17 Қыркүйек, 2018

Жұртшылықтың талап-тілегін жеке кәсіпкер жете ескеріп отыр

496 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жұртшылықтың талап-тілегін жеке кәсіпкер жете ескеріп отыр

 «Жол мұраты – жету» екенін кез келген жолаушы жақсы түсінеді. Сапарға шыққанда діттеген межеге жетіп аяқ шалдырғанша тағат таппайтыны сондықтан. Ара­қа­шықтық жақын болса, бір сәрі. Ал «жол азабын жүрген біле­ді» демекші, ұшқан құстың қана­ты, жүгірген аңның тұяғы талатын қазақтың сайын даласының бір шетінен екінші шетіне ба­ру үшін талай қырды артқа тас­тап, небір қиындықтар мен ауырт­палықтарды еңсеруге тура келеді. Оның үстіне ұлтымыздың үйден қырық қадам ұзап шыққан жолау­шыны мүсәпірге теңейтіні бар. Осындайда жол бойындағы сер­вистік нысандар ұзақ жолдан шаршап, қажып келе жатқан жанды отбасына оралғандай құшақ жая қарсы алып, дәмді ас-суын, жайлы жатын орнын ұсынып, мінсіз қызмет көрсетіп жатса, кәнеки! Демнің арасында қырысқан қабақ жазылып, бой да, ой да сергіп, еңсені езген, жүйкені жұқартқан жайсыздық әп-сәтте ұмытылар еді. Және де Қазақстан Еуразиялық эко­но­микалық одаққа, бірыңғай кеден кеңістігіне қосылғалы алыс, жа­қын елдермен сауда-саттық, басқа­дай да байланыстар артып, бүгін­де әрлі-берлі тынымсыз ағыл­ған, желдей жүйткіген жүк көлік­терінен көз сүрінеді. Демек, алыс шақырымдарды бетке алып, артқа тастайтын жүргізушілер де бір мезет көз шырымын алып, жақсылап тынығып алуға бейіл деген сөз.

 Жасыратыны жоқ, облыстың жол бойында орналасқан сервис қыз­метіне, әсіресе дәмханаларда дайын­далатын тамақтың сапасыз­дығына, гигиеналық-тазалықтың төмендігіне реніш көп айтылатын. Арнайы комиссия бірнеше мәрте тексеру рейдтерін жүргізіп, кемшіліктерді анықтағанмен уақыт өте бұрынғы «таз қалпына» қайта түсетін. Соңғы кездері бұл бағытта тәртіп күшейтіліп, нақты шаралардың жүзеге асырылуы арқасында жолаушыларға сапалы сервистік қызмет көрсету жолға қойыла бастады. Республикалық маңызға ие Астана-Петропавл бағытындағы күре жол күрделі жөндеуден өтіп, қалпына келті­ріл­гелі жауыннан кейін саңырау­құ­лақтай пайда болған қызмет көр­сету орындары арасында өза­ра бәсекелестіктің серпін алға­ны сезіледі. Басты тасжолдың жү­з­деген шақырымдары Тайынша ауданын көктей өтетіндіктен бизнеске қолайлы аумақ екенін бірден аңғарған Мырзахан Қамалов жол бойындағы сервистік қызметті да­мы­туды алғашқылардың қа­тар­ын­да қолға алған еді. Кә­сіп­керлік қадамын осыдан 22 жыл бұрын Дра­гомиров елді мекеніне тақау 100 орынды дәмхананы өз қара­жатына салудан бастаған. Кәсібін тұрақты нәсіпке айналдыруды мақсат еткен ол кейін жеңілдікті бағ­дарламаларға қатысып, қыз­мет аясын кеңейтті. «Bastau Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, «Агрокредит» корпора­циясы арқылы 18 миллион тең­ге демеуқаржы алды. Бұл қа­ра­жатқа көлік жуу нысанын іс­ке қосып, екіқабатты қонақ үйі мен техникалық қызмет көрсету стан­­са­сын тұрғызуға кірісіп кетті. Құ­рал-жабдықтарға тапсырыс бе­рі­ліпті. Ондаған ауылдастарын тұ­рақ­­ты жұмыспен қамтамасыз еткен.

Күре жолдың бойында «Ман­сұр» шағын бизнес кешенінің бой көтергеніне халықаралық рейс­терге қатынайтын жүргізушілер де, қоғамдық көлік жүргіншілері де, жергілікті тұрғындар да дән риза. Солардың бірі астаналық Сы­рым Иманбаевтың айтуын­ша, бұрындары түстенетін, тамақ­танатын орындар таздың сиреп қалған шашындай әр-әр жерде ғана кездесіп, амалсыздан ат басын бұратын. Тіпті кешеден қалған суық тағамды талғажау етіп, барға қанағат ететін. Енді шекесінен шертіп жүріп таңдайтын, тал­ғай­тын болыпты. Жолаушылар ара­сында қазір «Мансұр» кешені танымалдылыққа ие. Оның атын атаса бас бармағын көрсетіп, жеткенше асық. Мұнда тамақтың неше түрі қолма-қол әзірленіп, буы бұрқыраған күйі дастарқанға қойы­лады. «Тағам шыны әйнектің арғы жағында көз алдымызда әзір­ленетіндіктен сапасы күмән тудыр­майды. Дәмділігі тіл үйіретін самса-күлшелерді, иіліп қызмет көрсететін аспаздардың кіші­пейіл­дігін айтсаңшы. Қа­лып­ты демалуға барлық жағдай жа­салғандықтан, таң­дауымыз осы­ған түседі, дейді елордалық мейман.

Мырзажан Қамалов жеке ша­руа­сын ұршықша үйірумен қатар қа­йырымдылық шараларға да бел­сене қатысып тұрады. Драго­миров мектеп үйін жөндеуге жәрдем­десіп, қарттарға, көп балалы от­ба­сыларға материалдық қолдау көрсетіпті. Былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесіне жерлестері­нің саяхаттап барып-қайтуына қа­ржылық демеу жасапты.

Кәсіпкерлік қадамын кәуап сатудан бастаған ол қазір жол бойындағы сервистік қызметтің аясын кеңейтумен қатар сапасына да ерекше мән береді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы