Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Тарази тағылымы

667 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тарази тағылымы

Әдеби кешке ақын Оңайгүл Тұржан, ки­но­­т­анушы, өнертану канди­да­ты Нәзи­ра Рахманқызы, Қа­зақ­­­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқа­нова және «Егемен Қа­зақстан» газе­ті­нің журналистері мен әдебиет әле­мінде жүрген шы­ғармашыл жас­тар қатысты. Ай­тулы кездесуді «Еге­мен Қазақ­стан» республикалық газеті» АҚ Бас­қарма төрағасы Дар­хан Қы­дыр­әлі Ақпарат және комму­­ни­кациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау сөзімен ашып берді.

Кездесу барысында қадірлі қо­нақтар сөз алып, мерейтой иесінің шы­ғар­машылық әлемінен жан-жақты сыр қозғаса, жастар жағы осы сәтті пайдаланып сүйікті қа­ламгеріне көкейінде жүрген қы­зық­ты сауалдарын қойып, тұшым­ды жауап алды. Сырласу стилінде өткен жүздесудің ерекшелігі де сол – мұнда жазушы бұған дейін ешбір жерде айтылмаған тың дерек, қызықты сәттерімен бүкпесіз бөлісті. Оқырмандарына жан сырын ақтарды.

«Күлдіру үшін айтайын: мен кі­тап­ты шалқамнан жатып оқи­мын. Сосын асықпаймын. Екі-үш бет­тен кейін жауып қоямын. Содан араға біршама уақыт салып әрі қарай жалғастырып оқимын. Бір оқығанымды кейін қайтадан қайта­лап оқу – жас күнімнен келе жатқан жақсы әдеттерімнің бірі деп санаймын. Себебі сырылдатып оқып, сюжетті ғана қуып кетсең, ол оқу емес. Мен кітаптың, он­дағы оқиғаның ішінен өзіме ұстаз адамның мінезін іздеймін. Кітап – ұстаз.

Шеберлік дегеннің өзі білімге байланысты. Көп оқу арқылы өз стиліңді қалыптастырасың. Өмір­ді көшеден ғана біліп қалмаңдар, өмірді әдебиеттен қабылдау, содан үйрену керек. Одан кейін та­ғы бір ай­тарым – жазушыға өмір­баян қажет. Егер болмаса, қолдан жа­сау ке­рек. Қиындықтан, өзге­руден қорық­паған, ағысқа қарсы жү­зуден жүрек­сінбейтін адамнан жақсы жазушы шығады» деген қаламгер кездесуге жи­налған жас­тарға ақылын айтып, шы­ғар­­машылық тәжірибесімен бөлісті.

Әкім Тарази – әдебиет әлемі­нің ғана алыбы емес, кино мен театр драматургиясында да сурет­кер салған сара жол сайрап жатыр. Қаламгер сценарийі бойынша көрерменге жол тартқан «Тұл­пар­дың ізі», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұс­тафа Шоқай» фильмдерінің қай-қай­сысы да мазмұн тереңдігі, тарихи деректерді көркемдік тұрғы­дан шебер сөйлетуімен және де бір-біріне ұқсамайтын тың да күрделі бейнелерді шынайы жеткізуімен құнды. Әкім Тарази бойындағы шы­ғар­машылық тың қуат пен шынайы шеберліктен бөлек, жазушының азаматтық болмысындағы батылдық пен бірбеткейлік, өжеттік те әрбір туын­дысының табиғатына берік орнығып, сонысымен де қа­лам­гердің өзіне ғана тән дара­лық түзген. Сол мінезімен, өз кө­з­қа­расынан айнымас адалдығымен кезіндегі қылышынан қан тамған қиын кезеңдердің өзінде тас жарған Тарази таланты, Тарази шеберлігі оқырманына сонысымен ыстық, сонысымен аяулы.

 «Бұл кісі – әдебиет әлемінің Әкімі! Әкім ағамыз Әулиеата әлі «Джам­бул» аталып жүргенде Та­раз атауын тірілткен тұлға! Дамолла Әшім­нің үмітін ар­қа­лаған ол кісінің азан шақырып қойған аты – Хаким. Дәлі­рек айтқанда, Хакім! Хакім – дү­ние­нің түпкі мәнін терең ұққан ғұлама, xикмет-сырдың иесі де­ген мағына береді. Абайды xакім дей­тініміз сондықтан. Әкім ағамыз – ра­сында, Абайша айт­қанда, «ақырын жүріп, анық басатын, қалыбы өзгер­мейтін, мінезі мінсіз, айнымай­тын асыл адам» деп құттықтау лебізін жеткізген басылым басшысы Дархан Қуандықұлы тағылымды кеш соңында мерейтой иесіне барша ұжым атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Шынайы өрбіген әдеби әңгімеден рухани ләззат алған оқырман қауым да кездесуден марқайып тарқасты.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар