Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

СҚО-да әр гектардан 62,5 центнерден бидай алынды

502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңғы күндері толассыз жауған жауын  бітік өскен астықты орып, бастыруға біршама қолбайлау туғызып еді; қоңыр күз жаймашуақтық танытып тұр. Диқан қауымына керегі–осы, ауа райының қолайлы болуы.

СҚО-да әр гектардан 62,5 центнерден бидай алынды

Сәл-пәл баяулап қалған науқан қайтадан қызып сала берді. Қазір еш кідіріс жоқ. 4,2 миллион гектар алқаптың өнімдерін жинап алуға  он мыңға жуық әртүрлі маркалы техникалар жұмылдырылған. Жанар-жағармай, жұмыс күші жеткілікті.  Айыртау ауданына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Құмар Ақсақалов  бидай танаптарының әр гектарынан 62,5 центнер ел ризығы жиналып жатқан алқаптарды аралап, күзгі орақтың барысымен танысты. Бұрынғы рекорд 55 центнер болса, биыл жаңартылып,  көрсеткіш 7,5 центнерге асып түскен.

Осындай мол өнімге қалай қол жеткіздіңіздер деген сауалға «Бабық-Бұрлық» ЖШС-нің директоры Сейілбек Махметов жер-ананы мәпелеп күте білсе, жомарттығында шек жоқ, деп  қысқа ғана жауап берді. Сөзге сараң, іске мығым еңбек адамына тән қасиет дерсің. Аймақ басшысы  Қызылжар, Есіл аудандарының егіс танаптарын аралау кезінде бабықбұрлықтардың тәжірибесін үлгі етті. Мемлекет аргарлық салаға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Еңбекақының өсуі,басқа да әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруы астық өндірісінің рентабельділігіне тікелей байланысты. Жұмыс нәтижелігі жергілікті биліктен де сұралады. Басты асыраушымыздың қадір-қасиетін кетірген шаруашылық жетекшілеріне қатаң талаптар қойылатын болады, деді Құмар Іргебайұлы.

Расында да  Төменгі Бұрлық ауылының тұрғындарына барлық жағдай жасалған. Орташа еңбекақы 115 мың теңгені құрайды. Биыл әр үйге орталықтандырылған жылу жүйесі тартылып, жұмысшыларға арнап баспаналар салынуда. «Сырымбет–1» агроқұрылымының басшысы Манат Ғабдуллиннің айтуынша биыл өнім өте берекелі. 6 мың гектар алқаптың үштен біріне майлы дақылдар себіліпті. Гектар берекелігі 18 центнерге жетеғабыл.

 Айыртау–ірі астықты аудандардың бірі. 370 мың гектар жердің өнімін жинап алу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ірі қара малы 52 мың басқа жуықтайды. «Молдекенов» шаруа қожалығының басшысы Жомарт Молдекенов табынды молайту мақсатымен 10 миллион теңге жеңілдікті несие рәсімдепті. Елордалық кәсіпкер Нұрлан Мұхамеджанов сүтті бағыттағы симментал сиырларын өсірумен айналысады. Енді 200 бас қазақтың ақбас сиырларын сатып алмақшы. Алдағы ойы– 17 тұрғыны ғана  бар Красногорка ауылын түлету. Ол үшін жылыжай , тұрғын үйлер салып, оңтүстік жақтан қоныстанушыларды көшіріп әкелмек.

Аудан активімен өткен жиында  280-ге жуық шаруашылықтың  бірсыпырасы  минералдық тыңайтқыш қолданбайтыны, субсидияның тиімді пайдаланылмайтыны айтылды. Мал басы мен жалақыны арттыру, ет, сүт өнімдерінің экспортын ұлғайту тиісті орындарға тапсырылды.

Өңір бойынша барлық дәнді дақылдардың жартысынан астамы бастырылып, орташа өнімділік 15 центнерден айналуда.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы