Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Оркестрлер шеруін тамашалады

551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы күні – қала тұрғындарының асыға күтетін айтулы ме­ре­кесі. Қала күнін атап өту­дің алғашқы шарала­рын шаһар халқы қуа­ныш­пен қабылдады.

Оркестрлер шеруін тамашалады

12-13 қыркүйек күндері шаһар өміріндегі шуақты шара­лардың бірі – ашық аспан астында жыл сайын ұйымдас­тырылатын ІХ Оркестрлер фес­тивалі өтті. Қазақ өне­рі мен мәдениетіне қыз­мет етіп келе жатқан ма­ңызды шы­ғармашылық ұжым­дардың, сондай-ақ музыка аспаптарында ойнайтын жеке орындаушылар мен вокал шеберлерінің қаты­суымен екі күн бойына оркес­трлік әуен әуеде қалықтап тұрды.

Сахна төрінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі, Н.Тілендиев атын­дағы «Отырар сазы» академиялық фоль­­клорлық-этнографиялық оркес­трі, Ал­маты қаласы әк­імінің эстрадалық-сим­фо­ниялық оркестрі және Қа­зақстан Рес­публикасының Мем­лекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің бір мезгілде өнер көрсетуі кәсібилікті ғана емес, өнердегі ынтымақты, ұжымдағы өрістеу мен дамуды да әйгілегендей болды. Мерекенің алғашқы күні клас­сикалық музыка әуесқойларына «Күйден классикаға дейін» атты тамаша музыкалық бағдарлама ұсы­нылды. Алғашқыда алыстан қалықтап жеткен музыка үніне елтіп жинала бастаған шоғырдың қарасы сирек болғанымен, кеш­ке қарай шоқтана түскен жүздеген, мыңдаған көрермен Абай ескерткішінің айналасын дүбірлеткен нағыз оркес­трлер шеруін тамашалады. Ашық аспан астындағы кон­церт­те қазақтың аспап­тық және вокалдық классикасының жауһарлары, халық әндері, орыс және еуропалық авторлардың классикалық әуендері, заманауи сазгерлердің шығар­малары, кинофильмдердің саундтректері бірінен соң бірі орындалып жатты. Оркестрлердің сүйе­мел­­деуімен Зарина Алтын­бае­­ва, Жәмила Сер­кебае­ва, Ұл­ту Қабаева, Бақыт Тұр­ма­­нова, Фархат Кубиев, Да­нияр Байжұманов, Нұрсұлтан Ша­тыр­ханұлы сияқты опера, сим­­фо­ниялық саз шеберлері, эс­­тра­да орындаушы­лары өнер көр­­сетсе, «Satzhan project», «Ifly» топ­тарының өнерпаздары да жұл­дызды кешті жарқырата түсті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ