Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2018

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық Достық үйінде даңғайыр диқан, атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері, қазақтың аяулы қаза Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті. Бұл шара Кәмшат Байқазықызының туғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған замандастары, бұрынғы бірге жұмыс істеген әріптес, еңбек ардагерлері, туыстары мен балалары және жалпы Кәмшатты құрметтейтін жұртшылық өкілдері қатысты.

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті

Кешке қатысушылар алдымен Кәмшат Байғазының өмірі мен еңбек жолын еске түсіретін суреттер көрмесін тамашалады. Апайдың үлкен келіні Ақмарал Жақсыбаева енесі туралы көпшілік біле бермейтін ақпараттарды да ортаға салды.

«Анамыз туралы оның көзі тірі кезінде көптеген фотосуреттер жарияланып жататын. Бірақ қолымызда әлі ешкім көрмеген, анамыздың үлбіреген жас шағындағы суреттері бар. Оны былтыр енем қайтыс болғаннан кейін бір әжеміз әкеліп берді. Көне суретті біз өңдетіп алдық. Сонымен қатар Венгрияда түскен, енем бір венгр баласына кіндік шеше болғандағы суреті де біз үшін құнды» деді Ақмарал.

Ақмаралдың айтуынша, Кәмшат апаның өзінің  қайтар алдында тапсыруымен, ол кісі туралы барлық материалдарды жинақтап, балалары кітап шығару ісін қолға алыпты. Қазақстанда талай қыздың аты Кәмшаттың құрметіне оның есімімен аталғаны да белгілі. Кеште көзкөргендер былтыр ғана арамыздан кеткен қазақтың дана қызы туралы естеліктер айтты. Онымен егіс алқабында бірге еңбек еткен, Меңдіғара ауданының Соснов селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Шабанов толқи сөйледі.

«Менен «Кәмшат Байғазықызы қандай болып еді?» деп сұрайтындар көп. «Ол кісі сен мен мен сияқты өте қарапайым болған» деп жауап беремін. Біз   1972 жылдан бірге еңбек еттік.Маған шаруашылықта трактор айдайтын әйел бар деген соң, өзім іздеп барып танысқанмын. Кәмшат алдымен МТЗ тракторын айдады,оның іші суық, жазда желдеткіші де болмайтын. Кейін оқып, «Кировец» тракторын алды. Өте еңбекқор еді. Ол алқапқа таңертең ерте баратын, содан үйіне түнде бір-ақ қайтады ғой. Кәмшатты барлығы сыйлайтын, алдынан өтпейтінбіз.Ол кісі шаруашылыққа келген К-700 тракторын сынауға да келіскен болатын. Трактор сынып қалып, жиын-терін кезінде жұмыс тоқтап қалғанда, ол кісі Ленинградтағы зауытқа өзі телефон шалып, жөндейтін топты айналасы бір күннің ішінде алғызғаны есімде. Қарапайымдылығы, ізеттілігімен қатар, осындай талапшылдығы да болатын» деп әңгімеледі Анатолий Шабанов ақсақал.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ