Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Ынтымақтастықтың соны серпіні

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапарын осы елдегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Соларды іріктеп оқырманға ұсынып отырмыз.

TRT Haber агенттігі Н.Назарбаевты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердо­ған өзінің ордасында салтанатпен қарсы алғанын жазады. «Ердоған Мем­ле­кет басшысының «Күлиесі» алдын­да Н.Назарбаевты күтіп алды. Прези­дент­тер арнайы орынға келгенде екі ел­дің әнұраны ойнап, 21 рет зеңбірек оғы атылды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев құрметті қарауылдарға түрік­ше «Сәлем, әскер» деп амандасты. Сондай-ақ алаңда тарихта құрылған 16 түрік мемлекеті мен олардың туын ұстаған арнайы әскер де болды», дейді TRT Haber.

Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Түр­кия Сыртқы істер министрі Мевлут Чаву­шоғлу, Ұлттық қорғаныс министрі Улуси Акар, Энергектика және табиғи ресурстар ми­нистрі Фатих Дөнмез, Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой, Транспорт және инфраструктура министрі Мех­мет Жахит Турхан да Елбасыны қарсы алған делега­цияның құрамында болған.

Агенттік екі ел басшыларының бас­­па­сөз жиы­нында бірқа­тар маң­ыз­­ды мәсе­лелер талқылағанын, Қазақ­стан мен Түркия қарым-қатынасын нығайта түсу үшін әлі де атқаратын шара­лардың мол екеніне кеңінен тоқталып өткен.

«Мемлекет басшысы Ердоған Бештепеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуден кейін Жоғары деңгейлі стратегиялық әріптестік жиынына қатысып, төрағалық етті. Ердоған Назарбаевпен өткен екі жақ­ты кездесулерде бірқатар мәселелерді талқылады», деп хабарлайды Hurriet.

Басылым бірқатар маңызды құжат­тарға қол қойылғанын, тараптар экономика, сауда салаларын дамыта түсуге келіскенін, сондай-ақ жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллардан асатын 20-дан астам құжатқа екі елдің жауапты мекемелері мен жекеменшік секторы өкілдері қол қойғанын жеткізді.

Yeni Akit газеті Қазақстан Президенті Нұр­­сұ­лтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында Түркия Президенті Ре­жеп Тайип Ердоғанмен кездесіп, 2 миллиард долларлық келісімге келгенін хабарлады.

«Баспасөз жиынында «Мәртебелі, Мемл­екет басшысы», «Құрметті, ақса­қал­ым» деген Ердоған Қазақстанда бас­тау алған Жоғары деңгейлі стратегиялық ын­ты­­мақ­­тастық кеңесінің үшінші жиы­ны­на қа­тысып отырғаны және Н.Назарбаев бас­таған деле­гацияны өз орда­сын­да күтіп алға­ны­на қуа­нышты екенін жеткізді», дейді Yeni Akit.

Басылымның хабарлауынша, Р.Ердоған Елбасы Н.Назарбаевпен Түркі кеңесінің VI саммитінде жолыққанын еске салып өтіп, күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселе­лерді талқылағанын атап өткен. Сон­дай-ақ Түркия Президенті екі ел ара­сында 5 маңызды құжатқа қол қойыл­ғанын да айтқан.

«Мемлекет басшысы Ердоған атажұрт Қазақстаннан Назарбаев бас­та­ған деле­г­­ацияның келуі өздерін қуант­қанын мә­лімдеп, «Тамыры терең тари­хы­мыздан бастау алған Түркия-Қазақ­стан қарым-қаты­настарының келе­шегі одан әрі дами түсе­тініне сенім білдіре­мін», деді. Сондай-ақ екі ел арасындағы дип­ломатиялық бай­ла­­ныс­тар бұдан кейін де жалғаса береті­ні­не сенім білдірді», деп хабарлайды Yeni Akit.

Дайындаған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»