Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Мақсат – қылмысты барынша азайту

579 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Орталық коммуникациялар қызметінде «Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту» тақырыбымен өткен баспасөз мәслихатында еліміздегі қылмыстық ахуал, қауіпсіздік мәселелеріне байланысты сауалдарға жауап берді.

Мақсат – қылмысты барынша азайту

Министрдің айтуынша, елімізде жыл басынан бері қылмыс деңгейі 8 процентке төмендеген. Алайда ішімдікке салынушылық, нашақорлық, жұмысы немесе оқуы жоқтық және отбасылық кикілжіңдер елдегі қылмыстық ахуалға теріс әсерін тигізуде. Ал елдегі жалпы қылмыстың 70 пайызы ұрлықтың үлесінде.

Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері автокөлікті мас күйінде жүргізген 18 мыңдай адамның ұсталғанына да тоқталды. Шамамен 26 мыңдай адам жүргізушілік құқынан айырылған. Ал 2200 жүргізуші әкімшілік қамауға алынған.

Қ.Қасымов осыған орай, іс жүргізу үдерісінде заманауи технологиялардың енгізіліп жатқанын айтты.

– Әкімшілік іс жүргізуді электронды жүйеге ауыстырудамыз. Полиция қызметкерлері планшеттер арқылы ІІМ деректер қорына еніп, жүргізушілер мен олардың көліктерінің бұрын-соңды жасалған құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын сол мезетте анықтай алады. Біздің тарапымыздан жолдағы тәртіпті қадағалау күшейтіліп, әкімшілік шаралар қатаңдатылса да жол қозғалысына қатысушылардың тәртіптері сын көтермейді, – деді Ішкі істер министрі.

Қалмұханбет Қасымов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың көмегімен қала көшелерінде, халық көп жиналатын орындарда бейне­ба­қылау жүйесінің көптеп орнатылып жатқандығын атап өтті. Мәселен, «Қауіп­сіз аула» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарындағы 15 мың тұрғын үйдің ауласына бейнекамералар орнатылған.

Министр бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ішкі істер жүйесіне қатысты сын-ескертпелерге көңіл бөліп отыратындығын да жеткізді. Оған қоса полиция қызметкерлерінің әрекеттері немесе әрекетсіздіктері бо­йынша жауапкершілік арта түскендігін айтты. Мәселен, биылдың өзінде ішкі істер бөлімдерінің 600 қызметкері теріс қылықтары үшін қызметтен қуылған.

Ал жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің 4 қызметкері қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тауып, 84 қызметкер жараланған.

Баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі саланы реформалау және қоғам назарын аударған қылмыстар бойынша қойылған сауалдарға да жауап берді. Оның айтуынша, жұмыс уақытының тиімді пайдаланылуы, артық есеп беру­лерден арылту, артық отырыстар мен өзіне тән емес қызметтерден босату арқылы полиция қызметкерлерінің 10 процентін қысқартып, үнемделген қаражат есебінен халықпен тікелей жұмыс істейтін жол-патрульдік полиция­сы қызметкерлерінің айлығын 50 процентке көтеру жоспарланған.

Ішкі істер министрі ішкі істер бөлімдерінің заманауи ғимаратқа, қызметкерлерінің баспанаға мұқтаж екендігін айтып өтті.

Министрдің баяндауынша, 2018 жылдың 8 айында 102 қызметіне 3,2 млн қоңырау келіп түскен. Оның 40 проценті ғана құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты болған.

– Бізде барлығы 220 оператор тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді. Алматыда бар-жоғы 24 оператор, Астанада – 26. Бүгінде олардың санын арттырып, 12 сағаттық жұмыс күніне ауыстырдық. 3,2 млн қоңыраудың ішінде 40 проценті ғана полиция жұмысына қатысты болды. Мәселен, Алматыда бір азамат операторға 3000 рет хабарласып, үнемі тұрғын үйіне қатысты және басқа да сұрақтармен шағымдана берген, – деді Қ.Қасымов.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»