Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

«Алматы декларациясы» – жаңа инновациялық бағыттың бастауы

2887 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1978 жылы ДДҰ және ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк көмектi жетiлдiруге арналған халықаралық конференция өткен едi. Әлемдік деңгейде мәні бар конференцияның Алматыда өтуі  сол кездерi Қазақстанның денсаулық сақтау министрi қызметiн атқарған академик Төрегелді Шармановтың арқасында жүзеге асты. Бұл – академиктің қажырлы еңбегі мен дарындылығын, ұйымдастырушылық қабілеті мен жан-жақты білімдарлығын көрсетеді. Алматы конференциясының тарихы туралы не бiлемiз? Бұл жиынды өткiзудегi мақсат қандай еді деген сауалдар төңiрегiнде академик Төрегелдi ШАРМАНОВПЕН әңгiмелескен едiк.

«Алматы декларациясы» – жаңа инновациялық бағыттың бастауы

Құжаттың маңызы арта түсіп отыр

– Төрегелдi Шарманұлы, Алматы декларациясының 40 жылдық мерейтойы құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын адамзат тарихында медицина саласының «Ұлы хартиясы» аталған декларацияның тарихы мен басты мазмұнынан бастасақ.

– Рахмет. Алғашында Ташкентте өткізіледі деп жоспарланған бұл конференцияны Алматыда өткізуге ықпал еткенім рас. Дегенмен Алматы кон­ференциясын өткiзуге жалғыз менің шамам қайдан жетсiн?! Бұл сол кез­дегi денсаулық сақтау саласы өкiл­дерiнiң бiрлескен еңбегiнiң жемiсi еді.

Мен сол кезде Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрi қызметін атқардым. 1976 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Женевада өткен мәжi­лiс­те өздерiнiң медициналық жедел жәр­­д­ем мәселесiне арналған кезек­тi кон­фе­­ренциясын Кеңес Ода­ғында өт­кiзу туралы шешiм қабылдады. КСРО Денсаулық сақтау министрi Б.Петров­ский Ташкенттiң кандидатура­сын ұсынды. Ал ол заманда Ташкенттiң Орта Азияның бейресми астанасы, ор­т­алығы болып есептелiп келгенiн бәрi­­мiз бiлемiз. Бұл ұсынысқа мен үзi­лдi-кесiлдi қарсы болдым да, Ал­матыда өткiзудi ұсындым. Тіпті, Д.Қо­наев­қа кiрiп, «Қазақстанның аты үшiн, Алматының даңқы үшiн осы конференцияны бiз өткiзейiк. Бұл – Қазақстанның абыройын көтередi, тарихта аты қалады» деген едiм. Содан мәжiлiстен кейiн КСРО-ның денсаулық сақтау министрi Б.В.Петровскийге жолығып, егер конферен­ция өткiзiлетiн орын жөнiндегi пiкiр өзгертiлiп жатса, Алматы қаласын үмiткер қатарына қосу­ды өтiндiм. Бұл сөзімді онша құп­тай қоймаған Борис Васильевич Таш­кентпен Алматы теңесе алмайды деу­ге дейiн барды. Министрдiң бұл сөзi на­мысымды одан бетер қайра­ды. Сөйтіп КОКП Орталық коми­те­тi­­нiң ғылым және мектеп бөлiмi мең­­­гер­у­­шiсiнiң орынбасары Вал­ерий Алек­с­ан­дрович Балтийскийге жо­лы­ғып, өз пiкiр-ұсынысымды жет­кiзiп едiм, «Неге болмасқа, тырысып көр. Алай­да бұл үшiн өз елiңдегi Орта­лық Комитеттiң келiсiмiн ал, Қазақ­стан басшысынан қолдау тапсаң, жақ­сы болар едi», деп жауап бердi. Әлем­­дiк жиынның Алматыда өтуiне көп қар­сы­лықтарға қарамастан бар күшiм­дi салып, Алматыны үмiткер қала ретiн­де ақыры тiркеттiм. Конференция өт­­кiзуге дайындық белсендi жүргенi сон­­­шалық, форумды өткiзу орнының үмi­тк­ер­лерi қатарына Ташкент пен Алматы ғана емес, Тбилиси мен Ново­си­бирск, Баку қалалары да кiрдi. ДДҰ атқару комитетiнiң Бас дирек­торы, оның орынбасары, КСРО денсаулық сақ­тау министрiнiң сыртқы байланыс бас­қармасының басшысы О.П.Ше­пин, ДДҰ бас директорының қар­жы мәсе­лелерi жөнiндегi көмекшiсi бар, ар­найы комиссия құрылды.  Әр­бiр үмiт­кер қалаға шектеулi қысқа мерзiм – екi күн берiлдi. Осы екi күн iшiнде бiз конференцияны өткiзу мүмкiндiктерiмiздi дәлелдеп шығу керек болатынбыз. 

Комиссия алдымен Тбилисиге, одан кейiн Ташкентке барды. Неге еке­нi белгiсiз, комиссия Ташкентте екi күн емес, үш күн болды. Бекiтiл­ген мер­­­­­зiм­­нiң ұзартылуы және оның Алматы есебiнен алынғанынан кейiн-ақ кон­­фе­рен­цияны өткiзуге Таш­кент­­­­­тiң таң­дап алынғаны белгiлi едi. Б.В.Петровскийдiң де көздегенi де сол болатын. Мұны бiлген сайын үмi­­т­iм үзiлгендей көрiнгенiмен, да­йын­­­­дық­қа селқос қараған жоқпын. Ко­ми­­ссия Алматыда бiр-ақ күн болды. Бiрақ, бiз осы бiр күннiң әр сағат, әр минутын сәттi жоспарлап отыр­дық. Конференция өткiзiлетiн Ленин, қазiр­­гi Республика сарайының ғи­ма­раты, Ұлттық кiтапхананы аралап көрдi. Ленин сарайын аралап жүргенде комиссия мүшелерi дәретхана маңында  көп кiдiрiп қалды. Бiр сылтау тапқан шығар деп барсам, ондағы тазалық мәселесi комиссия көңiлiнен шықса керек. Кешке қарай Денсаулық сақтау министрлiгiнiң конференц-залында Қазақстанның денсаулық саласы жайында кинофильм көрсетiлдi. Атақты әртiстердiң күшiмен концерт қойдық. Кешкi астан кейiн комис­сия Новосибирскiге ұшып кеттi. Үшiн­шi күнi Мәскеуден О.П.Шепин теле­фон шалып, Алматының комиссия мүшелерiнiң таңғалдырғанын, әсiре­се тазалығымен сүйсiндiргенiн ай­тып, Конференцияны Алматыда өткiзу жө­нiнде шешiм қабылданғанын жеткiздi.

Бұл оқиғаға Компартияның Саяси Бюросының мүшесi Д.Қонаевтың араласуы да үлкен рөл атқарды. Сөйтіп 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақы­рыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Бұл жиынға денсаулық сақтау iсiнiң өкiлдерiмен бірге мемлекет, үкiмет басшылары, депутаттар, губернаторлар қатысты. Олардың қатарында АҚШ сенаторы Эдуард Кеннеди де бар едi.

Конференция нәтижесінде арнайы декларация қабылданды. Осы құжаттың негізінде дүние жүзі мем­ле­кеттері адамдарға алғашқы меди­циналық жәрдем беру құқығына ие болды. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен жетістігі еді. Сондық­тан бұл декларация адамзат тарихында медицина саласының «Ұлы хартиясы» деп аталды. Бұл бағаны құжатқа ДДҰ президентi Н.Махлер берген едi. Декларацияның маңыздылығы сол, балалардың өлімі азайып, орта жастың деңгейі ұлғайды, жалпы халықтың денсаулығы жақсарды.

Сол кездегі Денсаулық сақтау ми­нистрі ретінде республика атын әлем­ге танытқаным үшін алғыс алудың ор­нына қатаң қудалауға ұшыраған бо­ла­тынмын. Клиникамыздың мақ­саты ұлттық тағамдарды зерттеу бол­ған­дықтан, маған «ұлтшыл» деген айып та тағылды. Тіпті клиникам­да ем алған науқастардың өзіне Орта­лық Комитет сөгіс жариялады. Осы­лай­ша клиниканың жүргізіп отырған жұ­мы­сының аясы тарылып, тоқтатуға мәж­бүр болдық. Сол замандағы солқылдақ саясаттың салдарынан туған елден сырт айналып, Мәскеуде еңбек еткен кездерім де болды.

– Алғашқы дәрiгерлiк көмек­тi жетiлдiруге арналған бұл халық­ара­лық конференция несімен құнды? Оның маңыздылығы туралы айтып берсеңіз.

– ХХ ғасырдағы денсаулық сақ­тау­дың ұлы хартиясы деген атпен тарих­қа енген Алматы декларациясы  – дү­ниежүзiлiк денсаулық сақтаудың iргетасын қалаған құжаттардың бiрi де бірегейі. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжатпен бекiтiлдi. Алғашқы дәрi­гер­лiк-санитарлық көмек көрсету туралы бұл декларацияға биыл 40 жыл тол­ғанымен, өзiнiң маңыздылығын әлi жойған емес. Медициналық көмек көр­сету­дiң қолжетiмдiлiгiн, сапасы мен сабақ­тастығын қамтамасыз ету, тұр­­ғын­­дардың денсаулығы мен әл-қуатын тұрақты жақсарту бүгiнде Қазақ­­станның басым бағыттарының бiрi болып отыр. 40 жыл бұрынғы уақыт­­­пен са­лыс­тыр­ғанда халық ден­сау­­­лы­ғы жақ­сара түс­тi, өмiр сүру мер­зiмi ана­ғұр­лым ұзар­ды. Саламатты өмiр сүру са­ла­матты тамақ­тану қағида­лары қалыптасты.

Жалпы, алғашқы медицина­лық-санитарлық көмек дегеніміз – жекелеген тұлғалардың, отбасының және қауымның денсаулық сақтау жүйе­сiмен алғашқы деңгейдегi қарым-қатынасы – медициналық-санитар­лық көмектi адамдардың тұрғылықты мекенiне және жұмыс орнына барынша жақындататын, халық денсаулы­ғын қорғау процесiндегi әуелгi кезең. Егер болашақта дүние жүзi халқының денсаулығы жақсы болсын десек, алғашқы медициналық көмекке қол­жетiмдiлiктi күшейту қажет. Бұл ретте жиында жер-жерден келген ма­ман­­дар осыны дамыту жағдайын ор­таға салады. Бұдан өзге конференция қатысушылары дүниежүзi бойынша қарапайым халыққа дәрiгерлiк көмек жүйесiн жетiлдiру, дамыту, орын алған кемшiлiктердi түзету мәсе­ле­лерiн тілге тиек етеді. Сонымен қатар Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйы­м­ының сарапшылары алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмектiң ин­новациялық үлгiде сапасы мен тиiм­дiлiгiн арттыру, осы саладағы ең жауапты қызметтi атқаратын ме­йiр­­бикелердiң мәртебесiн арттыру, дәрiгерлер мен орта буынды маман­­дар дайындау iсiн жақсарту, соны­­мен қатар көлiктегi медицинаны жан-жақты дамыту мәселелерiн тал­қы­лайды. Профилактикалық iс-шараларды жандандыру мәселелерiне мән берiлмек. Аурудың алдын алу үшiн жүргiзiлетiн iс-шаралардың ұлт денсаулығын жақсартудың басты кепiлi екенiне көз жеткiзетiн кезең келдi. Сондықтан бұл халықаралық құрылтайда бiз алғашқы медициналық-санитарлық көмектi дамытудың стратегиясын қабылдауға тиiспiз және қабылданатынына сенiмдiмiн.

Форум бес жыл сайын аталып өтеді

– Халық мүддесiне бағытталған құжаттың қабылданғанына 40 жыл толды. Не өзгердi, алғашқы меди­циналық-санитарлық жәрдем саласында қандай жетiстiктерге қол жеткiздiк?

– 1978 жылғы Алматы декларация­сын қабылдауға мұрындық болған Конференция сол заманның қажет­тілігінен туған дәрігерлік кеңес іспетті. Себебі сол кезге дейін дүние жүзінде бес жасқа дейінгі балалардың 15 миллиондайы алғашқы дәрігерлік көмектің болмауы кесірінен көз жұматын. Міне, әлемнің 140 елінен делегация қатысқан сол Конференцияда бірауыздан қабыл­данған Алматы декларациясы жаңа туған сәби перзентханадан үйіне оралысымен оның және анасының жағдайын дәрігерлердің үйіне барып қадағалауына қол жеткізді. Адамдар түрлi аурулардан, әсiресе әлеумет­тiк аурулар тобына жататын қатерлi iсiк, туберкулез, жүрек-қан тамырлары ауруынан көп қайтыс болатын. Ал қазiр қарап отырсаңыз, ана мен бала өлiмi азайып, қауiптi дерттердiң ал­дын-алудың арқасында қатерлi ауру­ларды ерте кезеңнен анықтап, сауық­тыру iс-шаралары жақсарды. Жыл өткен сайын ана мен бала өлiмi, қауiптi дерттерден болатын өлiм-жiтiм көрсеткiштерi азайып келедi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында ден­сау­лық сақтау саласын реформалау iсi нәтижелi жүргiзiлiп келедi. Мәсе­лен, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қазақ­стан» мемлекеттiк бағдарламасы дәрiгерлiк-санитарлық және әлеу­меттiк шараларды жүзеге асыру мәсе­лелерiн жан-жақты қамтыды. Ал 2011 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ен­гiзiл­ген Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi, Саламатты өмiр салтын қалыптастырудың, саламатты тамақ­тану мәселелерiнiң ұлттық бағ­дар­­ламаларының қабылдануы, Елба­сының халық денсаулығын жақсартуға қамқорлығының жарқын көрiнiстерi болғаны сөзсiз. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында дәрiгер­лiк-санитарлық көмектiң негiзгi тiрегi – аурудың алдын алудың тиiмдi­лiгi, ауруды ерте анықтау, емдеу тәсiл­дерi, тұрғындардың денсаулығын жақсар­тып, өмiр сүру жасын ұзарту көзделген болса, қазiргi таңда осы мiндеттер то­лығымен жүзеге асырылуда.

Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласы қарыштап дамып,  өз мүмкіндіктерін әлемге мойындатып отыр. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі медициналық қызмет сапасын жақсартуда көптеген ауқымды жұмыстарды жүргізіп келеді. 

Тағы бір айтатын мәселе, қазіргі медицинаның ұстанған бағыты – дәлдік пен нақтылық. Яғни, науқасты ота жасауға жеткізбей, диагнозын ерте анық­тап, аурудың алдын алуға мүм­кін­дік ашылды. Бүгінгі меди­ци­на­ның техникасы мен технологиясы көш ілгері дамыды. Ақпарат алмасу, науқастарды тіркеуге алу, емдеу – барлығы да авто­мат­тан­дырылған. Денсаулық сақтау­дың бір­ыңғай ұлттық жүйесі деп ата­­ла­тын дәл қазіргі таңдағы жетіс­тігі де азаматтарға барынша тиім­ді қыз­мет көрсетуге көшті дей аламыз. Азамат­тары­мыз қай жерде емделгісі келеді, пор­­талға тіркеле отырып, өзіне ауруха­на­ны таңдай алады. Бір сөзбен айт­қан­да, бүгінде Алматы декларация­сы жаңа инновациялық бағытта дамып келедi.

– Күзде өткiзiлетiн мерейтойлық конференциядан қандай жаңалық күтесiз?

– Биыл 25-26 қазанда Астанада ДДҰ мен БҰҰ БҚ  алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) жөніндегі Алматы декларациясының 40 жыл­ды­ғына арналған үлкен жиын өтеді. Оған 190-нан астам Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекет өкілдері қатысады деп күтілуде. Халық мүддесiне бағытталған айтулы бес жыл сайын аталып өтеді.

Жалпы, әйгілі оқиғалардың біріне айналған конференцияның 25, 30, 35 жылдық мерейтойлары кітап болып басылып шықты. Бұл басылым бірнеше тілде жарық көрді. Кітапқа БДҰ мен БҰҰ БҚ-ның жаңа басшылары жоғары баға берген болатын. Жалпы, әлемдік тәжірибеде мұндай ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері алғысөз жаза бермейді. Тіпті ғылыми монографияны үшінші рет қайта басу мүлдем кездеспейді. Бұл әрине, еңбек­тің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Кез келген заңнаманың тиімді не тиімсіздігі оның жұмыс істеу барысымен анықталады. Бұл басқосуда алғашқы медициналық көмек көрсету­дің практикалық мәселелері, яғни дәрі­герлердің күнделікті жұмыс барысында ұшырасатын емдеудің жаңа тәсілдері талқыланады. Медико-сани­тарлық көмек көрсетуге енгізі­ліп отырған жаңа заңнамалық өзгеріс­термен таныса алады. Еліміздің білікті, білімді мамандары, сондай-ақ еңбек жолын енді бастаған жас мамандар шетелдің тәжірибелі дәрігерлерімен өзара тәжірибе алмасады. Алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету саласында қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлері әлемде болып жатқан медицинаның соңғы жаңалықтарымен танысады. Осындай басқосулар маман­дардың денсаулық сақтау сала­сын­дағы жаңа тәжірибелермен алмасып, сондай-ақ осы салаға қатысты елі­мізде соңғы жылдары қабылданған заң­дар мен түрлі қаулы-қарарларды да қарастыруға мүмкіндік алады.

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»