Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Ауылына спорт кешенін салып берді

835 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» турнир­лерінің жеңімпазы, қазақ күресінен Әлемнің төрт дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров туған ауылы – Құндыздыға ерекше сый жасады. Даңқты балуан «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлестеріне 50-ден астам балаға шақталған спорт кешенін тарту етті.  

Ауылына спорт кешенін салып берді

Сонымен қатар Құн­дызды ауылында «Күлдір де күлдір кісінетіп, Кү­реңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екенбіз» деп жырлаған батыр, қолбас­шы Ақтамберді жыраудың кеуде мүсіні орнатылды. Тұ­ғырын қоса алғанда 4 метр­ге жуықтайтын ескерт­кіштің авторы – жас мүсінші Нұрбол Қалиев.

Абай ауданының əкімі Жарқынбек Байсабыров биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 75 миллион теңгеге жуық демеушілік көмек көрсетілгенін айтады. Ал Құндыздыда бой кө­терген спорт нысаны мен жыраудың бюстіне 16 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. «Қайда жүрсек те ту­ған жердің туын биік ұстауға ты­рысамыз. Ұлылар елі­нің тумасы екенімді әркез мақтан етемін. Спорт кешенінің салынуына жергілікті кәсіпкерлер де қолұшын созды, ба­тырдың кеуде мүсінінің қойылуына Ақтамберді бабамыздың ұрпақтары, Дәулет Тұрлыханов ағамыз да қолдау көрсетті. Бұл ауылдан əлі де талай чемпиондар шығатынына бек сенімдімін», дейді Айбек Нұғымаров.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Құндызды ауылы