фер айтып берді.

Мамандар резерві дайындалуда

Б.Сағынтаев облыстық түс­ті металлургия колледжінде ма­мандардың дайындығын тек­серіп, индустрияландырудың жаңа моделіне мамандарды дайындау жөнінде жиналыс өткізді. Павлодар ірі индустриялық орталық болғандықтан, жоғары кәсіби мамандарға ерекше мұқтаж. Облыстық білім бе­ру басқармасының басшысы Д.Болатханұлының айтуынша, 2017 жылдан бастап металлургия мамандарын дайындауға ар­налған арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Мысалы, Алюминий зауыты базасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жұмыскерлер арасынан болашақ басшылар дайындалады. Премьер-Министр зертхана мен оқу сыныптарын аралап, техникалық-өндірістік базамен, студенттер үйінің тыныс-тіршілігімен де танысты.

Павлодар облысының әкі­мі Б.Бақауовтың айтуынша, көп­салалы индустриялық кешен­де келешекте 14 ірі инвес­ти­циялық жобаны іске асыру жос­парланған, бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік береді. Облыстың 45 кол­леджінде 46 мамандық бойын­ша қосарлы білім беру жүйе­сі іске қосылған. Облыс­тың кәсіпорындарымен ынты­мақ­тастық туралы келісімшарттарға қол қойылып жатыр.

Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр облыстық Оқушылар сарайында білім беру саласын цифр­ландыру барысымен танысты. Тақырыптық кабинеттерді тексеру барысында Оқушылар са­райының директоры А.Ерубаева мекеменің жұмысы, оны тех­никалық жарақтандыру және ІТ-сыныптардың мүмкіндіктері туралы айтып берді. Сонымен қатар Б.Сағынтаев медициналық жедел жәрдем стансасына барды. Өңірдегі денсаулық сақ­тау саласының цифр­лан­дыру барысымен таны­сып, жедел жәрдем бри­гада­лары­ның жұмысын үйлестіруге көмек­тесетін медициналық құ­рыл­ғы­лар­ды қарады. Бүгінде медици­на ұйымына 12 жоба енгі­зілген. Оның ішінде бас­қару мен жұмыс орнының авто­­мат­тандырылған жүйесі, элек­тронды ме­ди­ци­налық карта, на­­ви­га­циялық жүйе, науқасқа тезірек жету үшін бригадаларды барлау, ЭКГ-ны қашықтан өту сынды жаңашылдықтар бар. Арнайы телемедицина мен ин­терактивті оқу орталығы жұмыс істейді. Мекеме сегіз ай ішінде 177 мың шақыртуға шыққан.

Бұ­дан кейін Б.Сағынтаев об­лыс­тың медицина саласы қыз­мет­керлерімен көрсетілетін қыз­меттің сапасын арттыру жайында кеңес өткізді. Әсіресе дәрімен қамтамасыз ету, оның бағасы мен медицина ин­фрақұрылымы және мамандар бі­ліктілігі қызу талқыланды, ана мен бала денсаулығын қор­ғау тақырыбына көңіл бөлінді. Айталық, Павлодар қаласының №5 емханасының дәрігері А.Низамутдинова медицина қыз­меткерлерінің еңбекақы мәсе­лесін көтерсе, жедел жәрдем стан­сасының дәрігері А.Ермек трассалық медициналық-құт­қару пунктілерінің жұмысы туралы айтты. Сирек кездесетін ау­рулар кезінде дәрі-дәрмек­термен қамтамасыз ету мәсе­лесін Павлодар облыстық кар­дио орталығының кардиологы Г.Мұқанова қозғады. Кезде­судің қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа және облыс әкімі Б.Бақауовқа медицина қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату және ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу барысында облыста бизнесті дамыту, инвестициялар тарту және отандық өнімдер мен қызметтердің экспортқа бағдарлануын жетіл­діру мәселелері қаралды. Кәсіп­керлер өзекті мәселелерді қозғап, өңірде бизнес жүр­гізуге тосқауыл болатын әкім­шілік кедергілерді одан әрі төмендетуге қатысты шаралар ұсынды. Мәселен, «Railways systems KZ» ЖШС бас директоры А.Хачатурян қызметтер мен тауарлар ақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселелері туралы айтса, «Forwoll Group» КТ директорлар кеңесінің төрағасы В.Литуев арнайы экономикалық аймақ аумағында салық режімін жетілдіру туралы ұсыныс білдірді. «Қазэнергокабель» АҚ құрылтайшысы В.Бобров өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларын кеңейтуді сұрады. «Галицкое» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры А.Ка­сицын ветеринарлық қауіп­сіздік мәселелерін қозғады. Еу­ропа қайта құру және даму бан­кінің басшысы А.Прейманис ин­вестициялық ахуалды жақ­сарту үшін ШОБ дамыту маңызды екенін атап өтті.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»