17 Қыркүйек, 2018

Ырыс ынтымаққа барады

969 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астықты өлкедегі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Ел тізгінін ұстаған азаматтар жерлестерінің жағдайына көңіл аударуда. Осындай ізгілікті істің нәтижесінде шалғайдағы шағын ауылдарда бұрынғысынша қол қусырып қарап отыратындар азайып, жалпақ жұрт күні-түні жұмыс істеп қарбаласып жатыр.

Ырыс ынтымаққа барады

Қолдың саласындай аққайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, сандық тастары бір-біріне қолмен қалағандай жымдаса жалғасқан Сандықтау – ежелден құнарлы өлке. Сап-сары болып піскен, кісі бойындай егістік алқапты қақ жарып өтетін қара жолмен салдырып келе жатырмыз. Сәл ғана самал еседі. Бастарын көтере алмай, кереқарыс масақтары ауыр­лаған егістік алқап сары теңіздей тол­қып жатыр. Ырыздық қой бұл, ырыс қой бұл! Осының барлығы еңбек десе жа­нып тұратын қарапайым адамдардың қаре­кетінің арқасында мүмкін болып отыр.

Ет пісірімдей уақыт өткен кезде Ка­менка елді мекенінің қарасы көрінген. Бұл осы аттас ауылдық округтің аумағы. Округте Каменка және Богославка елді мекендері бар. Қай тарапқа қарасаң да күзгі қарбалас жұмыс. Біреулер шабындық басындағы соңғы көпенелерді артып жатыр, ал толысып піскен арпа жығылуда. Тамыз айының соңғы күндері жауын-шашынды болып қол байлаған соң дала ерлері кеткен есесін ерен еңбектерімен қайтаруға жұмылғандай. Құдды бал аралары тәрізді қарбаласа қарекет етуде.

– Біздің округте жұмыссыз адам мүл­де жоқ, – дейді Каменка ауылдық окру­гінің әкімі Майя Әркенова. – Тұрғын­дардың басым көпшілігі өздерінің жеке шаруашылықтарымен айналысады. Соңғы бес жыл ішінде бағымдағы мал басы үш есеге дейін өсті. Жергілікті жұрттың 90 проценттен астамы осындағы «Каменка және Д» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінде еңбек етеді. Еңбекақылары да толымды.

Еткен еңбектің зейнеті де бар екен. Мәселен, осындағы Каменка орта мек­те­бінің оқушылары серіктестіктің есебінен тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Серіктестік басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Алексей Джейранов білім ошағына қажетті құрал-жабдықтар сатып әперіпті. Шалғайдағы шағын елді мекеннің білім ошағында оқитын оқушылардың жағдайы қала мектептеріндегі ахуалдан сынықсүйем кем емес. Жалғыз оқушылар ғана емес, жастардың да жағдайы ойластырылған. Жастар орталығында кеш түсе ойын-сауық қыза түседі. Ал түнде көшелері самаладай жарқырап тұр. Жарық шамдарын да серіктестік қаржысына орнатып берген екен. Осындай ілкімді істер жастардың ауылда қалып, болашағын туған жерімен байланыстыруға септігін тигізіп отыр.

– Бүгінгі табыс туралы сөз сабақтаған­да, әңгімені әріден бастамасам болмас, – дейді серіктестіктің бас дирекоры Алексей Джейранов, – тоқсаныншы жылдардың басында біздің елді мекендердің де еңсесі түсіп қалды. Егістік алқабын қурай басып кетті. Бұрынғы бар техниканы бартер деген тажал жұтқан, қалғаны қаусап тұрған 3-4 трактор. Ел болса үдере көшіп кетудің аз-ақ алдында тұрды. Осы жерде туып, осы жерде өскен соң бір қарекет істеу қажет болды. Шынын айтқанда, ауыл шаруашылығының көп жайы мен үшін жұмбақ болатын. Өйткені Қарағанды сау­да институтының түлегімін. Солай бола тұра тәуекелге бел буып, инвестиция тарттым. Жасыратыны жоқ, агрономдар мен инженерлер жайлы жазылған кітаптарды оқыдым. Өзіміздің жерлестерімізбен, аға буын агрономдармен тілдестім. Сөйтіп алдымен егін шаруашылығы саласын бір ізге түсіріп алу керек болды.

Біздің халықта «көз қорқақ, қол батыр» дейтін мазмұны кәтепті қара нарға жүк болатын сөз бар. Шынында да солай-ау. Тәуекел іске бел буған жас алғашқы жылы үмітін үлбіретіп қурай басқан құла түзге егін еккен. Күтімсіз қалғандықтан ба екен, әншейінде молынан төге салатын жер жарықтық та аңысын аңдығандай. Алғашқы жылғы өнім әр гектардан 9 центнерден айналған. Шынын айтқанда, сол кездегі өлшеммен тәп-тәуір болып көрінген. Алексей Джейранов бұдан былайғы аралықта даланың тілін білетін мамансыз алға басудың қиын болатындығын ұққан. Қабырғасымен кеңесе келе, өз ісін жетік білетін кадр­ларды шақырды. Әзірге олардың басына жұмақ орнатып бере қоятын қауқары жоқ. Бәрін болашақтың еншісіне сендірген, өзі де сенді. Сол сенім алға жетелейді. Бүгінде серіктестік көл-көсір табысқа ие болып отырса, ең алдымен өз сенімінің, ел сенімінің нәтижесі. Қазіргі таңда мұнда жүзден астам адам еңбек етеді. Табыстары да олқы емес. Мәселен, 2017 жылдың егін орағы кезінде әр комбайншы бір мил­лион теңгеден астам табыс тапты. Өзгенің қалтасындағы қаражатты есептегендік емес, салыстыру үшін айтамыз да. Бір айға жетер-жетпес науқандық жұмыс кезінде осындай қаражат табу әр комбайншының отбасылық бюджетін толықтырып тастамай ма?

Іс оңға басқан соң алдымен шаруа­шы­лықтың жайын ойлаған. Кем-кетігі көп, керек құрал-жабдық әлі де толып жатыр. Бірақ адамдарды да ойламай болмайды. Ең бастысы, еңбекақының тұрақты төленуі. Алдымен осыған көңіл бөлген. Жанашырлықтың жайын қарапайым халық та ұқты. Түсінік бар жерде түпкі нәтиже де көрініп тұрмай ма? Алғашқы күннен бастап кадр тапшылығын сезінген емес. Тағы бір айта кететін жай, аудан орта­лығындағы кәсіптік-техникалық кол­ледждің білім алушылары осы серік­тестікте тәжірибеден өтеді. Кәдімгі қазақ­тың «үйренгенің өзіңе, істегенің бізге жақсы» дегеніндей. Науқандық жұмыс кезін­де қолқанат екендіктері де рас. Өзде­рі де техника тілін меңгереді. Оның үс­тіне тәжірибе сабақтарының соңында ең­бек­ақыларын да алады. Оқушыларға ол да олжа.

Серіктестік облыстағы санаулы тұқым шаруашылықтарының бірі. Алдағы уа­қытта жергілікті жердің ауа райына тө­зімді, өнімділігі жоғары бидай сұрыпын өсіруді қолға алмақ. Қазір ғылыммен ұштастырылған жұмыс ауқымы кеңіп келе жатыр. Соның арқасында жыл сайын мол өнімге қол жеткізуде.

Қияпат еңбектің қайтарымы болған соң ауыл адамдарының да құлшынысы мықты. Қазір ауылдық округ аумағында 165 оқушыға арналған орта мектеп, дәрі­герлік амбулатория, байланыс бөлімшесі, наубайхана, бірнеше сауда нүктелері мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.

– Бізде 4 кереуетке арналған күн­діз­гі стационар жұмыс істейді. Жерлес­тері­міздің басы ауырып, балтыры сыздай қалса, тәуліктің қай мезгілі болсын, көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді дәрігерлік ам­булатория меңгерушісі Светлана Каранец, – үстіміздегі жылы округтегі 14 жасқа дейінгі балалардың саны 211-ге жетті. Осы деректен-ақ шалғайдағы ша­ғын елді мекендердің жасарып келе жат­қан­дығын аңғаруға болады. Барлық тұр­ғынды медициналық тексеруден өткіздік. Жұқпалы аурулардан дін аманбыз.

Еңбек ардагері Марина Причепованың айтуына қарағанда, дәрігерлік амбу­ла­торияның қызметі мүлтіксіз. Қай кезде де сапалы қызмет көрсетеді. Қажетті дәрі-дәрмек алатын дәріханалары да бар. Фармацевт Марина Тюкова екі жыл бұрын қажетті құжаттарын рәсімдеп, дәріхана ашыпты. Қазір дәрі-дәрмек жеткілікті.

Каменка ауылындағы наубайханаға бас сұқтық. Нарттай қызарып піскен нан иісі жан сарайыңды ашып жіберердей. Нау­байхана меңгерушісі Любовь Тюкованың айтуына қарағанда, күн сайын жүздеген бөлке сапалы нан пісіреді екен. Округ тұр­ғындарына молынан жетеді. Тіпті іргелес қонған елді мекендерден де келіп нан алып тұрады. Нан бағасы арзан. Мәселен, бір бөлке нан – 45 теңге.

Зейнеткерлердің жиі жиналатын жері ауылдағы пошта бөлімшесі.

– Аудан орталығына бармай-ақ өзі­міз­дің поштадан қажетті операцияларды жасай аламыз, – дейді пошта меңгерушісі Лидия Омарова, – жедел несие алу, өзге де қажетті құжаттарды толтыру біздің құзы­рымызда.

Серіктестік басшысы өз округіндегі халықтың жайын ғана емес, төскейде малы қосылған көршілерінің де қамын ойлап жүр. Мәселен, таяуда ғана Васильев ауылдық округінің медициналық пунктіне жедел жәрдем көлігін сыйға тартыпты.

– Бұл қайырымдылықты шын жүректен жасадым, – дейді Алексей Джейранов, – ол округтің аумағында біздің серіктестіктің де бірнеше мың гектар жері бар. Сол жерде серіктестік диқандары еңбек етеді. Бұрынырақ олар ауырып-сырқап қалғанда жедел жәрдем көлігінен қиыншылық көріп келген болатын әрі жалғыз біздің еңбеккерлеріміз ғана емес, ол округте де жүздеген адамдар тұрып жатыр ғой.

Түтіні түзу ұшқан елді мекеннен ұзап бара жатып артымызға қарағанбыз. Көз ұшында сап-сары теңіздің майда толқындарын қақ жарып дала кемелері кетіп бара жатыр екен. Кәдімгідей сары даланы әуенге бөлеп. Ырыс шақыратын еңбек әуені ғой бұл.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы

 

Соңғы жаңалықтар