Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Жастар ұйымдары жарқын болашақ жолында күш біріктіруде

1083 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бурабайда «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен «Жастар – Отанға!» лагерінде Қазақстанның жас лидерлері «Ұлттық патриоттық актіне» қол қойды. Осылайша ел жастары өзара әріптестікті нығайтып, жастар саясатын жандандыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асырмақ. Лагерь жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Жастар ұйымдары жарқын болашақ жолында күш біріктіруде

«Жастар – Отанға!» жастар сая­си лагері – 2009 жылдан бері тұрақ­ты өткізіліп келе жатқан игі бас­тама. Биыл қатарынан оныншы рет өтіп отырған іс-шараға елі­міздің әр аймағынан келген 170 белсенді жас қазақстандық қаты­суда. Осылайша, «Жас Отан» жас­тар қанатының І съезінде Ел­ба­сының бастамасымен акция ретінде басталған жоба тың идея­лар талқыланатын тиімді алаң­ға айналып отыр. Бүгінде мем­ле­кеттік деңгейде жүзеге асырылып жа­т­қан «Дипломмен – ауылға!», «Жас­тар кадрлық резерві» сияқ­ты ірі жобалар дәл осы лагерь жұ­мы­сының нәтижесінде қолға алын­ғанын ерекше атап өткен жөн.

Барша қатысушыларды лагерь­дің ашылуымен құттықтаған Мәу­лен Әшімбаев жастар ісіне қа­тысты партия тарапынан ат­қа­рылған жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі таңда «Нұр Отан» пар­тиясы Елбасы тапсырмасы­на сәйкес партия қызметін жаң­ғыр­ту жұмыстарын қарқынды жүр­гізуде. Осы мақсатта 20-дан астам жаңа жоба қолға алынды. Олардың қатарында жас­тар сая­сатын жандандыруға қатыс­ты тың бастамалар да бар. Өйт­кені жастар мәселесі – пар­тия жұмысындағы басым бағыт­тардың бірі. Партияның бастамасымен жастардың бағдарламалау негіздерін, робот техникаларын және 3D модельдеуді үйренуі үшін тегін «1000 ІТ-сынып» ашу жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жас буынның дұрыс та­мақ­тануы мен саламатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету үшін мектеп асханаларын жаңғырту және мектеп спорт алаңдарын қайта жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Ауыл жастарына ағылшын тілін үйретіп, отандық кітапханаларды заманауи білім орталығы ретінде қайта құру бастамалары да партия тарапынан іске асырылуда, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Бүгінде еліміздің бірқатар кітап­ханаларында аталған квор­кинг-орталықтар ашылды. «Жас Отан» жастар қанатының ұйым­дас­тыруымен мұндай орталық­тарда «Made in QZ» ұлттық музыка кеші, «Жеті жарғы» шешендік өнер курстары, «Қолғанат» еріктілер мектебі сияқты жастарға арналған комьюнитилер өткізу ісі қолға алынған. Қазірдің өзінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Пав­лодар облыстары мен Алматы жә­не Шымкент қалаларындағы жаң­ғыртылған кітапханаларда балаларға арналған «English for kids» және ересектерге шет тіл­дерін үйрететін «Speaking club» клубтары жұмыс істеп тұр.

Шілде айында «Жас Отанның» жаңа сайтында «J-Library» элек­тронды кітапханасы іске қосыл­ды. Қазір ондағы кітап қоры 650-ге жетті. Жуырда осы электронды кітапхананың интернетсіз, яғ­ни оффлайн режімде оқуға мүм­кіндік беретін мобильді қосым­шасы іске қосылады. Одан бөлек, «Жас Отан» жастар қанаты «Таза мекен» жобасы бойынша ел аумағындағы 28 киелі мекенде таза­лау жұмыстарын жүргізіп, экскур­сиялар ұйымдастырды. Ауыл­дық жерлерде жастар арасын­да шағын кәсіпкерлікті дамы­туға арналған «Жастар – ауыл­ға» жобасы қолға алынған.

М.Әшімбаев осындай тың жо­баларды табысты жүзеге асыру үшін еліміздің барлық жас­тарын белсенділік танытуға ша­қыр­ды. Сондай-ақ ол бұл жұмыс­тар Елбасы айқындап берген мін­деттерді орындауға бағыттал­ғанын айтып, осы жолда жас­отандықтардың алдында тұр­ған басты міндеттерді атап көр­сетті.

– Ел жастарының бойында ұдайы ізденіс, ашық сана, асқақ арман және ұлттық мүдде болуы тиіс. Бұл – бүгінгі заман та­лабы. Сондықтан ізденуден, оқудан, үйренуден жалықпау керек. Сондай-ақ барлық мәселеде бір­жақты болмай, балама пікірлерді де ескерген жөн. Дұрыс армандап, нақты мақсаттар қоя білу керек. Ең бастысы, барлық істе ұлттың, ел­дің мүддесін жоғары қойып, ха­лықтың қамы үшін еңбек етуіміз керек, – деді М.Әшімбаев.

Іс-шара барысында жастар қо­ғамдағы өзекті мәселелерге қа­тысты пікірлерін білдіріп, спикерге өз сауалдарын қойды. Ал лагерь жұмысы 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы лагерьдің ең басты жаңалығы Қазақстан жас­тарының «Ұлттық патриоттық ак­тіге» қол қоюы болып отыр. Бұл құжатқа «Жас Отан» жас­тар қанатымен бірге Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі жөніндегі комитеті, «Қазақстанның жастар конгресі», «Халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы», «Қазақстан студенттерінің альянсы», «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаң­ғы­ру жолы» республикалық жастар қозғалысы сияқты бірқатар жас­тар ұйымдары қол қойды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы