Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Батыр аманатына адалдық

1009 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінде дүниеге келгенімен, бүкіл қазақтың қайсар ұлына айналған Бауыржан Момышұлы есімі ел үшін қастерлі. Көзі тірісінде аты аңызға айналған алып тұлға қазақ халқы үшін батырлық пен ерліктің нағыз үлгісі ретінде тарихта қалды. Сондықтан да ел арасында даңқты батырға деген құрмет пен тағзым ешқашан толастамақ емес.

Батыр аманатына адалдық

Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағы жуырда қайтадан күр­делі жөндеуден өтіп, көпшіліктің көз тоқтатып қарайтын орнына ай­нал­ғаны белгілі. Саябақ ортасы­нан Бауыржан Момышұлының ең­селі ескерткіші бой көтеріп, соны­мен қатар Жамбыл жері­нен май­данға аттанған мыңдаған жауын­­гер­дің есімі жазылған тақ­­та­­лар ор­на­тылған болатын. Жуыр­да Әулиеата өңіріне батыр­дың келіні, жазушы Зейнеп Ах­метова келіп, жамбылдық жұрт­шы­лықпен жүздесті. Әуелі батыр­дың еңселі ес­­керт­кішіне гүл шоқ­тарын қойып, ру­хы­на тағзым етті. Сонымен қа­­тар «Жеңіс» сая­бағын аралап кө­ріп, өзінің риза­шылығын білдірді.

Бұдан кейін Зейнеп Ахметова­ның қатысуымен «Баласағұн» орталық концерт залында көп­шілікпен кездесу өтті. Даңқты батыр туралы тағылымды әңгімені тыңдауға жұртшылық көптеп жина­лды. Аталған шараны Жам­был облыстық ішкі саясат бас­қар­масы ұйымдастырған болатын. Кездесуді басқарма басшысы Берік Құрманғали ашып, еркін форматта жүргізіп отырды. «Зейнепті халық тәрбиеледі. Мен мына саналы ғұмырымда ата беделіне титтей дақ түсіріп, нұқсан келтірмеуге тырысып келемін. «Біреуді мақтасаң да, жағым­паз­данба. Біреудің кемшілігін айт­саң, көзіне тіке қарап айтатын бол» дейтін ата. Ол кісінің өсиеті бізге мұра. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, біздің бастау-бұлағымыз – ата. Немере-шөберелеріне атаның әңгімелерін, өсиетін айтып, құлақтарына құйып отырамын», деді Зейнеп Ах­метова өз сөзінде.

Кездесу барысында Зей­неп Ах­метова батыр туралы тол­ғаныстарын айта келіп, ұлттық құндылықтар, салт пен сана, бүгінгі қазақ келіндері туралы да өз ойымен бөлісті. Осы орайда жұртшылық батырдың келініне сауалдарын ауызша және жазбаша түрде жолдап, тиісті жауап алды. Сонымен қатар Жамбыл өңіріне келіп-кетіп жүргенімен, тұлға ретінде тұңғыш рет шақырту түс­­ке­нін де айтып өтті. «Бұл ме­нің жолым емес, Бақытжанның жолы еді. Амал нешік, тағдырдың жазуы­на кім қарсы тұра алған? Бақыт­­жан­ның орнына өзім келіп отыр­­мын. Осынау құрмет менің мық­ты­лығым демеймін, атаның арқасы», деп кісілік жөнінен әңгіме өрбітті. Өз сөзінде жазушы ана тәрбиесі үлкен сабақ екенін, сондықтан да қазақ қыздарының инабатты, тәрбиелі болу керектігін жеткізді.

 Келесі күні Зейнеп Ахметова Тараз мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінде және Тараз ин­новациялық-гуманитарлық уни­верситетінде өткен кездесулерге қатысты. Мұндағы кездесу бары­­сында да тағылымды әрі тәр­­­биелі әңгімелер айтылды. Со­ны­мен қатар, Жамбыл атындағы «Руха­ният» орталығына да келіп, көпшілікпен жүздесті. Кез­десу­ді Жамбыл облыстық мәде­ниет, архивтер және құжат­тама бас­қар­масының басшысы Дүй­сенәлі Бықыбаев жүргізіп отырды.

Зейнеп Ахметованың үш күнге созылған Жамбыл жұртшы­лығымен жүздесуі батырдың туған жері Жуалы ауданында жал­ғасын тапты. Мұнда батырдың келіні Бауыржан Момышұлының ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, батыр атын­­дағы музейді аралап көрді. Со­нымен қатар аудан орта­лығы Бауыржан Момышұлы ауылын­дағы аудандық Мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздесті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы