Әдебиет • 17 Қыркүйек, 2018

«Мені әдебиетке мұң жетелеп әкелді»

488 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматыда қазақ ПЕН-клубы әлем жазушыларының фо­ру­мын ұйымдастырып, он жеті елдің әдебиетіндегі жүй­рік­­терді жинап, «Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әде­биеттің рөлін» анықтау үшін ашық ойдың аламанын жасады.

Палестина, Марокко, Түркия, Ресей, Франция, Украина жазушыларының ағыл-тегіл ағылшыншасымен айтылып жатқан бүгінгі ғаламдық үдерістегі әдебиеттің орны мен маңызы туралы өткір пікірі жаныңа майдай жағып жатқанда, кешегі ХХ ғасырдың басындағы ойлау үлгісі мен жазу машығынан қол үзгісі келмейтін қазақ әдебиетінің даму, өзгеріс атаулыға үрке қарап тұратын үрейге толы мінезі үшін кім кінәлі деген сұрақ өз ішімізден қоса қабаттаса қойылып отырды.

Шақырылған қонақтардың ішінен өз елінде туып, басқа елде өмір сүретін, шығармасын үшінші бір тілде жазатын жазушыларды көргенде, жаһандану кезеңінің жанды мысалымен алыстан емес, бетпе-бет кездескендей болдық. Біз сұхбаттасқан поляктың бүгінгі ең танымал жазушысы Януш Леон ВИШНЕВСКИЙ де Польшада туып, отыз жылдан бері Германияда өмір сүреді. Кітаптары әлемнің 19 тіліне аударылған. Әр шығармасы үлкен дүмпу туғызады. Көп сыналады және сонша көп мақталады да. Физика ғылымдарының докторы. 

«Мені әдебиетке мұң жетелеп әкелді»

– Пан Вишневский, әлемдік супербестселлерге айналып, сізді әйгілі жа­зу­шы еткен «Же­лідегі жал­ғыз­дық» ро­ма­ныңыздың элек­­тронды нұс­қасын біз де оқып шықтық. Біз­дің ұғы­мы­мыздағы «сал­мақты әде­биет», «дәстүрлі әде­биет» де­ген­ді мүлде теріске шы­ға­ратын бұл шығармадан ұқ­­қа­ным, жаһанданудың кө­мейіне жұтылып кетіп жат­қан барлық ұсақ ұлттардың құн­дылықтары сияқты біз өзіміз жақсы көріп оқыған дәстүрлі әдебиетпен де қош­таса беруге болатынын оңай бағам­дадым. Қандай әдебиет ту­ралы айтып тұрғанымды сіз де жақсы біліп тұрсыз, ол әде­биет шынымен енді жоғала ма?

– Әуелі ол әдебиеттің шын «салмақты» ма, әлде бәрі бір қолдан шыққандай жаңалығы шамалы, қайталана беретін қатардағы көп дүниенің бірі ме, салмағын анықтап алу керек шығар. Мәселе «салмақты әдебиет» деген түсінікті нақ­ты қандай авторлардың құ­райтынында ғой. Мысалы, Аме­рикада нағыз әдебиет деп оқырманы көп танымал әдебиетті айтады. Көп сатылатын, жылдам өтетін, бірнеше рет бірнеше миллион тиражбен қайта басылып шығатын шығарманы нағыз әдебиет деп таниды. Бұл – Америкада.

Кітаптың жетістігін оның қанша тиражбен басылып шығып, қалай сатылатындығы анықтайды деген пікірмен мен де келісемін. «Салмақты әдебиет» деп қатпар-қатпар әлеуметтік мәселелердің астарын ашып көрсететін, сол ар­қылы адамның жанына жылу сый­лайтын, үмітін оятатын, құл­шындыратын, мұң арқылы әлдебір шындықты түсіндіріп беретін әдебиетті айтамын. Тәрбиелік мәні басым. Мен де өз елімде өте танымал жазушы болып есептелемін. Мен де өзімді «салмақты әдебиеттің» өкілімін деп санаймын. Бірақ шынын айтайын, салмақты шығарманың сатылуы өте қиын. Қиындығы шаш етектен. Біріншіден, өте аз данамен басылады. Ертеректе оқырман өз басындағы бақытсыздықты терезенің арғы жағындағы бас­­қаның бақытсыздығымен са­лыстыратын. Ал қазір Поль­шада, Германияда «фэнтэзи» жанры бәрін басып озып, алға шықты. Біздің білуімізде, Еуропада Агата Кристиден кейін бұл жанр ұйқыға кеткендей бар-жоғы белгісіз күйде келген еді. Ал енді ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін қайтадан бұрқ етіп, әдебиет нарығын жаулап алып жатқаны бәрін таңырқатып отыр. Яғни, теле­визиядағы ойын-сауық секілді әдебиетте де көңіл көтеретін жеңіл жанрлар пайда болды.

Мен екі елде де өмір сүретін азаматпын ғой, өзім байқаған тағы бір шындықты айтайын, Германияда да, Польшада да криминалды жанр адам айтса нанғысыз сұмдық сәнді жанрға айналды. Бұл дегеніміз не? Яғни адамдар кітап оқыған кезде әлеуметтік мәселелерден алыс болғысы келеді. Олар онсыз да бұл туралы күн сайын интернеттен оқып, теледидардағы жаңалықтардан естіп, біліп отыр. Ал әдебиеттен көңіл кө­теретін жеңіл дүние іздейді. Қала­сақ та, қаламасақ та бүгінгі оқыр­манның таңдауы осы болып отыр. Ал бұл күресте, өкі­нішке қарай, «салмақты әде­биет» біз ойлағандай теке­тіресе ала­тын салмағын көр­сете алмады.

– Сонда «салмақты әде­биет» болашақта таңдаулы адам­дардың ғана таңдауы бола ма?

– «Салмақты әдебиеттің» беделін, танымалдылығын сақтай алмауының тағы бір себебі, кейінгі толқын оны оқу­ға дайын емес. Күрделі шы­ғармаларды оқу үшін оқыр­манда ішкі дайындық болуы қажет. Деңгей болу керек. Бел­гілі бір мөлшердегі білім қоры болуы керек. Ал қазір әр­түрлі деңгейдегі оқырман талғамы мен мәдениетін бір жүйеге бағындыру мүмкін бе? Меніңше, жоқ. Компьютерлік ойындар ойнау, теледидарда көргеніңді қабылдау қиын емес, ал кітапты оқыған кез­де ойлануың керек. Автор­дың айтқысы келген ойын құ­­рығанда сезуің керек. Дайын­дығы болмағандықтан, «салмақты әдебиет» те бара-бара оқырманын жоғалта бе­реді. Мен де кеңестік дәуір­дің идео­логиясымен өскендердің бірі­мін. Ол идеямен өскендер үшін кітап деген – бәрі, бү­кіл әлемнің өзі болатын, кі­тап – ақпараттың жалғыз көзі бо­латын. Ал қазір ол кітап­тар­дағы шындық басқа, өмір­дің шындығы басқа болып шық­ты, яғни бүгінгі өлшем басқа, ендеше әдебиетке деген көзқарастың да басқаша болуы заңды.

– Сіз қазақ әдебиетімен, оның өкілдерімен таныссыз ба?

– Қазақстанға келер алдында Германиядағы бірнеше кітап дүкендеріне арнайы бас сұғып, қазақ қаламгерлерінің неміс, ағылшын тілдеріне аударылған шығармаларын іздедім. Таба алмадым. Германияға қара­ған­да Польшада бұл мәселе тәп-тәуір шешімін тапқан. Дүкен­дерге кірсеңіз, қазақ, украин, қыр­ғыз ақын-жазушыларының кітап­тарын кездестіруге болады. Қазақстан ғана емес, қазақ әдебиеті де Еуропадан әзірге тым алыс жатыр. Дәл қазір Польшада, Германияда ағылшын тілді әдебиеттің үле­сі басым.

– Барлық посткеңестік елдер үшін ортақ мәселе – кітап құнын жоғалтты. Тура және жанама мағынасында алсақ та бағасы арзандады, оқырман саны азайды, тал­ғамы, оқу мәдениеті тө­мен­деді. Ал Польшадағы әдебиет ахуалы қалай?

– Бізде де тура осылай. Кітап оқу мәселесі бойынша Қазақстандағы статистиканың қандай екенін білмеймін, бірақ Польшадағы статистика адам шошытады. Былтырғы жылғы мәлімет бойынша, 18 бен 25 жас арасындағылардың 37 проценті адам мүлде кі­тап оқымаған. Бірде-бір. Іс­сапарлармен Еуропаны жиі аралауға тура келеді. Ұшақ­­тарда, метроларда, жал­пы қоғамдық көліктерде смарт­фон шұқылап отырған адамды өте-өте сирек көресіз, ондағы адамдар негізінен, кітапқа шұқ­шиып отырады. Польша билігі мұны байқаған болуы керек, қазір қазынадан арнайы дотация бөлдіріп, кітап бағасын арзандатып, көшелерге кітап сөрелерін қойдырып, кітап оқытудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр.

– Поляк қаламгерлері қа­лай өмір сүреді, қалам­ақы­ға күнін көре ала ма?

– Меніңше, қай елде бол­са да, қаламақыға өмір сүру мүмкін емес. Өйткені Поль­шада кітап тиражы 15 000-нан аспайды. Әдебиетке қыз­мет ететін барлық қалам­гер­­дің жағдайы бірдей емес. Тіп­­ті алғаш қолыма қалам алып «Жалғыздықты» жа­за баста­ғанымда, маған Поль­ша­да оқырманнан гөрі жазу­шы көп сияқты көрінетін. Польшада шығармалары есе­бінен қаламақыға өмір сүре ала­тын өте танымал он шақты ғана қаламгер бар.

– Соның бірі – сіз.

– Иә, қаржылық мәселесі шешілген он жазушының бірі – мен. Көпшілігі жанбағыс үшін үкіметтің жұмыстарын істейді, университеттерде са­бақ береді, журналистика­да жүргендері қаншама. Мен де Германияда тұрамын, ғалыммын, оқулықтар, ғылыми мақалалар жазамын. Жалақым да жоғары. Бірақ парадокс мынада – мені ғалым ретінде өз саламда жұмыс істей­тін елу, мықтағанда жүз шақты ғана адам танитын болар, ал жазушылық өнер мені әлемнің миллиондаған оқырманымен таныстырды. Ал жазумен тек қолым қалт еткенде, сенбі-жексенбі күндері, кезекті еңбек демалысы кезінде ғана айналысамын. Бүгінде мені басқа кітаптарымды айтпағанда, бір ғана «Желідегі жалғыздық» асырап отыр.

– Кітаптарыңыз көп тіл­­ге аударылды, аудар­ма мә­­селесіндегі мәң­гілік ди­лем­­ма мынау – шығар­маны бір тілден басқа тілге тәр­жіма­лағанда түпнұс­қаның нақтылығы маңызды ма, әлде көркемдігі басты орын­да тұра ма?

– Мәтіннің әуезділігін, оқы­ғанда кібіртектемей, көзіңді жүгіріп отыратын көркемдікті басты орынға қоямын. «Сіз орыс тілін жетік білесіз, «Анна Каренинаны» оқыдыңыз, «Соғыс пен бейбітшілікті» оқыдыңыз, орыс тілінде жақсы сөйлейсіз, айтыңызшы, мына шығарманың орысша аудармасы жақсы ма?» деп менен жиі сұрайды. «Білмеймін», деймін. Шынымды айтайын, аударма мінсіз болса да, оның жақсы-жаманын бәрібір ажы­рата алмас едім. Өз шығар­маларымның да орыс тілін­дегі аудармасына баға бе­ре алмаймын. Бір білерім, нақ­тылық сапа көр­­сеткіші бола алмайды. Аудар­машы нақтылыққа ғана сүйенбей, кейіпкердің көңіл күйін, жан толқынысын, көңіл күйіндегі әртүрлі реңкті, жалпы шығарманың тынысын сездіре алуы керек.

– Сіз физиксіз, химиксіз, информатик-програмиссіз, жазушысыз, көп тіл білесіз, осынша өнердің ішінен өмір­лік мақсатым деп қайсысын танисыз?

– Бірінші кезекте – ға­лым­мын. Ғылымды жан-жүре­гіммен сүйемін. Ал әдебиетті «жай ғана әуестігім еді» деп айтуға аузым бармайды. Ме­ні әдебиетке мұң жетелеп әкелді. Әйеліммен арада туын­даған қиындыққа одан да күш­ті қарумен қарсы тұр­ғым келді. Мұңға, қайғыға қар­сы күресемін деп жүріп «Жал­ғыздықты» жаздым. Әде­биет жеке өмірімдегі қиын­дық­ты жеңуге көмектесіп қана қоймай, кеңістікке есік ашты. Ғалым екенмін деп, нақ­ты ғылымдардың жабық әле­мінде жасырынып қалғам жоқ. Ендеше, әдебиет – өзім. Ғылым – өмірлік мақсатым болса, әдебиет – өмірімнің мәні.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»