17 Қыркүйек, 2018

Жастарды қолдау – жарқын жолды таңдау

1551 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда ел жастарын қанаттандыруға бағытталған халықаралық жастар форумы өтті. Аталған форумды ұтымды идеясымен көзге түскендер үшін өз армандарын іске асырудың таптырмас мүмкіндігі деп атауға болады.

Жастарды қолдау – жарқын жолды таңдау

Қай елдің де жарқын болашағы жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы талантты жас­тар. Аталған жобаның басты мақсаты әр саладағы дарынды жастардың басын қосып, олардың арман-мақсаттарына жол ашу дейді ұйымдастырушы­лар. Форум жұмысына Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан жастар ұйымдарының мү­ше­лері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас кәсіпкерлер мен еріктілер қатысты.

 Шараның ресми ашылу салтанатында ТМД елдерінен келген делегация жетекшілері сөз сөйлеп, еліміздің қонақ­жайлылығына алғыстарын білдір­ді. Өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларымен бөліскен жетекші жастар экономика, әлеумет, білім, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктерді саралап, осы бағыттар бойынша әлі де шешімін таба алмай келе жатқан ортақ проблемалармен күресудің оңтайлы жолын қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Ғаламға ортақ мәселелердің түйткілді тұстарын сараптап, білім мен білік, еңбек пен табыс құпиялары төңірегінде ой бөлісті. Басқосу аясында «Заманауи туризмнің трендтері», «Волонтерлік өмір салты бейнесі», «Жастар және бизнес», «Ақпарат ағымындағы жастар» тақырыптарында сұхбат алаңдары өтті. Білікті жастар өз тәжірибе жолы мен жетістіктерінің құпияларын ортаға салды.

Жастар ісі жөніндегі федералдық агент­тіктің халықаралық қызмет бөлі­мінің басшысы Дмитрий Иванов өз сөзінде Ресей Федерациясы үшін ТМД кеңістігіндегі өзара ықпалдастықта жас­тар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту басым бағыт болып табылатынын атап өтті.

 «Біз өз тарапымыздан әр түрлі бастамаларды конструктивті түрде қолдауға дайынбыз. Бізде гранттық қолдауды жүзеге асыратын мүмкіндіктер бар. Форумға қатысушылардың алған тәжі­рибелері болашақта өз жемісін береді деп үміттенеміз», – дейді ол. Ресей де­ле­гациясының басшысы ұсынылған жобаларды жүзеге асыру үшін Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Ал Әзербайжан жас­тар ұйымдарының Ұлттық кеңесінің төрайымы М.Меджидова жастар кәсі­п­керлігі мен еріктілік қызметті дамыту­дың тың тетіктері, жастар ұйым­дары мен жобаларының өзектілігі жайлы ой өрбітті. Оның сөзінше, соңғы жылдары әлем жастарының бизнеске деген құл­шынысы артқан. Сондықтан әр мем­лекет жастар ұсынған ұтымды жобаларға демеу көрсету қажет.

Одан бөлек Қырғыз Республика­сы үкіметі жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мем­лекеттік агенттігінің жастар саясаты бөлімінің бас маманы А.Адамалиев, Беларусь Республикасы Білім министр­лігінің «Балалар мен жастардың көркем шығармашылығы ұлттық орталығы» республикалық жастар білім беру орта­лығы мекемесінің меңгерушісі Д.Туро­нок, Өзбекстанның бүкіләлемдік жас­тар қауымдастығының төрағасы М.Әлім­баев, «Масис» «Қазақстандық армян қоға­мы» республикалық қоғамдық бір­лес­тігі төрағасының орынбасары А.На­ва­сардян форумда қамтылған тақы­рып­т­ар төңірегінде өз ұсыныстарын ортаға салды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары негізінде тиісті ұсынымдар қабылданатын болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ